Флора Қайнұллақызы: Сырт көз қазақтың қазақ екенін, үстіндегі киімі арқылы таныса деймін

0

«Ел анасы» сайтына мына бір сұқбатты беруді жөн көрдік. Осыдан бірнеше жыл бұрын алынып, еш жерде жарық көрмеген келелі әңгіменің келер ұрпаққа, әсіресе, өз кәсібін бастасам деп жүрген жастарға ой салары анық. Тағыда қайталап айтамыз, бұл мақала осыдан бірқанша жылдың алдында алынған.

elanasy.kz

Flora
Флора Қайнұллақызы, «Бәйтерек» ұлттық нақыштағы фотосалонының директоры

Абай даңғылының бойында орналасқан, сырты әйнектен жасалынған бір ғимараттағы қазақтың әдемі ұлттық киімдері мен бұйымдары, ыдыс-аяқтары өткен-кеткен жүргінші көзінің жауынын алады. Мұндағы ерекшелікпен жақын таныспаққа, ішке ендім. Сөйтсем, жақсы істі дөңгелетіп отырған, Қытайдан келген қандастарымыз екен. Бәлкім, отарлық езгі біздің бойымыздағы күрескерлік қасиетті жойып тастаған ба, әйтеуір ұлттық құндылықтарымызды дамытуда осы қандастарымыздың үлесі әлдеқайда жоғары. Күні кеше, қазақтың ұлттық «Қара жорға» биімен 14 мың қандасымыз, күллі әлемді тамсандырып, рекордтар кітабына енді. Біз 500 домбырашының басын қоса алмай әлек болып жүргенде, Қытайдағы өресі биік ағайынның 10400 домбырашысы бірігіп, бір мезетте бірнеше күй орындап, тағы да әлемді аузына қаратты.
Құндылықтарымыздың қаз басуына, Фарида Мерхамитқызы, Бахаргүл Төлегенқызы секілді іскер ханымдар да өз үлесін қосуда. Ал енді осы қатарды толықтыруға, бүгінде «Бәйтерек» суретке түсіру орталығының директоры, Флора Қайнұллақызы келіп қосылғандай. Қазақы бояуды бұл салада да көрсетуге болады екен. Оқырмандарымызды осы істің мән-жайымен таныстыру үшін Флора ханыммен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Өмірбаяндарыңызға қарап отырсам, Қытайда сіздер ІІ-дәрежелі өнер қайраткері атаныпсыздар, жұбайыңыз Мәди Ақышұлы — мәдениет үйінің директоры, өзіңіз балалалар ойын-сауық үйірмесіне жетекші болыпсыз. Ата-жұртқа оралғанда Ұзынағаш ауылында тұрдыңыздар ғой. Қиындықтар туындады ма?
— Ауылда тұрсақ та бізді ауылдағылар құрметтеді қадірледі. 6 жастан 12 жасқа дейінгі қаншама балаларды тәрбиеледім. Олардың барлығы қазір, Алматыда өнер мектептерінде оқып жүр. Бұл жерде нағашымыз бар болатын. Анау айтқандай қатты қиыншылықтар көре қойған жоқпыз. Өзі жақсыға бір кісілік орын бар ғой қай қашанда. Бәрі жылы шыраймен қарсы алды. Ата-жұртқа деген сағынышымыз бар қиындықтарды жеңіп кеткен сияқты. Өнерде болғаннан кейін көп ақшалы болмаймыз ғой. Тапқанымызға киім киеміз, концерттік сапарларға шығамыз. Аз ақшамен алғаш Алматыға келдік те, үй ала алмай қалдық. Сосын ауылға кетіп қалдық. Ауылдағы «Жас ұлан» өнер мектебінде хореограф қызметін атқардым. Қалада өскен ұл-қызымыз ауылда тұра алмады, қалада жүргісі келді. Сосын Алматыға келдік. Істемеген жұмысымыз жоқ. Түк қиналмадық деп айта алмаймын. Қытайда өмірбойы өнермен айналысып жүргеннен кейін, басқа жұмысқа тез үйренісе алмайсың. Нан, булочка, торт та пісіріп саттық. Нан сатып жүргенде мектептің мұғалімдерімен таныс болып, «сіз өзіңіз әртіске ұқсайсыз ғой» — деп айтатын, оның үстіне біздің үйде домбыра, пионино, т.б. өнерде болғаннан кейін барлық музыка аспаптары болды. Сосын сенбі, жексенбіде ән айтып шырқатамыз.

— Қазақстанға квотамен келдіңіздер ме?
— Квотаны алмадық. Оны жасап, алып берем деп біреулер бізді отырғызып кетті. Алу ойымызда болған емес. Отанын аңсап келген әр бір қазаққа оны алудың да қажеті жоқ.

Baiterek2— Бизнестің бұл түрімен айналысуға не түрткі болды?
— Мен бала кезімнен фотоға әр нәрсені түсіруге әуес болдым. Өзім суретке жақсы түспесем де, сұлу қыздарды, әсіресе балалар ойын-сауық үйірмесінде жүргенде балалардың тәтті қылықтарын суретке тартып жүрдім. Жақын ағамыз Дүрбілжін ауданында, Шәуешекте төрт көшенің қақ ортасында төрт фотосалон ашты. Сол іске мен де атсалыстым. Қорықпай, қазақша үлгіде қылып фотосалонның жұмысын дөңгелетіп әкетіп жүрдік. Қытай дамыған мемлекет қой, мұндайдың неше түрлісі бар. Біздің түсірген жұмыстарымыз Қытайда газет-журналдарға шығып тұрды. Басында қазақша 2-3 қана киімдер болды. Қазақы рухымыз да жоғары, алғашқы жұмыстарымызды Қытайдағы қазақ мектептеріне барып бастап кеткенбіз. Кейін ол салон үлкейіп біз болжаған биіктерден де асып кетті. Қазақтардың бәрі соған баратын болды. Қазіргі таңда үлкен жер, үй алып, ол жақтағы туыстарымыз қазақы айшықтағы фотобизнесін дамытып жандандырып отыр. Баласы да сол жолды қуып, Алматыға Өнер академиясына келіп емтихан тапсырды. Диктанттан екі алып, суреттен бес алып академияға түсе алмай, Пекинге қайта оралып сол жақтан оқып келді. Миллиардтаған Қытайдың арасында қазақ баласының алған дәрежесі өте жоғары. Бірінші дәрежелі жүлделері де бар. Қазіргі таңда ол бала біздің фотосалонда қызмет атқарып жүр.

— Мұнда қандай мамандар қызмет атқарады?
— Қазір қол астымда 8 адам бар. Күйеуім және бір бала суретке түсіреді. Арнаулы кір жуып, үтіктейтін бір адам бар. Рамкасын, альбомын жасайтын бір адам, компьютерде төрт адам отыр. Сұлулық фотосалоны болғаннан кейін мен барлығын қосып отырмын. Өйткені оған барлығы керек. Макияж, шаштараз т.с.с. дегендей. Суретке түсірер алдында барлық адамдарға макияж жасаймыз. Бәрі де арнайы мамандар. Ұлттық киімдерді өзіміз жобалап, Қытайдағы қандастарымызға тапсырыс береміз. Еліміздегі қазақша киім тігетін орындарда оюлары аса жақсы, дұрыс емес.

Baiterek3— Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мына ісіңізді дамытуға қандай кедергі бар? Немесе керісінше. Бизнестің осы түрін алға жылжыту үшін не істеу керек? Біздің елімізде не жетіспейді?
— Мына сұрағың маған өте орынды қойылды. Қазір «Бәйтерек» Абай даңғылынан көшіп кетті. Ол орынды жалға алған болатынбыз. Ғимарат сатылып кеткенде жаныма қатты батты. Өзіңде жеке бір үй болу керек па деп ойлаймын. Біз ашылғалы екі жылда жеті рет орын ауыстырдық. Қазір тұтынушыларымыз телефонмен іздеп тауып алады.Үкіметке «маған жеке бір ғимарат сатып алып бер» деп айтпаймын. Бізге бір мүмкіндік беріп, мысалы мынау ғимарат үкіметке тиесілі болса, маған жалға беріп, сосын мені ешқайда қуаламай, біреу босатыңыз, сатылып кетті демейтіндей, үкіметтік аренда болса, ары-бері көшіп жүрмей бір орында отырып ісімді дамытып алға жүргізссем, сондай жағдай біздің елде жасалса деп армандаймын. Жұмыстарымыз ұлттық нақыштармен өрнектелген. Абай даңғылы мен Абылай хан көшесінің қиылысында, яғни орталықта тұрғанда қанша кісі разы болып, батасын берді. Ісімізге риза болған келушілер алғыс хат жазатын кітапшаға лебіздерін білдіріп кетеді. Мен өзім мұны күтпеген едім. Алғаш рет бір үлкен кісі алғыс хат жазатын кітапшаларын бар ма? — деді. Жоқ мен оны дайындаған жоқпын десем. Әлгі ата мен апа өздері сатып әкеліп жылы пікірін жазып, батасын берді. Осындай ықыласты көргенде біртүрлі жылағың келіп кетеді екен. Өздерің кәрістердің киноларын көп көресіңдер ғой. Той жасағанда олар ұлттық киімдерімен түседі. Той күні кішкене балаларға да кигізіп, артынан жүргізіп қояды. Кішкене балаларға қалатын әсері, ол дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деген сөз. Мен кәріспін, мен қытаймын деген сияқты мақтаныш сезім болады. Сол сияқты қазағымыз да басқа уақытта кимей-ақ қойсын әр-түрлі тойларда, мерекелерде киіп, суретке түсіп, салт- дәстүрімізді ұмытпаса екен. Мен осы жолда қызмет атқарып келемін. Менің мақсатым сол. Тәуелсіздік алдық қайтадан ұлттық құндылықтарды жандандыруымыз керек. Зиялыларымыз Бекболат Тілеухан, Мұхтар Шаханов сияқты ағалар, жұмыстарымызды көріп қуаттады. Кейде менің бәсекелестерім келіп, маған «сен неге арзан істейсің бағаңды көтер» — деген сықылды сөздер айтады. Сен орыссың мен қазақпын, мен қазаққа қызмет етемін деймін. Атажұртқа келдік қой, бәйтеректей қаулап, биік өсіп, тамыр жаяйықшы деген ниетпен фотосалонның атын «Бәйтерек» деп қойдық.

— Қарап отырсам, бұл істі қолға алып дамытуда алға қойған мақсаттарыңыз көп сияқты…
— Сұлулық фотосалоны болғандықтан, ұлттық бояуға қаныққан халқымыздың барша әдемілігін, дәстүрін сурет арқылы көрсеткім келеді. Оюлы текеметтер, кестелі орамал, жасанды түріндегі құрт, ірімшік, қымыз қымыранды қазақы дастарханға қойып, сүретке түсіру жұмысын қолға алып жатырмын. Көшеде, жұмыста киіп жүре алатындай ұлттық киімдеріміздің заманауи үлгісін жасаудамын. Сырт көз қазақтың қазақ екенін, үстіндегі киімі арқылы таныса, осы істе еңбек етіп жүрген менің арманым болмас еді.
Әңгімелескен

Айдана Әбдірахман
elanasy.kz

Пікір қалдыру