Құралай Омар: Тағдырымның берген маған сыйы осы…

0

11255822_926283970766571_6063947252841792975_oТыншымадым,
Түйсігімді тістелеп шымшыма мұң.
Хат жазысқан тәп-тәтті сәттерді аңсап,
Еріксіз өксігіме тұншығамын.

Амалымның
Жоқтығынан жүзіме жамалды мұң.
Сағындым ғой, сағындым, ерініңмен
Жасын сүртіп берсеңші жанарымның.

Біледі не?
Жете алмай жүрген жанмын тілегіне.
Мына аяз жауратты, жылытсаңшы
Жүрегімді орап ап жүрегіңе.

***

Жол неткен бұралаң,
Жолыға алмадым.
Өзімді күн сайын алдадым
Келер деп,
Жанымды бақытқа бөлер деп.
Содан соң…тістелді бармағым.
Көтере алам ба салмағын?

Мың батпан сағыныш, күдік пен үмітті…
Түсімде жолығып, өңімде жете алмай
Жүргенім жігерді үгітті.
Іздедім…
Көшелер…хәлді ұқпас біздегі
«Күдерді үз» деді.
Тек жаңбыр аймалап жүзімді
Мен болсам өзіңді өлгенше күтетін
Жапырақ боп кеттім күздегі.

***

Тағы да мұңымды төгемін.
Не үшін жылаймын?
білмеймін себебін.
Еңсемді езгенде өксіктің салмағы
Өзің кеп жұбатсаң деп едім.

Жоқсың сен…көнемін.
Жазмыш қой… көңілдің дегені болмаған.
Хат жазып жіберші…
Халімді сұрасаң, жетеді сол маған.

Үйренгем өзіңсіз өмірге –
Үнсіздік ұғады жанымды,
Қара түн сүртеді жасымды.
…Дәрменсіз екенмін.
Жанамын, күйемін…
Неліктен өзіңнің алдыңда иемін
Тәңірден өзгеге имеген басымды?

***

Жазмыштың құлымыз,
салғанына көндігеміз шарасыз.
Күн дөңгелеп, ай жылжиды жаңасыз.
Жалғыздығым жабықтырды
Іздедім…
Сізді қайдан табамын?!
Мені қайдан табасыз?..
…Тоқыраған көңілімді толтырып,
Тым алыстан қиялымның терезесін қағасыз.
Жанарымда үміт болып жанасыз…
Кім біледі,
Бәлкім сіз арманымда ғанасыз.

***

Арманымның ақ жейдесі шешіліп,
Ақ үміттің қолаң шашы кесіліп
Қалғанына кім кінәлі?
Әлде өзім..
Жолыққаным үшін саған кешігіп.

Тағдырымның берген маған сыйы осы,
Құлазыдым.
Құлатпашы, сүйеші.
Жұмағыма жеткізген сен ғанасың
Сен ғанасың — жүрегімнің иесі.

Деуші едің ғой:
«Жанарыңнан сыр ұғам»
Сағынышым саған қарап ұлыған.
Күйде жүрмін
Көзімдегі алау да
Күте-күте шоққа айналып құрыған.

Құралай Омар, ақын (Негізгі суретке Аңса Мұстафаның картинасы пайдаланылды)
elanasy.kz

Пікір қалдыру