Ажарлы болам десеңіз… Жазғы уақытта бетке жасалатын маскалар

1

Атам қазақ ежелден-ақ қыз баланы қадірлеп, жат жұрттық деп көңіліне қарап, ерекше сыйлаған. Қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, жастайынан кішіпейілділікке, мейірімділіке, имандылыққа баулып, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету секілді рухани құндылықтарды бойына сіңдіріп өсіргені де бесенеден белгілі. Дана халқымыз: «Қыз өмірдің гүлі», «Қыз өссе елдің көркі»», деп тектен текке айтпаса керек-ті. Талай ақын-жазушыларымыздың да шығармаларына арқау болған сол қыздардың сұлулығы мен әдемілігі емес пе еді? Бет — адамның айнасы десек, бүгінгі қыздар өздерін, бет, ажарларын қалай күтеді, жаз айында бетті қалай күту керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, химиялық қоспалардан ада, табиғи заттардан дайындалатын бірнеше маска түрлерін ұсынуды жөн көрдік.

«Қыз баланың бет ажарының әдемі әрі таза болуы үшін дұрыс тамақтанумен қатар уақытымен демалып, қосымша күтім жасауды ылғи жадыда ұстау керек», — дейді мамандар. Адамның бет терісі жылдың қай мезгілі болмасын, ерекше күтімді қажет етеді екен. Жалпы қоғамда адамның өзін, бет терісін күтуі туралы: «Ол тек косметолог мамандардың міндеті, онымен солар ғана айналысу керек» — деген кереғар пікір қалыптасқаны жасырын емес. Шын мәнінде, өзіне, бетіне ерекше күтім жасағаны, қыздар үшін де, ер азаматтар үшін де аса маңызды. Ертеректе дәл қазіргідей техниканың, түрлі аппараттардың, косметология саласының дамымай тұрған кезінің өзінде-ақ қазақ қыздары өздеріне ерекше күтім жасаған. Тәннің саулығы үшін сүтке шомылып, тек табиғи заттарды пайдаланған.

Медицина мамандары: «Негізінен адамның бетінің терісіне қарап денсаулығындағы ақауларды білуге болады» — дегенді айтады. Сол себепті де бетке күтім жасау арқылы, бірнеше ауруларға тосқауыл қоя аласыз.

Алда жадыраған жаз айы келе жатыр. Аптап ыстықта бет терісі күнге күйіп, құрғап адамды біраз әбігерге салатыны белгілі. Осы жайсыз жағдайдың алдын алу үшін жаз айында бет күтіміне ерекше назар аударған абзал. Жаз шыға жеміс жидектер пісіп, олардан бетке арналған маскалар дайындауға болатынын қыз-еліншектер жақсы біледі. Төменде қыз-келіншектерге арналған, жаз айында жаңа піскен жеміс-жидектерден дайындалатын бірнеше маска түрлерін ұсынып отырмыз.

Ол үшін алдымен бетіңізді маска жағуға дайындап алыңыз. Косметикалық сүтпен бетіңіз бен мойныңызды жақсылап тазалаңыз. Маска пайдаланар алдында бетіңіздің терісінің қандай екенін анықтап алу керек. Жаңа піскен жеміс жидектер сөлі бет терісін тартатын қасиеті болғандықтан, маска пайдаланар алдында құрғақ әрі сезімтал бетке кез келген майлы крем жағу керек. Егер теріңіз майлы болса, крем жағудың керегі болмайды. Теріңіз құрғақ болса, жаңа піскен кез келген жеміс жидектен маска жасай беруге болады. Сонымен жазда жасалатын құрғақ бетке арналған маска:

***Жұмыртқа маскасы. Жұмыртқаның сары уызына 1 шай қасық балды, 1 шай қасық қаймақ салып жақсылап араластыру керек. Алынған қоспаны бетке жағып, 15-20 минуттан кейін жылы сумен шаю керек.

***Ақ ірімшік маскасы. 2 ас қасық ірімшікке 1 ас қасық сүтті, 1 шай қасық бал қосады. Араластырғаннан кейін бетке жағып, 20-30 минут ұстайды. Жылы суға малынған мақтамен сүрту керек.

Майлы бетке арналған маска:

***Белок маскасы. Бір жұмыртқаны жарып, оған брнеше тамшы лимон қышқылын қосып бетке тегістеп жағады. Құрғағаннан кейін сумен жуады.

***Ашытқы маскасы. Тағамға пайдаланатын ашытқының 15-20 грамына айран немесе су қосып қаймақ тәрізді қылып езіп, қоспаны бетке қалың етіп жағады. 20-25 минуттан кейін жылы сумен шаяды.

Жеміс жидектер мен көкеністерден жасалатын маскалардың бет терісіне тигізер пайдасы өте көп. Құрамындағы бай витаминдері теріні нәрлендіріп, тазартады.

Жеміс-жидек маскалары:

***Қияр маскасы. Алдымен қиярды ұсақ үккіштен өткізіп, марлыға салып сығып сөлін алу керек. Алынған сөлге жұмыртқаның ағын араластырып бетке тегіс жағады. Бұл маска бет терісі зақымданған, бетінде тесіктер бар қыз-келіншектер үшін аса қажет маскалардың бірі.

***Өрік маскасы. Бұл масканы қалыпты әрі құрғақ бетке пайдаланады. Өрікті терісінен аршып, жартылай ашыған қышқыл сүтпен араластырып, әбден езу керек. Қаймақ секілді қоймалжың болғанда бетке жағасыз. 15 минуттай ұстағаннан кейін салқын сумен жуып тастайсыз.

***Алма мен сәбіз маскасы. Аталмыш масканың құрамындағы минералдар теріні ағартып, ажарлана түсуіне көмектеседі. Оны дайындау үшін, 1 тал сәбіз бен алманы тазалап, үккіштен өткізіп біркелкі етіп бетке жағасыз. 5-15 минуттай ұстағаннан кейін жылы сумен шаясыз.

***Бал мен алма маскасы. Қабығынан тазарған алманы үккіштен өткізіп, оған 1 шай қасық бал қосып араластырасыз. Алдын ала тазартылған бетке дайын қоспаны жағасыз. Артынан жылы сумен шайып тастайсыз.

***Май мен алма маскасы. Бұл масканы бетке жара пайда болғанда пайдаланған дұрыс. Суықтан жарылған ерінге, бет, қол терілері үшін де пайдасы зор. Ол үшін үккіштен өткізілген алмаға 1 шай қасық сұйық май қосып, бетке, мойынға жағады. 15 минуттан кейін шаяды. Аптасына 2-3 рет жасау керек.

elanasy.kz

Discussion1 комментарий

Пікір қалдыру