Әйелдің әлемі өзін танудан өзгереді

0

Өз өмірімде ерлермен көптеген қателіктерге жол беріп алдым. Тіпті отбасылық өмірді бастайтын адамды дұрыс таңдай алмай қиналдым.  Қуаныш сыйламайтын қарым-қатынасты қалай реттеуге болатынын бастан кешірдім. Бұндай қиындықтарды бастан кешіруім керек болғандықтан, бәріне төзімім жетті. Қиындықтың бәрі мені басқа қырымнан ашылуыма түрткі болды. Өзімді жетілдіруге, жан-дүниемді байытуға, жазушылық қызметпен айналысуға әкелді. Менің «менімді» жетілдіруіме септігі тиген, білім мен тәжірибемді молықтыруға ықпал еткен адамдардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Тағдыр жолықтырған әрбір ұстаздың арқасында өмірлік мақсатымды айқындадым. Ол үлкен үй, ұшақ, кеме, араптың шейхымен, не әлемді уысында ұстаған олигархпен кездесу емес-ті. Олардан да зоры. Ол туралы тек іштей ғана арман еткем.

Айналама қарап отырып, адамдардың ұлты, жасы, ойлау деңгейіне қарамастан бір нәрсені анық айта алам. Өмірде біз жолықтыратын қиындықтар бірдей-ақ. Басқа түскен қиындық қана жан-жүрегіңе терең үңілтіп, өзіңді ішіңнен тануға ұмтылдырады. Бұған батылы жетпеген адамдар жанындағы серігіне қарасын. Немесе сіздің өміріңізде болған адамға. Оның бойында не ұнамағанын білесіз ғой? Дәл сол қасиет сіздің бойыңызда да бар. Бұл ақпаратты оқыған әр адамның алғашқы әсері: «Мүмкін емес, мен ондай емеспін…» дер. Бұл қалыпты жағдай. Менің де алғаш ойым сол болған. Қорқынышты. Тек мәселені түбегейлі шешкім келген кезде мұхиттың түбіне сүңгуім қажет екенін түсіндім. Кей кездері өзіңді сұмдық жек көріп кетесің, жиренесің. Бірақ нәтижесі тамаша. Даналардың сөзі бар ғой: «Қорыққан нәрсеңді жаса» деген. Сан алуан оқылған кітаптардың бәрі тек тәжірибе ғана маңызды екендігін ғана айтады. Нәтижені тек тәжірибе береді. Қорыққан нәрсеңді тезірек жасасаң, соншалықты жылдам нәтижеге қол жеткізесің. Қайта-қайта сол мәселеге орала бермейсің.

GgU7Hjb08LYАжырасқан кезде мен ол адам туралы, арамыздағы ауыр ахуалға ойша орала беретінмін. Одан пайда жоқ екенін білсем де, өзімді тоқтата алмадым. Бұлай айтпағанымда, олай етпегенімде, бәрі дұрыс болар ма еді деп жанымды жегідей жейтінмін. Біреуді ұнатқан кезде өзіңе сыртыңнан баға беріп, мінезіңді көре алмайсың. Бар түйткіл сен ойлаған нәрседе еместігін тек бәрі өтіп кеткенде ғана бажайлайсың. Не жетпегенін, не артық болғанын сонда ғана түсінесің. Бұл қарым-қатынас саған не үшін берілгенін сонда ғана түйсінесің. Кез келген қарым-қатынас жақсылық үшін беріледі. Жақсылық әкеледі. Қайғың ауыр болған сайын оның берер сабағы терең болмақ. Басқаша болуы да мүмкін емес. Шын қайғыра білген адам ғана өзінің жақсара түскенін, ағара түскенін сезінеді. Алдымен жақұтты іздейді. Табады. Сосын егеп, безендіреді. Сонда асыл тас таза жауһарға айналмақ. Күнмен шағылысып, көз тартатын дүние сонда қолға тағылады. Оған әркім сүйсініп, қызығып қарайтын болады. Әйел де сондай.

Көп әйелдер өзін алдап өмір сүреді. Олар кез келген еркектің етегінен ұстауға дайын. Әйтеуір, күйеуі бар екен деген атты иемденгісі келеді. Ол адамды өзгертіп аласың дейтіндерге сенеді. Осындай  елеспен мен де тұрмысқа шыққам. Ол адамға өзін табуға көмектесемін деген сенімім зор еді. Көп сөйлесетінбіз.Оның жақсы жақтарын айтып, көрсетіп отыратынмын. Өзгер дегенді меңзейтінмін. Бірақ есесіне бұрынғыдан да бетер ыза мен кекшілдікті ғана көрдім. Ол мені сыйламай кетті. «Неге кейбір әйелдер ерлерін өзгерте алады, ал кейбірі өзгерте алмайды?» деген сауал үнемі көкейімде жүрді. Өмірде қиын қарым-қатынастар және ауыр қарым-қатынастар бар. Қай сөзді алсақ, сондай қарым-қатынасты тартамыз. Қиын ба, ауыр ма? Егер бұл қарым-қатынасқа тым көп еңбек сіңіріп, оның бәрі жоққа шығарылса, онда ауыр болғаны. Ұзақ уақыт бойы сан алуан айла-амалды қолдандыңыз. Бірақ жақсылық тек ол адаммен айырылысқан кезде ғана сезілді. Мұндай жағдайда психолог бұл қарым-қатынасты доғаруға кеңес етеді. Сіз кетістіңіз. Біраз уақыттан кейін басқа адам жолығады. Бірақ, бір қызығы оның бойындағы бар қасиет бұрынғы күйеуіңіздегідей. Бұл нені білдіреді? Бұл сіздің еш өзгермегеніңізді білдіреді. Өткен қарым-қатынастан алуға тиісті сабақты түсінбегеніңізді, ол сабақтан екілік алғаныңызды білдіреді. Біздің өміріміздегі сабақтар бізді есейтуге, жетілдіурге, бізді бұрынғыдан гөрі артық болуға бастайды. Сабақтың сіңірілгенін, көкейге тоқылғанын қалай білеміз?

Егер ұстазыңызды алғыспен қабыл етсеңіз, сабақ сіңеді. Шын ниетіңізбен оған бақыт тілей алсаңыз, кездескен кезде ашуланбасаңыз, жылы қоштаса білсеңіз – есейгеніңіз.

Егер ол алда-жалда хабарласа қалса, ешбір әжуасыз әңгіме айтып, кемсітпей, мұқатпай сөйлесе білсеңіз, өткеннің өкпесін ұмытып, адам ретінде қабылдасаңыз, онда есейгеніңіз. Бұл есею тек сөз,  ой деңгейінде ғана емес, сезім деңгейінде де қабылдануы керек.

Одан кек алу, қызғану, көреалмау, оны сағыну, ол туралы қайғыру, өкіну сияқты сезімдер мазаламаса, бәрі өткен шақта қалғаны.

Дәл қазір сізде мәре сызығы. Бәрін басынан бастау мезеті. Менің таныстарымның басынан неше түрлі өтті. Олар «бір суға екі рет кіру мүмкін емес» деген секілді сөздерге мән беретін. Кіреді. Ат баспаймын деген жерін үш басады. Мәселе тек ол қарым-қатынасқа қай жағынан ептілік танытатындығында. Сабақ өтілмесе, санаға сіңбесе, мейлі бұрынғы серігіңіз, мейлі жаңасы болсын, бәрібір сол қателіктер тағы қайталанады. Жан-дүниеңізде қопарылыс болмаса, өмір өзгермейді. Оның берер сыйы да өзгермейді. Ішкі трансформация жүруі керек. Сондықтан бір қарым-қатынастан келесісіне ауыса беруден тиянақ таппайсыз. Адам өзін тани алмай тұрып, өзгеге мін артпауы керек. Өзіңізді дамытыңыз. Рухани жетілуге мән беріңіз. Екі айда адам түбегейлі өзгере алмас. Ал, екі жылда өзгереді.  Сонымен қатар, психологтың көмегінсіз ішкі әлемді трансформациялау мүмкін емес. Рухани әлемге ұмтылу – жоғарыға бастайтын баспалдақ. Көтерілу үшін әр сатысына тоқтау керек. Аттап кете алмайсыз. Дүние есігін дана болып ашқан ешкім жоқ. Тіпті әулиелер де өз баспалдағын жүріп өткен соң ғана парасат пен өзін танудың кереметін айқындаған.

Сол сияқты әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас сан алуан болады. Қиындары да жолығады. Қандай екенін білу үшін ол туралы айтқанда қай сөзді жиі қолданатыныңызды есептеңіз. Қиын деп егер жұптағы екеудің бірінің рухани деңгейі  жоғары болса айтады. Бір-біріне неге өйтеді, неге бүйтеді деген сұрақтар туындай берсе, неге ол мына жағдайда былай істегені түсініксіз болса. Түсінбеген жағдайда міндетті түрде сұрап отыру керек. Сұрамаған кезде арада түсінбеушілік қалады. Сұраққа жауап болмаса, ол басқа жағдай. Сұрамаған жағдайда арада түсінбеушілік, бір екеніңізді сезінбеу пайда болады. Екі араға қабырға қаланады. Соны болдырмау үшін сұрап отырыңыз. Не мазаласа, не түсініксіз болса, бәрін сұраңыз. Арада бос кеңістік қалмасын. Сұрамасаңыз, қабырға биіктей береді, араларыңыз суый түседі. Жұптағы екеудің қарым-қатынасы әңгімесі таусылғанда түгесіледі. Менің ойымда да қарым-қатынас мәңгілік ұғым болған. Ол гүл сыйласа, мен ұл сыйлап өтеміз деген салғырт қағида санаға шегеленген еді. Олай болмай шықты. Әйел ерімен бірге болған кезде де, жалғыз қалғанда да жетіліп отыруы керек. Бірінен екіншісіне секіре беріп емес. Адам жүрегін ашқан кезде рухани өседі. Жүрегіңіз толық ашылған кезде сеніммен сүйе аласыз. Сүю деген есесіне ештеңе тілемеу. Бұл қарым-қатынас емес, ол жанның күйі. Сыртта жауын жауып тұрса да, жүрегіңіз гүлдеп тұра береді. Жаныңыз жай табатын рахат сезім.

Бұрын мен үшін айырмасы жоқ еді. Қарым-қатынасқа дайын болу мен оларды іздеудің маңызы неде деп ойланатынмын. Бұл әйелдің басындағы екі түрлі күй. Іздеген кезде соның әсері сіздің бет-әлпетіңізде жазылып тұрады. Сондықтан сізді көрген жігіттер оңай ғашық бола береді. Жүрек ашылған сайын соңыңыздан жүгіретін жігіттер саны көбейеді. Енесін көрген қошақандар құсап шұбырады. Сіз оларды бұрынғыдай сезіммен өртемейсіз. Жара салмайсыз. Тек жан жылуыңызбен жылытасыз. Мың бір түндегі Шахерезаданың  1001 түннің ішінде қатыгез Шахриярдың жүрегін қалай елжіреткенін енді түсінетін боласыз. Бұл жол – оңай жол емес. Егер өн бойыңыз от болса, сезім су болып байыпты ақпаса, онда қатігез адамның жанын жылыта алмассыз. Тек бір-біріңізді жарақаттап аласыздар. Ең алдымен су болып баяу ағуды үйрену керек. Ойлану, қолдан келгенді жасау, сезіну – әйелдің көзқарасына сай болуы керек.

Қарым-қатынас сіз үшін маңызды болса, ол туралы ешқашан ешкімге ләм-мим деп айта көрмеңіз. Айтсаңыз, сезім суып қалады. Өзіңіз суынып кетесіз. Әйел нәзіктігінен айырылып қалады. Сізге не керегін тек сіз ғана білесіз. Тек сенімді адамға ғана құпияңызды айтып үйреніңіз.

Әйел өзін таныған сәтте ғана өзіне сай сезімді тарта алатын болады.

Ина Смирнова

Арнайы «Ел анасы» журналы үшін аударған: Шынар Әбілдә

elanasy.kz

Пікір қалдыру