БҰЛАҚ КӨРСЕ КӨЗІН АШУҒА АСЫҒАТЫН

0

«Ел анасы» журналының екінші номерінің «Анаға тағзым» айдарына танымал күйші Мұрагер Сауранбаевтың анасы Мақпал Аманжолқызы жайында берген едік. Қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет атқарған абзал ана жайлы белгілі сатирик Көпен Әмірбек ағамыз ерекше ой қозғаған болатын. Сол мақаладан үзіндіні назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар. 

Kopen aga…Қайран Мақпал, қарындасым-ай! Әдемі еді, ажарлы еді, сұлу еді. Соншама сипаттың бәрі көркінен ғана емес, есілсе жібек, ерісе май болатын көркем мінезінен де көзге ұрып тұратын.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Дүниеде кім күшті?» – деп сұрағанда Алла тағала: «Кім сабырлы болса, сол күшті», – депті. Бұл әфсананы біздің қазақтар «Сабыр түбі – сары алтын» деп мәні зор мәтелге айналдырған. Расында да май гүліндей Мақпал қарындасым мінезге аса бай еді. Сары алтындығы да, саф алтындығы да сыртқа теуіп, сыр аңғартып тұратын.

Қазақ радиосының Бас редакторы боп бес-алты жыл қызмет істеген жылдарымда Мақпал қарындасыммен жиі араластым. Ол Оқушылар сарайының отымен кіріп, күлімен шығатын қызметкері болатын. Жақсы іске жанын салатын, жанып кететін. Қаншама балалардың бағын ашты, қаншама өрендеріміздің өркенін өсірді. Соның бәріне өзім куәмін.

Бір ғана мысал.

Қазақ радиосы мен Оқушылар сарайы бірлесіп «Тайжарыс» атты республикалық өнерпаз балалардың байқауын жыл сайын өткізіп тұрдық. Ұмытпасам, 2010 жылы бұл байқауға әнші, биші, күйші, көркем сөз оқитын мыңнан астам оқушылар қатысып, өз өнерлерін сарапқа салды. Солардың ішінен іріктеп 156 өнерпаз оқушыны Түркияның Анталья қаласында өткен «Арт олимпиа» атты халықаралық байқауға қатыстыруға мұрындық болған Мақпал еді. Мен де жалпы топ жетекшісі ретінде қатысып қайттым. Сонда байқағаным, бұл байқауға Ресей, Армения, Грузия, Әзірбайжан, Саха елі, АҚШ, Моңғолия, Канада, Малайзия секілді елдерден келген өнерпаз жеткіншектердің арасында Мақпал дайындаған біздің қазақстандық оқушылар алдарына жан салмады. Оқ бойы озық болды. Оған дәлел — дүниежүзінен мыңға жуық дарынды балалар өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады. Белгіленген 140 жүлденің 84-ін Қазақстанның жас өнерпаздары иеленді. Міне, Мақпалдың еңбегі деп осыны айт!..

Мақаланың толық нұсқасын «Ел анасы» журналының 2016 жылғы 2-номерінен оқи аласыздар. (Журналдың бағасы: 350 теңге)

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

elanasy.kz

Пікір қалдыру