Назым Қызайбай әлемдік біріншіліктің финалына шықты

0

Астанада «Барыс-Арена» төрінде әйелдер арасында бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. 48 келіге дейін салмақ дәрежесінда өнер көрсететін еліміздің былғары қолғап шебері Назым Қызайбай әлемдік біріншіліктің финалына шықты.

Назым Қызайбай солтүстіккореялық Ю Йон Гёммен жартылай финалда кездесті. Төрт раундтың қорытындысы бойынша 3-0 есебімен жеңісті Назым еншіледі.

Финалда Назым қытайлық Юан Вангпен күш сынасады.

Қызайбайдан басқа бүгін әйелдер арасында бокстан әлем чемпионатының жартылай финалында еліміздің намысын Дина Жоламан (54 кг дейін), Валентина Хальзова (69 кг дейін), Жайна Шекербекова (51 кг дейін), Айжан Ходжабекова (57 кг дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 кг жоғары) қорғайды.

Қысқаша ақпарат:

Назым Қызайбай 1993 жылы қыркүйек айының 14 жұлдызында Алматы облысы, Жетіген ауылында дүниеге келген. Отбасында үшінші бала.

Назым Қызайбай 2014 жылы Оңтүстік Кореяда болған турнирде алтын жүлде, Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Юниор чемпионатында қола жүлдеге,Қытайдағы турнирде 3 орынға иеленді.

Назым спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне  алты жылдан асыпты. Бала кезінде мектеп балаларымен алысып, төбелесіп өскенін көрген әкесі қызына бокспен айналысуға өзі кеңес беріпті.

Ол оқушы кезінде бокстан бөлек футбол, баскетболды да жақсы ойнапты.

Назымның өмірлік ұстанымы – «Адам баласының бойында, ең алдымен, арманы мен мақсаты болуы керек. Осылар бар кезде адам барлығына қол жеткізе алады».

Дерек көзі: Ел.кз

Пікір қалдыру