Балық етінен жасалған тағамдар — денсаулыққа пайдалы

0

Балық — жер жүзі адамдарының ең сүйікті тағамы. Оны кез келген түрінде тұтынамыз. Талғам -талабымызға қарай қуырамыз да, пісіреміз де, қақтаймыз да сақтап та қоямыз. Балықты өте пайдалы дейміз. Ми жұмысын жақсартатынын да жақсы білеміз. Бірақ бүгінгінің балығы қандай? Расында пайдалысын таңдай білеміз бе? Қонақ алдына қандай балық қоямыз? Ендеше, зерделеп көрейік.

Ашушаңдықтан арылтады

Балық – адам ағзасы оңай әрі тез қорытатын ет. Неге? Себебі балық құрамында өте сапалы ақуыз бар. Осының әсерінен ол асқазанда небәрі 20 минутта қорытылып, қажетті дәрумендерді ішек арқылы қанға таратып үлгереді. Сондай-ақ, балық еті адам ағзасына қажетті барлық амин қышқылдардың көзі саналады. Демек, пайдасы расында да зор. А, Д, Е дәрумендері мен кальций, йод, магний, фосфор және цинк дәрумені бар. Бұл дегеніңіз, балықты тұтыну арқылы ағзадағы қан алмасу жүйесін реттеу деуге болады. Әсіресе қанның дұрыс ұюына жол ашылады. Қандағы «нашар» холестерин жойылады. Құрамындағы йод көзі арқылы қалқанша безінің жұмысын жақсартамыз. Ал қалқанша безінің қалыпты жұмысы — ЗОБ ауруларының алдын алады.

Көздің жақсы көруіне де ықпал ететін тағам. Жүйке жүйесін тыныштандырып, шаршаңқылықпен күреседі. Есте сақтау қабілетін арттырып, ашушаңдықты болдырмайды. Себебі балық етінің құрамында жоғарыда айтылғандай магний бар. Магний — жұқарған жүйке талшықтарын бекітіп, бақыт гармонының белсенді бөлінуіне жол ашады. Сондай-ақ, тері қабатын жақсартып, тырнақ, сүйек және тісті бекітеді. Зат алмасу жүйесін де реттеп, жүрек талмасын болдырмайды.

Арықтағыңыз келсе…

IMG_2849Дәрігер-диетологтар салмақ тастағысы келген адамға міндетті түрде балық етін жиі тұтынуды ұсынады. Оның да өзіндік сыры бар. Балық еті қанықпаған май қышқылының көзі. Ал мұндай май толысуға мүмкіндік бермейді. Қанша майлы балықты тұтынсаңыз да артық салмақ жинамайсыз. Балық жеу арқылы арықтаймын деген адам оны көбіне қайнатып тұтынғаны абзал. Ал майға қуырылған балық дәмді болғанымен, артық калория жинап берері даусыз.

Алайда, балық жеп арықтаған осы екен деп, оны кез келген түрінде тұтына беруге де болмайтынын ұмытпаған жөн. Бұқтырылған (консервленген) балық жеп аза алмайсыз. Керісінше, томат, майға бұқтырылған балықтар түрлі өңдеуден өтіп, ұзақ сақтауға арналған зиянды «химикаттармен» сатылады. Ал бұл дегеніңіз өз денсаулығыңызға өзіңіз қас болдыңыз деген сөз. Шикі балықты 10 минут қайнатып, көбігін алып, көкөністермен бірге тұтыну ең дұрыс әрекет. Арықтағысы келген адам форель, ақ балық, жылан балықты жегені дұрыс.

Омега-3

twinlab-omega-3-fish-oilЕстіген боларсыз, дәріханада Омега-3 деген балық майы сатылады. Капсуладағы сары май. Бұл расында да балықтың өңделген майы. Қара базарда бөтелкеленген түрі де жиі кездеседі. Кеңес заманы кезінде әлжуаз, жиі ауыратын балалардың аузына балық майын тамызу әдісі кеңінен қолданылатын болған. Сол заманның педиатрлары осы әдіс арқылы баланың иммунитеттін көтеріп, ет алуына көмектесіп, жұқпалы дерттерден де айықтырамыз деген қағиданы ұстанған. Бірақ қазір емдеу тәсілі ауысқан. Майды да жиі тамызбайды. Себебі өмір сүру деңгейі жоғарлап, тамақтану үрдісі де өзгерді. Дәруменнің барлығы да қолжетімді. Тек керек деп тапқан жағдайда ғана Омеге-3 пайдаланылады. Балалардың даму үрдісі баяу болғанда, рахит деген ауруды емдеу барысында берілетін дәрі.

Жарайды, енді майдың қадір-қасиеті туралы сөз етейік

Май құрамында аты айтып тұрғандай Омега-3, Омега-6 деген қанықпаған май қышқылдары бар. Мұндай майларды адам ағзасы бөлмейді. Сондықтан сырттан алуға мәжбүрміз. Ол не үшін қажет? Аталған майлар жүрек бұлшықетін нығайтады. Тіндердің жақсы қалыптасуына көмектеседі. Өсіп келе жатқан ағза үшін өте пайдалы.

Балаға балық жегізу қиын

Біріншіден қылтығы бар. Байқамаса қақалып қалуы да мүмкін.

IMG_20140222_183811Екіншіден балықты ұнатып жейтін бала аз. Сондықтан ағзаға қажетті деген заттарды балық майынан алған әлдеқайда оңай. Капсуланы жарып, майын сүтке тамызып бергеннен оңай не бар? Ал ересек балалар майды дәрілік капсула ретінде тұтынуы керек-ақ. Жай күйінде майды іше салатын бала да жоқ қой. Оның үстіне иісі бар. Балаңыздың зейінін жақсартып, есте сақтау қабілетін жоғарлатам десеңіз, әр үй бір айда 15 күннен Омега-3 қабылдаңыздар.

Пайдасы жоқ балықтар да бар…

Мүмкін емес дейсіз бе? Әбден мүмкін. Арнайы балық фермасында өсірілетін балықтардың түкке де пайдасы жоғын Ресей диетологтары мен тағамтанушылары екі жыл бұрын дәлелдеп шықты. Хауыз балықтарына тез өсу үшін арнайы құнарландырылған жем береді, тез семіруге бейімдейді. Ғалымдардың пайымдауынша бүгінгінің балықтары (фермада өсірілген) балық емес. Оларды бройлер балапандарына, яғни тауық етіне теңеуге болады. Сағат сайын өсуге мүмкіндік беретін гармондар мен «тауарлық рең» кіргізетін бояғыштар. Яғни дүкен сөрелерінде көздің жауын алып тұратын қызыл-сары балықтардың дені осы бояуды жеп өскен.

Мұны қарапайым адам, әрине, ажырата алмайды. Арнайы шифрланған белгісін сол саланың мамандары ғана ажырата алады. Мәселен шетелден келетін балық қораптарында #pub=19654/16 деген белгі бар. Бұл дегеніңіз нағыз химия. Әрине мұндай қорапты сіздің назарыңыздан жасырып қалады.

Дегенмен балықтың пайдасыз екендігін оның түр-түсіне қарап қана ажырата аласыз. Тым қызыл сары балық тәбетті ашып, әдемі көрінері анық. Сөзсіз құрметті қонағыңыздың алдына ол қанша қымбат болса да қойғыңыз келеді. Дегенмен бұл балықтан қонағыңыз да өзіңіз де тұз ғана аласыз. Ал қалғаны, тіпті майы да аммиак. Ал сүйексіз балыққа қызығудың мүлдем қажеті жоқ. «Сүйегінен тазартылған» деген жарнамасына да ермеңіз. Балықтың бар қылтығын қолмен аршып отыратын ешкім жоқ. Арнайы химиялық сұйықтыққа батырады да, ерітіп жібереді. Онсыз да құнары шамалы балықтың енді несі қалды деп ойлайсыз? Шабақ кезінен антибиотикке «отырған» балық жүзу қабілетінен де айырылады. Егер сөредегі балықтардың қанаты тым қысқа болса, алмауға тырысыңыз. Қимыл болмаса балық та тез семіреді. Аптасына бір келі қосып отырса, ферманың да кірісі көп болары анық. Қолда бапталған балықтың былығын білетіндер сұр, қабыршағы көп, иісі бар, қанаты ұзынын таңдары анық. Түр-түсі тартымды болғанмен, пайдалы балық жегенге не жетсін?! Сонымен, енді Сіз сыйлы қонағыңызға қандай балық ұсынуды білесіз.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН! Егер балықтың жүзу қанаттары тым қысқа, түсі ашық қызыл-сары, тым майлы болса бұл балық антибиотиктермен, тағамдық бояғыштармен өсірілген. Ал табиғи жолмен өсірілген балық сұрғылт түсті, ең бастысы қанаттары ұзын болады. Ал ысталған және тұздалған балықтың «сүйегінен тазартылған» деген жарнамасы бар болса, алмай-ақ қойғаныңыз абзал. Мұздатылған балықты үйге әкелген соң міндетті түрде ерітіп алыңыз. Мұзы кетті дегенде шанышқымен жаншып көріңіз. Егер суы көп болса балық полифосфатпен өңделген. Полифосфат- су мен дымқылды тез сіңіріп алушы химиялық қоспа. Балыққа қосымша салмақ қосып, артық ақша төлеуіңізге жол ашады. Мұндайда дүкеннен алған чегіңізді сақтап қойыңыз. Қара суға осынша қаржы төлемейсіз ғой? Демек балықты суымен бірге апарып өткізіп, ақшаңызды қайтарып алуға құқығыңыз бар.

Арнайы «Ел анасы» журналы үшін дайындағын: Ақмарал Алтынбекқызы
elanasy.kz

Пікір қалдыру