Зейнеп АХМЕТОВА, Бауыржан Момышұлының келіні: «Ізетті қыздарымыз, бесік тербететін ибалы келіндеріміз көп болсын деймін»

0

 

Қазақтың маңдайына біткен батыр ұлдарының бірі Бауыржан МОМЫШҰЛЫ туралы қанша айтып, қанша дәріптесек те артық етпесі анық. Елін, жерін жаудан қорғауда аянбай еңбек етіп, ұлт болашағының өсіп өркендеуіне қомақты үлесін қосқан Баукең келешек ұрпаққа баға жетпес рухани құндылықтарын мұра етті. Батырдың сол мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңдіріп, қазақтың қыз-келіншектеріне рухани нәр беріп, тәрбиелеп жүрген абзал жан Баукеңнің келіні Зейнеп АХМЕТОВАның ерен еңбегін ешкім де жоққа шығара алмас. Ұрпақ болашағына алаңдап, жаны ауыратын Зейнеп апайдың айтары көп. Назарларыңызға арада болған әңгімеден үзінді ұсынып отырмыз.

 -Зейнеп апай, қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан атаға келін болдыңыз. Жалпы атамен алғаш рет кездескен сәтіңіз  есіңізде ме?

-Кішкене кезімізде атаның кітаптарын оқып, ол кісі туралы небір аңыз- әңгімелерді естіп өстік қой. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, қылыш шапса өлмейтін батыр сияқты елестетінбіз. Алпыс үшінші жылы мен сол кездегі Киров атындағы, қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің филология факульетінде үшінші курста оқып жүрген кезімізде акт залында атамен кездесу болды. Бірінші рет сол кезде көрдім атаны. Сонда: «Бұл кісі де біз сияқты адам екен-ау», — деп ойлағаным есімде. Ал, енді бірінші рет келін ретінде атамен қалай кездескенім туралы «Шуақты күндерде» жақсы айтылған. Оны қайталап айтпай-ақ қояйын.

-Айтыңызшы, Бақытжан ағамен қалай таныстыңыз? Баукеңдей батырға келін болуға жүрексінген кездеріңіз болды ма?

— Қыз бен жігіт қалай танысады, біз де солай таныстық (күліп). Бұл әңгімені ары қарай қозғамай-ақ қоялық. Жеке басым туралы айтуды ұната бермеймін. Бақытжан екеуіміз бір бірімізді қанша ұнатып тұрсақ та, «бұл қалай болады?», — деп шынын айтқанда, әрине қорықтым, жүрексіндім. Әу, баста менің шешем үйленуімізге қарсы болды. «Ойбай, мынау пәленшенің баласы екен», — деген жоқ. Керісінше ат тонын ала қашты. Қазір Құдайға мың қайтара шүкіршілік етемін. Біз жанымыз жалғасып кеткен жандармыз. Қырық үш жыл бірге тұрып келе жатырмыз. Әрине басында бір-бірімізді түсіну оңай болған жоқ. Ол Алматының асфальтінде туып-өскен, қаланың адамы, мен таза қазақи тәрбиеде өскен қазақи қызбын. Екеуіміздің болмысымыз екі түрлі болды. Мен осы күні: «Қалай екеуіміз сиысып кеттік», — деп таң қаламын. Ол «сорок» деп, мен «қырық» деп жүріп бірімізге біріміз қажалып жүріп келдік қой. Өзі үйдің іргетасын мықтау, үйдің ертеңгі күні мықты отбасы болып кетуінің өзі ең бастысы, сол түсінісуде, бірінің жанын бірі ұғуда жатыр. Екеуіміздің психологиямыз екі бөлек болды. Бірақ, дегенменен ішкі бір бел омыртқамызда, ішкі жан дүниемізде бір туыстық болды білем. Екеуімізді біріктіріп, сүйреп шыққан да сол. Қазір менің айтайын дегенімді ол, оның айтайын дегенін мен еріннің емеурінінен-ақ біліп тұрамыз.

-Бақытжан ағаның қандай мінездері, қасиеттері атаға қатты ұқсаған?

-Бәкең өте салмақты адам. Бір жағынан бұл кісі әлгінде айттым ғой, атақтары дардай болғанмен өмірде көп қиындық көрген адам. Біріншіден кішкентай кезінен тән азабын көп тартқан кісі. Екіншіден жан азабын көп тартқан кісі. Анасымен бірге болды, ата өмірі сыртта жүрді дегендей. Атаның өмірінде басқа апалар болды. Бірақ та барлық қиындықтарға қарамастан рухын түсірмеген, өте мықты адам. Қазақта: «Қойдың бойында арқардың қаны болмаса, тастан тасқа секірмес еді», — деген сөз бар ғой. Сол секілді бәрібір атаның ұрпағы ғой. Осыншама нар көтере алмайтын қиындықтарды көтеріп, талай белестерден өтіп, соншама кітап жазып, өзінің жолын салып, әкесінің атына лайық болып, әкесінің қара шаңырағын ұстап, ұрпағын өсіріп отырғаны үлкен азаматтық деп білемін. Өте салмақты, кез келген майда- шүйдеге кіріспейтін адам. Тіпті біреуге ренжісе де, біреу қатты ренжітсе сол кісіні басқалар секілді кінәлап, боқтап, соғысып жатпайды. Бар айтатытыны:  «Мен оны тізімнен өшіріп тастадым», — дейді. Екінші қайтып ол адаммен жақын болмауға тырысады, кездескен жерде басын изеп қана амандасуы мүмкін, арғыға бармайды. Қарапайым, өте қанағаттшыл. Осы секілді қасиеттері атаға ұқсаған. Азанда тұрып жуынып-шайынып міндетті түрде әкесінен бастап өмірден өткен туыстарына құранын оқып, сөйтіп келіп қана дастарханға отырады. Адал азамат бір адамға қиянаты жоқ. Елесі жылы жетпіске толады. Үлкен мерейтойы келе жатыр.

-Қазақтың қыздарын, келіндерін рухани жағынан тәрбиелеуде қомақты үлес қосып жүрген тәрбиешісіз. Ал, өз келініңізге қандай ақыл-кеңес беріп, жалпы қалай тәрбиелеп жатырсыз?

-Әрбір адамның өмірден көргені мен түйгені, оның өресі, оның тектілігінен келіп тәрбие шығады. Тәрбие айтудан емес, көрсетуден сіңеді бойға. Құдай маған бір ғана бала берді. Өзім көп балалы отбасынан шығып едім, балам тұқымына тартты ма, бір ғана бала болып қалды. Сол бір тал баламның келіншегі Анарым. Алғашында өзім қатты қорқып: «Ойпырмай, өзі бір тал бала, бұл үйге қандай келін келеді, мына шаңырақтың басқа шаңырақтарға ұқсамайтын толып жатқан әдеттері, қағидалары бар», — деп ойланып жүрдім. Шынында, біздің шаңырақ өзге шаңыраққа қарағанда бөлекше. Өйткені, бұл иісі қазаққа ортақ қара шаңырақ. Адамдар ертелі кеш «Баукеңнің үйі ме, ассаламағалейкум», — деп кіріп келеді. Егер сөйтіп біреулер келмей қалса, керісінше, біздің көңіліміз жаман болып қалады. Құдайға мың қайтара шүкір, әр адамның ниетіне береді дейді, мүмкін сол ниетіміз жақсы болған шығар, келініміз текті ата-ананың баласы. Құдам Серікбай да, құдағиым Амантай да жоғары оқу орындарының ұстаздары болған. Ал, келінім Анар осы қалада орыс мектебін оқыған бала. Орыс мектебінде оқыса да, жасынан алған тәрбиесі мықты, өте тәрбиелі. Анарға келгеннен бастап: «Балам саған маған қарағанда қиын болады. Мен бір Момышұлының келінімін, ал, сен екі Момышұлының келінісің. Бақытжан да үлкен жазушы, оның да өз аты бар. Үлкен Момышұлының немере келінісің, мына  кісінің төл келінісің. Ертеңгі күні барлығын сенен сұрайтын болады», — дедім.  Құдайға шүкір, өзім келініме ризамын.

-Немерелеріңіздің алды нешеде?

-Үлкен немереміз Нұрсұлтан Алматы қаласындағы физика математика қазақ мектебінің бесінші сыныбын үздік бітірді. Құдайдың құдіреті, біздің үйде атаға қатты ұқсайтын бала осы. Ержан да өңі, түсі жағынан атаға ұқсайды. Бірақ мінезі жағынан басқашалау. Ал, енді мінезі де, өңі, түсі де атаға қатты ұқсайтын осы немереміз, атаның бірінші шөбересі. Ата кішкене кезінде есепке жүйрік болып «Шаңтимес» атанған ғой. Мына бала да, математикаға ерекше қабілетті. Алдағыны Алла біледі. Жақсы оқып жатыр. Мінезі өте қиын, ата секілді «бар», «жоқ» деп кесіп сөйлейді, содан кейін қазірдің өзінде әзіл айтқанда, ойып жібереді. Юморды жақсы түсінеді. Аса көп сөйлей бермейді. Ата секілді көзі өткір. Мадияр дейтін екінші немереміз алты жасқа келіп қалды. Ол енді өзімнен аумайды. Адамдардың қалың ортасында жүргенді, қонаққа барғанды, үйге қонақ келгенді жақсы көреді, кісіні жатсынбайды. Өте баптап сөйлейді. Осылай, әзірше тәп-тәтті екі немере бар.

-Немерелеріңіз аталары туралы біле ме, аталары туралы аңызға толы әңгімелерді жиі айтатын шығарсыздар?

-Құлақтарына аталары туралы туғаннан бастап айтып келеміз. Кішкентай немеремді 28-панфиловшылар паркіне кішкене кезінде көтеріп, кейіннен жетектеп апаратынмын. Қазір мәңгі алауға барғанда мен үйдемей-ақ ол басын иеді. Кішкене кезінде құшағын жайып тұрған монументті көрсетіп: «Анау менің атам ба», — деп сұрайтын. Мен: «Иә, ол сенің атаң», — дейтінмін. Содан болуы керек монументтің алдына барып, оған да басын иеді. «Енді батыр ағалардың қасына барайық», — дейді, онысы ауған соғысының батырларына қойылған ескерткіш. Сол жерге барып касканы сипап, біраз отырып оған да басын иіп, «енді атамның пушкасына барайық», — дейді. Кішкене кезінде: «неге атамның пушкасын үйге алып кетпейміз», — дейтін.

-Бұрындары көшеден хиджаб киген қыз-келіншектерді көрсек үрке қарайтынбыз. Бүгінде олардың қатары көбейгені соншалық, қоғамдағы қалыпты жағдаға айналды.  Осыған өзіңіздің көзқарасыңыз қалай?     

-Қазақ халқы қыз баланы қатты әтуерлеген. Қыз баланы аз күнгі қонақ, ертеңгі күні басқа үйдің табалдырығын аттайды ғой деп алақанына салып аялап өсірген. Сонымен бірге қызға беруге қажетті тәлім тәрбиені бойына сіңіруге тырысқан. Бар тәттіні аузына тосып, бар жақсыны қызына кидірген. Қазақтың қыздары басына кәмшат бөрік, үкілі тақия, моншақты сораба киген. Қазақтың қызы ешқашан бетін жаппаған. Басына орамал салу деген некесі қиылып әйел болды дегенмен синоним. Күйеуге тигенше қазақтың қыздары ешқашан басына орамал жақындатпайды. Бірде бір қазақтың жырында, бірде бір қиссасында немесе тарихында қыз баланың қылқынып оранып алуы туралы айтылмаған. Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанда бірінші рет басына сәукеле киеді. Сәукеле деген киім бұл жеті қат көктің нышанымен жасалған. Өте қасиетті бас киім болып саналады. Оны бірақ күн киеді. Қазіргі мына ислам дінін бетке ұстап оранып жүргендердің іс әрекетін қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, оның қалыптасуына, сан ғасыр сарабынан өтіп келе жатқан құндылықтарына жымысқыланып шабуыл жасау деп түсінемін. Қайсыбіреулер біз бұрынғы ата бабаларымыздың жіберген қателіктерін түзеп жүрміз деп айтатын көрінеді. Осыны айтушылардың ауыздары неге қисайып қалмайды екен. Хиджаб киген қыз-келіншектер қай жерден, қай ата-бабасының қылқынып, бет-аузын тұмшалағанын көріпті. Бұл біздің салт-дәстүрімізге, біздің құндылықтарымызға, біздің этикамызға жасалып жатқан қастандық. Егер де менің халқымның салт дәстүріне осылай арамдықпен, дінді бетке ұстап қана, сол дін арқылы шабуыл жасайтын болса, онда маған ондай діннің керегі жоқ. Мен бір Құдайға сенемін. Маған арабтардың салтының, дәстүрінің түкке де керегі жоқ. Менің өзімнің халқымның бәленбай жылғы салты, дәстүрі, қағидасы бар. Бізді ішімізден ірітіп жатыр. Қалай түсінбейді олар. Қазақ қызының өр бейнесін, кербез сұлу бейнесін, олай бейшара халге түсіріп қылқындыруға оларға ешкім құқық берген жоқ. Әрине әркім талғамын өзі біледі. Бірақ та, бұл жақсылық емес, жаман індет. Мен солай түсінемін.

-Соңғы кездері жаңа түскен келінге сәлем салдырмайтын жаңа дәстүр шығыпты. Оған қалай қарайсыз?

-Сәлем салу қазақ халқының өте ертеден келе жатқан салты. Ол үлкен кісілерге ізет құрмет көрсетудің бастау алатын жері. Осыны бәзбіреулер: «Құдайдан басқа ешкімге бас иілмеу керек, Алладан басқа ешкімге қосақ қоспауымыз керек», — деп шығарыпты. Бұлар фанатиктер, фанатизм деген көрсоқырлық, рухани аурудың бір түрі. Соларға мынадай сауал қойғым келеді: «Егер Алладан басқа ешкімге бас имеу керек, сонда ғана мұсылман боласың десе, онда неге жылына өліп тіріліп Меккеге барып қара тас қағбаны жеті рет айналып, тәу етіп жүр?». Тасқа қолдарының ұшын тигіземіз деп, сол жерде талайлары өліп те кетеді, оны «ой, шейт болды» деп жатады. Неге солар әулие көріп, солар пір тұтып жүрген арабтар, дастарханның үстін басып, аттап жүре береді. Бізде қазақ дастарханды, нанды сыйлайды. Сол арабтар патшасының алдында басы жерге тигенше иіледі ғой, оны қайда қоясың? Сонда бұл қайдан шыққан көрсоқырлық. Бұл жерде бір жымысқы саясат жүріп жатыр.

-Басылымдарға берген сұхбаттарыңыздың көбінде өзіңіздің балалық шағыңыз туралы көп айта бермейсіз. Айтыңызшы, балалық бал дәурен шағыңыз қалай өтті? Есте қалар қандай естеліктеріңіз бар?

-Қазір де саған ештеңе айта алмаймын (күліп). Көп балалы, дәрігердің отбасында туып-өстім. Шешем он құрсақ көтерген кісі екен. Тоғыз ұл, бір қыз туыпты. Ұлдарынң көбі жас кезінде шетінеп кеткен. Біз кейін бесеуіміз өсіп жетілдік. Бір топ  ұлдың ішінде өстім. Ерке болдым. Әтуерлі болдым. Бірақ анам марқұм: «жалғыз болсаң, өзіңе жалғызсың, қылығың жалғыз емес»,- деп жанымды шығарып тұратын. Қыз балаға қажеттің барлығын үйретті. «Төрт ұлым бір төбе, жалғыз қызым бір төбе» деп мақтап тұрып жанымды шығаратын. «Ертең бір үйге келін болып барғанда мені боқтатып жүрме» деп алты-жеті жасымда кесте тігуді үйретті. Сегіз-тоғыз жасымда нан дегенді дөп дөңгелек қылып жаятынмын. Сәл өсіп бойжете бастағанда қазан ошаққа араластырған жоқ. Өйткені жеңгелерім болды. Күні бүгінге дейін кесте тігемін. Кестенің түр-түрін білемін, құрақ құраймын. Осының барлығын кішкентай кезімде үйренгенмін. Қазір бір інімнің ғана көзі тірі. Басқа ағалар өмірден өтіп кетті. Бірақ шүкір ағалардың бала шағалары бар, өсіп өніп отыр. Жеңгелерім де бар.

-Қазақтың қыз, келіншектеріне қандай тілек айтасыз?

-Бай бол, кедей бол, басқа бол бірақ, ең алдымен адам болу керек. Адам болғанда да, арлы адам болу керек. Мен қазақтың қыздары мен келіндеріне бір ғана нәрсе айтамын. Ары, намысы үшін жанын құрбан еткен ата-әжелер мен аналардың сарқыншағы болып, солардай арлы болса екен, солардай ізетті болса екен деймін. Сонда ғана оның ұрпағы өсіп өнеді, өзінің басы да сыйлы болады. Ізетті қыздарымыз, бесік тербететін ибалы келіндеріміз көп болсын деймін. Сонда ғана халқымыздың көсегесі көгереді.

Әңгімелескен: Мақпал ЫСҚАҚ

elanasy.kz (Негізгі сурет Массагет.кз порталынан алынды)

Пікір қалдыру