Қыз тәрбиесі — ұлт болмысының тірегі

0

Азаматтың асыл қазынасы – жанындағы жары. Жарын жанынан жақсы көретін азаматтарымыз сонау Төлеген мен Қозы, Мәжнүн мен Қалқаман өз сүйгеніне адал болған. Кейінгі Абайдың Тоғжанға деген ұлы сезімін Әуезов шығармасынан білеміз. Төлегендер мен Абайдай аптал азаматтарды дүниге әкеліп, бір заманды екінші заманға жалғап бүгінгі өркениетті дәуірге жеткізді.
Алтын құрсақты аналарымыз – қазақ халқын көбейтуге үлкен көмегін тигізіп жатса, сол асыл жандардың қазақи тәрбиесінен шыққан ибалы қыздарымыз жанымызға шуақ беріп, сұлулығына тәнті етіп, өмір сүруге қуат берері даусыз.
Қазақ тарихына қасірет болған Кеңес үкіметі кезеңіндегі орыстандыру саясатының әйел психологиясына да әсері аз болған жоқ. Қазақи менталитеттің, ұлттық тәрбиенің сонымен қатар тіліміздің екінші орынға ығыстырылып, санамызда орыс психикасы қалыптасып кеткені жалған дүние емес.
Ұлтжанды азаматтарымыз қайсарлықпен желтоқсанның ызғарына төтеп беріп, тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жинай бастағанда, жаһанданудың жалыны ұрып, Батыстың былапыт тәрбисі қоғамымызға сұр жыландай ентелеп келгенде, Домалақ ананың тәрбиесін білетін, қазақ әдебиетінің шығармаларындағы тұнып тұрған қыз тәрбиесін көзбен көріп, құлағымыз ести тұра, сұлу да қылықты, ақылды да биязы қыздарымызды батыстың батпан құйрығына беруге хақымыз да жоқ.
Біз бұл масқараның толық мазағына ілініп кетпеуіміз үшін, тәрбинің түп-тамырынан айрылмай қармануымыз керек. Ал, тәрбиенің түп-нұсқасын – ауыл деп білеміз. Мәдениеттің, өнердің күре тамыры ауыл десек, оларды бір ортаға ұйыстырып, маман етіп дайындайтын орта – қала. Ауылдың тәлімді тәрбиесін алып шыққан аруларымыз қаланың қараңғы көшелерінде қаңғырып, сайтанды көшелерінде сайрандап жүргендеріне кім кінәлі? Осыны көріп, тәрбие берген ауылың осы ма дейтін шығарсыз?!
Жоқ, бұл да Батыстың ашық шабуылына мойынұсына бастағанымыздың белгісі. Батыстың қарымы қатты болғанымен, қазақ даналығы қандай қиын кезеңде де адалдықты таңдап, оң жолды тауып келген. Осы заманда да бұл жараның дауасын басқа жерден іздемей, өзіміздің менталитет пен қазақи тәрбенің бал-бұлағынан табуымызға болады. Яғни, қазақ қызының тәрбиесіздігі – қазақ қоғамының кертартпа жағы, ал бұл керісінше болса, біз өзімізше жаңа жаһандану жүйесін қалыптастырар едік.
Анамызды аялап, қызымызды мәпелеп өсірген дана халықтың ұрпағы болғандықтан, адамдықтан аттап, оғаш әрекеттер жасау – жүрегі қазақ деп соғатын қай жанның болмасын қолынан келетін іс емес. Анасының ақ сүтін бағалайтын, анасының тәтті арманын орындауды армандайтын әр бір ер азамат қыз атаулының көз жасына қалғысы келмейді. Қарындасы мен әпке тағдырын соның көрінісімен салыстырады. Міне, сол адам ғана анасының ақ сүті мен арманын аз да болса атқарғаны болып есептеледі.
«Қыз жанының нәзіктігі қылмен тең.
Ол үзілсе, жанымызда жүрген жынмен тең»
Қыздың нәзіктігі еш уақытта жоғалмақ емес. Күзде жапырақтың сарғайып, оның жерге түскенінің өзі ойландыратын — терең ойлы, ақылды да парасатты, ибалы да сымбатты қыздарымыз қай ортада болмасын көрініс табары сөзсіз. Егер «Ибалы жерде иман бар» десек, ибаның өзі де қыз-келіншектердің бойынан табылатын қасиет.
Қыз теңеуі әрқашан — гүл емес пе? Оның нәзіктігінің үзілгені былай тұрсын, солуының өзі есі бар жанды ойландырары хақ. Гүлдің — бір солса, бас көтермейтіні сияқты, қыз жанының да сезімнен немесе басқа нәрседен көңілі қалса, оған қайта қарауы екіталай, қараған күнде де, оған деген көзқараста нәзіктік деген атауымен болмайды. Сондай нәзіктігіне қарамастан, әйел адам — Аллаһ жаратқан дүниенің, ер азаматқа берілген сыйдың ең маңыздысы. «Әйел — адамды бесігінен бастап баулиды… Өмірдің ірге тасы солардың қолымен қаланады» — дейді, Пирогоров.
Аңыз-әңгімелерге де, жыраулар дастанына да сүйенетін болсақ, біз екінші жұбымыздың қай қоғамда болмасын орасан зор орын алатынын шынайы сезінеміз. Тектілігі мен көрікі арқылы халық аналары батыр, қолбасшы, хандарымызға әр кез жандарына шуақ, жауға шапса қуат болып отырған.
Ары мен ұяты қызының тәрбиесінен көрінетін қазақ халқы жырына да, өлең-дастандарына да әйел тақырыбын арқау етіп отырған. Жыраулар дастанына сүйенетін болсақ, 1748-1819 жылдар аралығында өмір сүрген Шал ақынның (Тілеуке Құлекеұлы) өлеңдерінде қыз бен әйел тақырыбы кеңірек талқыланған:

Ерімнің бір тұрманы үзеңгісі,
Қыз он бесте келеді түзелгісі.
«Аяғын көр, асын іш» деген сөз бар,
«Шешесін көр, қызын ал» сол белгісі.
Он бес жастан бой түзеп, ісінің тиянақтылығы да көрінетінін және оның алған тәрбиесі шешесіне тікелей байланысты екендігі айтылған.
Ал, қазіргі қыз тәрбиесі қазақ қоғамында қандай мағынаға ие?
Біз қазір, шындығына келгенде, тарихымызды бойлап, болашағымызды ойлап тәрбие беріп отырғанымыз шамалы. Қыз көрінісінің әсем бейнесімен жан сұлулығын тереңде жатқан тарихымыздан танимыз. Қыз тақырыбын тарихымызды ашып беретін де, қандай бастаудың ағыны екенімізді көрсететін де – жыраулар дастаны.
Қазіргі отбасыларда қыздың қылығы мен тәрбиесі емес, оның жұмыс істеп ақша тапқаны көбірек қызықтыратынға ұқсайды.
Мүмкін жақсы жерге барып тәрбиесін түзеп алар. Ал, жары тәрбиесін түзеуге шамасы келмесе ше? Онда ол отбасының елге мазақ болғаны. «Жаман әйел алғанның-жауы үйінде, жақсы әйел алғанның-тойы үйінде»-дейді Шал ақын және келін көрінісін былай көрсетеді:

Келін жақсы болса –
Үйіңе кісі көп келеді.
Келін жаман болса –
келген кісі кеткісі келеді.
Ас құй десең төккісі келеді,
Төкпей құй десең сөккісі келеді.
Мұндай жаман келіннен кім дәмелі дейсің? Алла сақтасын, ертең қызың осындай болып шықса, әлбетте сен өзіңнен көрмейсің. Қызымды беріп едім, болған жаман қылықтарға сен кінәлісің деп, күйеу баласына ренжитіндерді қайтеміз?! Міне, мұның бәрі ойланып келгенде, қыз тәрбиесінің тамырын қатайтпай, келісті жеміс ала алмайтынымызды көрсетеді.
Әрине, қоғамымыздың жарасы әйел екен деп, әйелден безуге әсте болмас. Безе алмаймыз да! Біздің — әйел затына мұқтаж жақтарымыз одан да көп. Кез келген құбылысқа бір жақты қарауға болмайтыны секілді, Алланың берген сыйына еркектер оң көзбен қарауға тиіспіз. Ертеңгі күні сол азаматшаларға жасаған жақсылығымызға орай сый, оғаш қылығымызға сай сыбаға күтетінін естен шығармау керек.
Жиырмаға жеткен қыз кәрі болар,
Өңі кетіп, шырайы сары болар.
Ер елуге жетсе де айыбы жоқ,
Әр уақытта біреудің жары болар.

Қыз он беске жеткенде мау тартады,
Ата менен енеге жау тартады.
Екі көзі ел көшсе төңіректе,
Шарасыздық күнінен жүк артады…..
Шал ақын бұл жерде, қыз жасының тұрмысқа шығатын уақыты жиырмадан аспау керектігі және он бес жастан бастап ата-анадан бөлектеп, қылығы көшеде болатынын аңғартады. «…Қыз мұраты — кету» — деп, халқымыз мүмкіндігінше, қызын уақытында ұзатуды көздеген. Қыздарын тәрбиелі де инабатты өсіріп, жақсы жерге баруын қалаған, бір-бірін жақсы танитын кісілер сәби туылғанда ұлына қызын айттырып қойған. Өсе келе қыздың тәрбиесіне таңданып, сұлулығын таңдап, құда түсіп алатын болған. Оны «Қыз сыны» өлеңінен көруге болады:
Қазақ қызының келбеті келісіп, келін болып түскендегі басты мақсаттары да ақынды бей-жай қалдырмаған:

* * *
Көшкенде көлік болмас түйе алдында,
Еруде сауын болмас бие алдында.
Ақырған аждаһадай аю келін,
Біз түгіл, Құдайынан ұялды ма?

Келінде де келін бар – сара келін,
Кей келін — ас бермейтін қара келін.
Кез келгенге түсіріп құрмет еткен,
Анамыздай болмай ма мына келін?!
«Жақсы әйел-ері ұялар іс қылмайды» — дегендей, парасатты да, ақылгөй әйелдер қай жерде болмасын ұстамды, ибалығынан таймайды, еріне жаман ат әкелмейді. Жақсы отбасы, жақсы әйел мен жаман әйелдің қарама-қайшылығы жайында әдемі келтіреді:
Жақсы әйел бойын түзеп сылақтайды,
Өз байынан басқаны ұнатпайды.
Үйіне мейман түссе, хош келдің деп,
Еш адамнан рұқсат сұратпайды.

Жаман әйел байымен ұрысады,
Мейман келсе, қабағы тырысады.
«Бұл үйден шай ішкенмен, оңбассың» деп,
Мейман байғұс басқа үйге жылысады.

Жақсы әйел дәулетіңе жөн келтірер,
Әйелің долы болса, күнде өлтірер.
Жақсыдан жаман туған бала болса,
Атаға үйде жатқан сөз келтірер.

Жақсы әйел айтқан сөзді кектей қоймас,
Осал жігіт әйелге беттей қоймас.
Жауыз қатын қабаған ит сияқты
Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас.

* * *
… Біздің «Шал» деп қояды тоқал атты,
Тоқалменен болмассың махаббатты.
Қиғаштап ала көзбен қарағанда,
Ұрғаннан болады екен ол да қатты…

Кез болса, ер жігітке жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын.
Жаман болса, өз қылған істерімен
Еріне қалдырады жаман атын.

Жақсы сол – ерін күліп шаттандырса,
Атқарып тапсырмасын мойнына алса,
Ері жоқта күйзелтпей шаруасын,
Ағайын, көршілерін жадына алса.
Сапардан ері келсе үйге кіріп,
Жылы жүзбен қарсы шығып, қолын алса.
— деп, әйелдің жақсысы мен жамандығына тоқтала өткен. Тәрбиенің басты құралы қай заманда да ана болса, қазақ тарихының қай парағын ашып қарасақ та әйел келбеті шығатынын байқамаймыз. Өйткені, әйел аты нақ өзінің атауымен аталмағанымен, ертедегі Әл-Фараби, кейінгі ғасырдағы Абай, Шоқан сияқты сан жетпес ғұламаларға берген тәрбиенің иесі ана екені белгілі. Ананың ақ сүтімен берілген тәрбие, қанында бар тектілік, әйелдің ақ көңілінен берілген өнеге — перзентінің дана болуына септігін тигізген әсерінің ең бастысы. Әр заманда жыраулар мен ақындар туындыларында әйел мен қыз тәрбиесі ұғындырылып, біздің заманға тәрбие болып жетіп отыр.

Сержан
elanasy.kz

(басты сурет: ©Тимур Өтешбеков/mywed.ru)

Пікір қалдыру