Бесік пен бесік жыры

0

Алас, алас, пәледен қалас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
/Бесік ырымы/

Халықтың көп жылғы тәжірибесінде әбден жетілдіріліп, көшпелі өмірде баланың ауырмай-сырқамай өсуіне қолайлы деңгейге жеткізілген қазақ бесігінің қарапайым нұсқасы мен оған байланысты дәстүрлерге саяхатшы кей ғалымдар ертеден-ақ назар аударған. Дәрігер-этнограф И.С. Колбасенко өткен ғасырдың аяғында Киевтегі акушерлік-гинекологиялық қоғамның мәжілісінде «Қазақ бесігі. Қазақтардың бала күтуі жөнінде бірер сөз» (69, 1890) деген тақырыпта баяндама жасап, қазақ бесігінің үш есе кішірейтілген моделін тапсырып, бесіктегі баланың гигиеналық жағынан таза, көшпелі өмірдегі кейбір қатерлі жағдайлардан қауіпсіз өсетіндігіне баса назар аударады. Баланың көп жағдайда таңылған күйінде ұзақ жатып қалуы зиянды екенін де ескертеді. Қазақ бесігінің жетістігімен қоса жетілдіретін тұсының бар екенін кезінде М. Жұмабаев та өзінің «Педагогика» атты кітабында жазған. Жалпы, қазақ бесігін жетілдіріп, күнделікті өмірге ендіру мәселесі кешенді түрде күн тәртібіне қойылуы тиіс. Мәселен, бесікті бүгінгі өмірге сай жетілдіріп, айталық, бесік арқалығына бесік жыры жазылған тетік қойып, түбегі мен шүмегін, басқа да жабдықтарын ыңғайлы қалыпқа келтіріп әсемдесе, фабрикадан көптеп шығаруға әбден болар еді.
А.Л. Троицкая да өзінің «Ташкент және Шымкент уездерінің отырықшы елдеріндегі баланы қырқынан шығару (шілдехана) салты» атты мақаласында бесікке салу ырымдары жөнінде көп мағлұматтар келтіреді. Қазақ баланы бөлерде бесікті отпен аластаса, бесіктің арқалығына қару, оған үкі, қасқырдың азуы сияқты заттарды іліп қою, баланың басына пышақ, қанжар, т.б. заттар жастап қою Азия халықтарының көпшілігіне ортақ. Ал бос бесікті тербетпеу салты баланы бесікке бөлейтін барлық ұлттарда бар.
Қазақ бесігі ананың баланы бағып-қағудағы ауыр еңбегін көп жеңілдетіп, қолын босатады. Оның гигиеналық жағынан таза, ауру-сырқау, табиғи қауіп-қатерден аман-есен өсуіне жағдай туғызады. Сол сияқты, халық бесікті өз ұғымдарындағы, сенім-нанымдарындағы жын-шайтан, албасты, үббі, т.б. тәрізді мифологиялық қауіп иелерінен де қорғайтын киелі орын деп ұққан. Сондықтан да баланы бесікке салу рәсімі ауылдастар арасында арнайы тойланып, түрлі әдет-ғұрып салттар, ырым, жоралғылар жасалады. Бесік баланы тамақтандырып, бағып-қағуға ғана ыңғайлы емес, оны әнмен тербетіп ойнатып, көңілін алдап, аялап, алдарқатуға да қолайлы.

Мақаланың толық нұсқасын «Ел анасы» журналының 2016 жылғы 2-номерінен оқи аласыздар. (Журналдың бағасы: 350 теңге)

Ишанова Маржан,

ОҚО, Шымкент қаласы 6 «Б» сынып жетекшісі

Пікір қалдыру