Алты қатын

0

Бұл хикаяны бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ұлжалғас әжеміз әңгімелеп беріп еді.
«Отызыншы жылдар, Нарынқолдың қазіргі Талас ауылы. Колхоз «қайтсең де жүн өткізесің» дегенде кейбіреулер үйіндегі көрпесін сөгіп, ішінен шыққан жұрқасынды беріп құтылған кез екен.
Тәркілеуден қорыққан малдылар Қытайға көшкенде көбі бар мүлкін бір-ақ әкете алмай қалды. Сонда атамыз Мұқаш бір үйін тастады. Оған ие қылып тоқалын бірі жеті, бірі екі жасар баласымен қалдырды. Өзі арғы бетке жетіп, қоныс тауып орнығады. Сөйтіп, мұндағы тоқалын балаларымен алып кету үшін бірнеше адаммен кері қайтады. Жетеді. Жетеді де қарағай ішінен етекке көз салады. Үй орнында, бала-шаға аман. Бірақ бірден бара салуға қорқып, түнде бір адамын жазықтағы ауылға жібереді. Сөйтсе, мұны аңдып отырған қарулы топ бар екен. Солардан қорқып тау ішінде біраз күн жатады. Күн де суытады. Ақыры амалы құрып қайтадан Қытайға кетеді. Жас тоқал екі жас баламен қала береді. Қыс түседі. Тастап кеткен бір-екі ешкі баяғыда суалған. Еті де желініп болған. Әлгі шешеміз түнде жасырын аңызға түсіп қар астында қалған масақты жинайды. Және оны күн шықпай түйіп алады екен. Күндіз біреу-міреу кеп қала ма, келмесе де келінің дыбысын естіп қоя ма деп қорқады да. Айтып отыратын. «Аз талқанның қоюы кесе түбінде қалсын, балалар сұйығын ішсін деп сәл тұндырып берем. Сонда осы Төкен (екі баланың үлкені) қанша ұрыссам да кесені шайқап жіберіп түбіндегі қоюымен ішіп қояды» деп.
Қыс та бітуге айналады. Қалып қойған тағы 5-6 қатын бар маңайда. Шешеміз ауық-ауық соларға барады. Басында мұң-зар айтысады. Кейін не істеймізге келеді. Ақыры күн жылына көшкендердің артынан шығысқа қарай жаяу кетпекке келіседі.
Сонда мамыр айы екен. Алты қатын үш бала таң ата шешеміздің үйінен жолға шығады. «Осы дүниеге бола тастап еді. Енді ұстағанның қолында кететін болды. Бәрін әкеткің-ақ келеді, амал жоқ. Әр мүлкімді бір-бір сипап үйден шықтым. Тоқтаған сайын артыма қараймын. Бір үлкен төбенің үстінен ары асарда соңғы рет бұрылғанымда, алыста жападан-жалғыз қалып бара жатқан ақ үйді көріп көз жасымды тоқтата алмай бір жылайын» деп еді жарықтық.
Сонымен бұлар күншығыс жақтағы Айғайтасты бетке алып жүре береді. Араға алты қонады (Тек жазықпен төте жүргенде атты адам ауылдан Шәлкөденің орта тұсына алты сағатта жетеді. Бұл шамамен 45 километр жер. Ал Айғайтастың ар жағындағы шекараға жақын Бөдеті деген жайлауға дейін тағы сонша жүреді деп естігем. Арғы жылы шілденің ортасында Шәлкөдеге барып, шатыр тігіп үш күн жаттық. Түнінің суықтығы сондай далаға Алматыда қыста киетін киіммен шығатынбыз). Жетінші күні адасып Ойқарағайдың бір сайына түсіп кетеді. Сол жерде бір келіншектің екі жасар баласы өледі. Оны қарағайдың түбіне жасырады да дұрыс жол іздеп қайтадан шығады. Сөйтіп, келе жатса бір сайдың ішінен үш салт атты шыға келеді де бұларға қарай тұра шабады. Қазақ ұқпайтын бір тілде айғайлап, бір жаққа қарай айдай жөнеледі. Ақыры, сол маңнан бір тамға алып келеді. «Үш қалмақ» бұларды сол жерде тонайды. Алтауы да байдың тоқалы, біраз нәрсе алды ғой енді… Біздің шешеміз жолға шығардың алдында бір тай тұяқ күмісті балғамен таптап-таптап жұқартып алған екен. Үйге кірген бетте қалмақтың көзін ала беріп соны табанының астына салып жібереді. Сонымен не керек, үш қалмақ өз жөніне, біздің алты қатын өз жөніне кетеді. Біраздан соң ел кезіге бастайды. Сұрастырады. Тағы бірнеше күннен соң «Сәбеттен байларын іздеген алты қатын келе жатыр» дегенді естіп алдарынан шыққан күйеулерін табады.
Сөйтсе, мұндағылардың да жағдайы нашар екен. Бар малдан айырылған. Сонда бір әулетті асыраған әлгі жапырған тайтұяқ күміс болды. Оны Мұқаш атам бес сиырға айырбастады.
Мұқаштың бәйбішеден туған баласы Мекен – менің қайынатам. Сол кісі «Байдың баласы едім. Бірақ сол байлық маған азаптан басқаны көрсетпеді. Заманың тыныш болса, байлық деген сол екен» деп отыратын балаларына.»

Ержан Әбдіраман

elanasy.kz

Пікір қалдыру