Әрбір мұсылман ана үшін ізгі ұрпақ тәрбиелеу — үлкен мұрат

0

«Ел анасы» журналы бойжеткен қыздар, жас аналар, жалпы әйелдер қауымының түрлі тақырыптағы сауалдарына жауап береді. Сол үшін арнайы психолог маманның көмегі ұсынылып отыр. Бала тәрбиесіне қатысты маманның пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өзіңізге қажет ақпарат алатыныңызға сенімдіміз.

…Кейбір аналар «біз де өстік, бұлар да өсер…» деп бала тәрбиесіне мүлде көңіл бөлмейді. Ал бір аналар, керісінше, өмірінің басты жұмысы етіп алып, өзін де, баланы да шаршатып қояды; кішкене күнінен «ерте жетілдіру мектептері», спорт, би, сурет үйірмелеріне, т.б. сүйреп әлек болады. Бұлардың пайдасы жоқ деп айтпаймыз, бірақ бала ата-анасының мәжбүрлеуімен емес, өз қалауымен барғаны жөн. Барлық істегідей бала тәрбиесінде де орта болу өте маңызды.
Бала балалық шағында ойнағаны дұрыс. Ойнап жүрген кезінде де, ойнаған болып бір-екі сөзді орысша, ағылшынша үйретсе болады, сандарды, әріптерді кез келген жерде үйретсе болады. Бірақ бұл жерде көп аналар: «Сабырым жетпейді, шаршап кетемін, ашуланып кетемін, ұқпайды», – деп жататындарын естиміз. Ал балаға үйретуде ең басты нәрсе – сабыр екені айдан анық. Неге сізге сабырлығыңызға жете мән бермеске? Бұл, әрине, маманмен қаралатын іс.
12809587_579093892258649_4808796656096299531_nБіздің бойымыздағы жақсы-жаман қасиеттерді байқасақ, бәрі дерлік ата-анамыздан алған қасиеттер екенін көреміз. Баламыз жақсы адам болсын десек, ең әуелі өзіміз жақсы болуымыз керек. Бала – ата-ананың айнасы. Бір кереметі, «балам жақсы адам болсын» деген ниеттің өзі өзімізді өзгертеді.
Бала тәрбиесі – күйіп-пісетін іс емес. Ол ұрыс-керіссіз, мейіріммен, сыйластықпен, сабырмен, сізге де, балаға да жеңіл болуға тиіс.
Бала тәрбиесіндегі ең негізгі төрт нәрсеге мән беріңіз:
1. Баланы жақсы көру, мейірімге бөлеу;
2. Жауапкершілікке үйрету (өз жасына сай);
3. Баланың әңгімесін ықыласпен тыңдау, қызығу;
4. Әдеп, адамгершілік құндылықтарды жұмсақ түсіндіру.
Баланы жақсы көріп, оның әлемдегі ең керемет бала екенін жиі айтқан жөн. Өзіңіз де ойланыңызшы! Жер бетінде қанша адам бар, олардың әрқайсысы өзінше дара, бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан балаңызды «Құдай бере салған күнім! Сені бізге Алла берді. Біз қандай бақыттымыз! Сен адамзатқа керемет жақсылық жасайсың! Иә, Жаратқан, осы баламды, екі дүниеде де қуанышым ете гөр», – деп жиі айтып, құшақтап жүріңіз. Күніне кемі төрт-сегіз рет құшақтап, мейірім көрсетуге міндетті түрде уақыт табыңыз! Көп ата-аналар арасында «Баланы көп еркелетуге болмайды, ерке болып кетеді» деген жаңсақ пікір бар. Біліңіз! Мейірімділік ешқашан артық болмайды! Еркеліктің зардабын көбіне әдеп, адамгершілік құндылықтарын жұмсақ түсіндіруді дұрыс орындамағандар көреді. Мейірімділіктің шексіз болғаны неге маңызды? Мейірімге қанбай өскен бала «кайф» іздейді де, темекі, арақ, құмар ойын, т.с.с. құмарлықтарға тәуелді болып тұрады. Анасы мен әкесінің мейірімі мен махаббатына қанбай қалған бала осы мейірімнің орнын басқадан іздеп адасады.
Мейірім көрмей, керісінше қаталдықты көп көріп өскен бала қатыгездікке жақын болады. Сәби кезінен бастап аналық мейіріміңізді төгіп, балаңызға деген сүйіспеншілігіңізді еш уақытта аямаңыз! Бітпейтін күйкі тіршілікке алданып, балаңыздың сізбен бірге болатын ең құнды уақытын текке өткізіп алмаңыз. Балаларыңыз қос дүниенің қуанышы болсын…

Мақаланың толық нұсқасын «Ел анасы» журналының 2016 жылғы 1-номерінен оқи аласыздар. (Журналдың бағасы: 350 теңге)

«Ел анасы» журналының отбасы мәселелері жөніндегі
психолог-консультанты Ділдә Досымханова,
elanasy.kz

Пікір қалдыру