Жұбайына бір рет есік қақтырмаған әзиз жан

2

Tazabek M.«Ел анасы» журналының алғашқы номеріне арқау болған Бибіжамал Омарова (Жамал апа) жайлы Мұхамеджан Тазабектің пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар. 

…Алғашқы кездесуден-ақ ерекше әсер алдым. Оны тіпті тілмен жеткізу мүмкін емес. Тура алдымда ақ жаулықты, аппақ киім киген, жүзінен мейірім төгілген, жылы шырайлы Жамал апа тұрған еді. Екі тізесіне екі немересін отырғызып, еркелетіп, бастарынан сипап отырған еді. Сонда асыл ананың өзінше бір тұлға екенін түсіндім. Дәл қазақтың байырғы батыр аналарының жұрнағы еді. Жамал апамен етене жақын араласып, бір кітапқа арқау болатын өмір жолынан хабардар болғаннан кейін жүрген жерімде ол кісіні үлгі етіп айтуды әдетке айналдырдым.

Жетісай өңіріне аты кеңінен танымал Жамал апа жайлы деректі фильм түсірілді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, немерелі-шөберелі, жапырағын кеңге жайған бәйтерек, алтын құрсақты ана.

Мен оның ерекше екпін қойып айтуға тұрарлық мынадай қасиеттерінің астын сызып отыра, баян еткім келеді. Бүгінде кейбір аналар, әйелдер қауымы жылауық, әлжуаз, өзгеге мін артқыш болып кетті. Мұңға батып, еңсесін көтере алмай жүргендері қаншама?! Оларға қол ұшын бере алмай келеміз. Оған еркекті, ортаны, қала берді қоғамды кінәлаймыз. Әртүрлі сылтау айтамыз. Оның өз себептері де бар. Дегенмен, күйеуінен ерте айырылып қалып, мемлекеттен керемет бір қолдау көрмесе де, ешкімге қол жаймай, бір Аллаға сүйеніп, тұқымында бар тектілігімен, тағдырдың қиыншылығына мойынсұнбаған қайсар жандар бар. Толықсыған жас кезінде жұбайынан ерте жесір қалса да, он шақты баланы уысынан шығармай бағып-қақты. Күнін қалай өткізеді, түнде не істейді, ұлдары көшеде қатарластарына қиянат жасап жүр ме деген сияқты ұсақ-түйектен бастау алатын өмірлік тәрбиесіне аса зор көңіл бөлді. Есесі кетіп жатса, кәдімгідей қайрап, артық кетсе, тізгінін артқа тартып, былайша айтқанда, ұлдарын жігіт, қыздарын биязы етіп есейткен. Олардың бәрі өмірге бейім. Алланың берген несібесін лайықты түрде теріп жейтін адам ретінде тәрбиелеген.

Қазіргі қоғамға Жамал апа сияқты аналарды көп насихаттауымыз керек. Бала-шағасына тәрбие бере алмай жүрген ата-аналар аз емес. Әрқайсысында әртүрлі себеп бар, алайда ол сылтау ғана екен. Апамыз сылтауын желбіреткен жоқ. Үкіметке иек сүйемей-ақ, жалғыз қалдым демей-ақ, бар күш-жігерін сарқа жұмсап, Алладан демеу іздеп, күллі балаларын ержеткізді, киіндірді, оқытты. Ұлдарының есімі Қазақстанға танымал. Нағыз азамат деген атқа лайық. Қыздары да мінезге бай, ашық-жарқын, адамдармен тез тіл табысқыш. Перзенттерінің ішінде алабөтен таланттылары бар. Дегенмен, тұтастай алғанда, ешқайсысы жерге қаратып отырған жоқ. Себебі, «Қыранның жұмыртқасы қарда жатып шыңдалады» демекші, бұл кісі балаларын ыстыққа да, суыққа да төзімді етіп, еңбекке де жегіп, бейнетке де сала жүріп, бар мейіріміне шомылдырып жетілдірген.

Иә, ұлды отбасы иесі етіп, өзінің «шағын мемлекеттің» емін-еркін басқаратын қайраткер ету жолында шалыс басып, ал қыз баланы барған жеріне «балдай батып, судай сіңетін» келін етіп өсіре алмай отырғанда мұндай кісілер ғажап үлгі. Бұл – бір. Екіншіден, Жамал апа – тамаша жомарт, қолы ашық адам. Елдің бәріне өзін қарыз адамдай сезінеді. Қараптан қарап отырып, бір қазақтың баласын көріп қалса, соған қалай жақсылық жасасам деп асығатын жан. Бұл тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың абайсызда жоғалтып алып, түгендей алмай жүрген қасиеті ғой. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде сұрасаң қолыңды қайтармайтындары бар еді. Сондай-ақ, сұрағаныңнан асырып беретіндер бар еді. Оған қоса, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахи жомарт еді, ол сұратпай беретін. Бұрын бұл қазаққа жат емес еді. Қазір азайып кетті, тіпті жоқ деуге болады. Егер біреу қиналып тұрып берсе, қуанатын жағдайға жеттік. Жамал апамыз – сол үдеден шыға білген адам. Қашан көрсең сұратпай беруге, қажетіңді өтеп жіберуге асығып тұрады.

Мәселен, мен апамен ұлы сапарда бірге болдым. Қасында жүрдім, қолынан ұстадым, Қағбаны бірге айналдық. Бірге зәмзам суын ішіп, жолда сапарлас болдық. Мен өз анаммен қажыға барғанда қалай қуансам, Жамал апамен барғанда да басымнан  дәл сондай сезім кештім. Тіпті төбем көкке бір елі жетпей қалды деуге болады. Сол сапарда Жамал апа көшеде кездескен жүзі салыңқы, иығы салбыраған кез келген мүсәпірге садақа бере берді. Мына бір жәйт қызық. Ол кісі балаларының жағдайының бар екенін біледі. Әрқайсысына: «Әй, әмияныңды бер, ішіндегісін тегіс бер», – деп еркелей, әрі талапшыл кейіппен ақшаларын алып алады да, Меккедегі бүкіл жұртшылыққа, ол мейлі өзіміздің ұлт болсын, басқа болсын уыстап ақша ұстатты. Меккеге аяғымыз келіп түскенде Аллаға сансыз шүкіршілік етіп, шынайы қуанышқа беріліп, ішкі жан-тәнімен екі қолын қусыра кеудесіне қойып: «О, Жаратқан, аяғымыз тиді мына қасиетті жерге, тиді ғой!» – деп құлшылық еткені жүректі елжіретті, көңілді толқытты…

Мақаланың толық нұсқасын «Ел анасы» журналының 2016 жылғы 1-номерінен оқи аласыздар. (Журналдың бағасы: 350 теңге)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры

elanasy.kz

Discussion2 комментария

Пікір қалдыру