Алмас АЛМАТОВ: Бәтима жеңгей

0

1986 жылдың қаңтар айы болатын. Қызылордадан Алматыға «Терме» хабарына түсуге келгенмін. Жолай, Консерваторияға соғып, «Фольклорлық кабинетте» Таласбекпен әңгімелесіп отырғанымда, ол:
— Алмас сені Төлеген Тоқбергенов ағаң іздеп жүр. Мен жаңа телефон шалдым, ол кісі осында келе жатыр – деді. Ол кісіні сырттай сыншы, жазушы есебінде білсем де жақын танымайтын едім. Естуімше ол кісі сонау 1970 жылдары, жырау Көшеней Рүстембековпен айтысқан ақын Бәтима Батырбекованың күйеуі. Оған қоса Таласбек ол кісінің күйшілік өнері мен сыншылық еңбектері жайлы бірталай мағлұмат беріп отыр. Арада біршама уақыт өткенде Төлеген аға да келді. Екеуміз қосарлана көтеріліп, қол алысып амандастық. Кісі ағасы болған кезі екен. Сыпайы, сырбаздығы өмір- тәжірибесінің молдығын, көргенінің көптігінен хабар бергендей. Амандық-саулық сұрасып болғаннан соң Төлеген аға:
— Алмасжан, мен өзіңнің өнеріңе сырттай сүйсініп, тілеулес болып жүрген ағаңмын. Сырдың сүлей жырауы Көшеней біздің үйдің баласындай болып өсіп еді. Өмірі қысқа болды. Одан соң жыраулық өнердің саханасына өзің шығып Франция, Италия, Швейцария мемлекеттерінің жұртшылығына таныттың. Оның барлығын баспасөз беттерінен оқып қуанып отырмыз. Мен өзіңді біздің үйдегі жеңгең Бәтиманың өтініші бойынша іздеп жүрмін. Жеңгең қазан көтеріп үйде күтіп отыр, қалған әңгімені үйде жалғастырайық – деп, әңгімені қысқа қайырды… Біз, Алматының көпқабатты үйлерінің адына келіп тоқтадық. Төлеген аға мен Таласбек жүре сөйлесіп, әдебиетке қатысты мәселелерді айтып келе жатыр. Өзім болсам; «Армысын Алатауда асыл жеңгем,
Естимін хабарыңды соққан желден…» – деп, кешегі Көшеней жырау жырға қосқан асыл жеңгейді көруге келе жатырмын. Бір оттың басында бірі жазушы, бірі ақын, талантты даралап түсінетін біздің түйсігімізге ол да артықтау көріне ме, қалай?..
Есік ашылып, ішке ендік. Бізді, жүзінде иман нұры төгілген, салтанатты жиынға баратындай киінген, ілтипаты жаңа түскен келіншектей иілген шын мәніндегі ару жан қарсы алды.Сәлемдесіп болған соң, жұмсақ мақпалдай даусымен:
— Төрлетіңіздер айналайындар. Мында үлкен кісіміз бар – деп, жол көрсетті. Кіреберіс сол жақ бөлмеде жасы тоқсанның ішінде, ақ шашты кейуана ақ төсекте жатыр екен қол созып амандастық. Емежарқы қабағын қағып сәлем алғандай болды. Бұл кісі, Төлеген ағамыздың анасы екен. Келімі келген, ақ күмістей шашын ақ жібек орамалмен ораған аппақ кісі маған ертегілердегі аналардай көрініп, әлде не айтар ма екен?- деп, үміттендім… Келесі бөлмеге өтіп дайындап қойған дастарқанға жайғастық. Үйдегі осы үш кісі, бізбен бес адам. Жеңгей үлкен астың дайын екенін хабарлап, ас қамына кірісті. Төлеген аға, салмақты қарлығыңқы дауысымен:
— Алмасжан, осы үй Көшеней ағаңның өмірден озғанша өз үйі болды. Алматыға қалай келді, сол күннен бастап таныс болдық. Мәскеуге барарында, келерінде осы үйден аттанатын. Барлығына себепкер сол Мардан Байділдаев ағамыз. Ол кісі, ұлттық мұрамыздың майдангер адамы ғой. Өзіңнің атағың шыққалы жеңгең маған сан мәрте «Төке, сол баланы үйге шақырайық. Көшенейдің шәкірті екен» – деп, өтініш айтқан. Мен, Таласбекке өтініш айтып қойған едім, соның сәті бүгін түсіп отыр. Ас үйден үйме табақты көтерген Бәтима жеңгей көрінді. Орнынан шалт көтерілген Төлеген аға, табаққа қолын созып:
— Ой, Бәти! Саған ауыр көтеруге болмайды ғой – деп, табақты қолынан алып ортаға қойды. Асыл жан, ақ жеңешемнің ауыр науқас екенін анық байқадым. Бекзада қалпын сақтап, сағынған адамын күткендей ықылас, ілтипатын мейрім жүзінен білдірген жомарт жүрек жеңгей дастарқан басына келіп жайғасты. Бабымен піскен соғымның етін Төлеген аға өзі турады. Ол кісі Көшеней туралы әлі айтып отыр. Сөзі салмақты, әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін сыншы ағамыздың біркелкі дауыс ырғағы сөздің сарапшысы екенін аңғартып-ақ тұрды. Өзім екі ұдай күйде отырмын. Көшеней марқұм бар болғаны жыйрма жеті жас өмір сүрді. Біз быйыл отызға толмақпыз. Аз ғұмырында артына осынша ізет, құрметке лайық із қалдырған, көзім көріп қолынан домбырасын алып алдында өнерімді көрсеткен Көшекеңнің бейнесі көз алдыма келді. Ас желініп болып, бәте қайырылып жеңгей шәй қамына кірісті. Төлеген аға табақты алып, дастарқанды шайға бейімдеп көмек жасап жүр.
Әңгімесі Көшеней. Алматыдағы өмір жолдары. С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, С. Қоджықов. Н. Тілендиев т,б әдебиет пен өнер адамдарының жас жырау Көшенейді қалай қабылдағандығы жөнінде және оның алдына қойған мақсаттарын тақталап баяндап отыр. Өз ойыма Көшенейдің тұлғасы қарақшыға жетпей құлаған «Құлагердей» елестеді.
Бейне іштегі ойымды жинақтап үлгергенше Бәтима жеңгей:
— Алмасжан айналайын. Көшеней ағаңызды көрген боларсыз? – деп, сөзге араласты. Дауысы биязы, ілтипатты шықты. Өзінің алыс сапарға кеткен баласынан сағынышты хабар сұрағандай үміттене қарады. Ол кісінің әңгімеге араласқаны бойымды сергітіп сала берді. Жүзіне сол кезде назар салдым. Өте әдемі жан екен.
— Я, апай. Көшекеңді көріп, алқалы жыйында жырлаған сәттерін тамашаладым. Сол, 1973 жылдың қыс айында біздің ауылға, «Жаңақала» совхозының директоры Қаратай Қуаңбаевтың үйінде және ел ағалары Тілеубай Байғабылов, Жарылқасын Жұлқышов дегін кісілердің үйінде ауыл ақсақалдары арнайы шақыртып үш күн жырлатты. Ізіне еріп жүріп өнерін тамашаладық. Одан алдыңғы жылдары, «Аққыр», «Киікші қазған» деген жерлерде өткен шопандар тойында таңды-таңға ұрып жырлағандарын айтып бердім. Әңгімеге Төлеген аға араласты:
— Көшенейді қолынан жетектеп әкеліп, Алматының әдебиет пен өнер сүйер қаумына таныстырған Мардан Бәйділдаев. Пушкин көшесіндегі 29 -ші үйде, С. Мұқанов бастаған зиялы қауым бірнеше қайтара бас қосып, жас жыраудың өнерін тыңдап, Мардекеңнің ұсынысымен келешегінде Алматыға ғылыми ізденуші есебінде Академияның «Әдебиет және Өнер институтына» шақырылды. Сол жерде Бәтима жеңгеңмен екеуі бірге жұмыс істеді. Біз сол уақыттан бастап Көшенейді өз жанұямыздың бір баласындай көріп кеттік. Ана бөлмедегі ақ шашты анамыз Көшеней келмесе дастарқан басына келмей қоятын. Сосын жеңгең екеуміз жан-жаққа іздеу салып жататынбыз- деп, орнынан көтеріліп келесі бөлмеден келісті домбыра алып келіп:
— Мынау, Көшенейдің тартқан домбырасы. Мен өзім де күйшілік өнерге бейім болдым. Әсіресе шертпе күй өнеріне бала жасымнан қанығып өстім, ол туралы жаздым да. Ал енді Алмас інім Көшеней өмірден өткелі осы үйде жырау жырлаған жоқ. Домбыраны қолыңа ал – деп, маған ұсынды. Үйдегі кәріліктің құрсауындағы кейуана, ауыр дерттің құрығындағы жеңешем мен судай тұнық сабырлы, Төлеген ағаның қиындыққа қабағын шытпас бегзаттығына ризашылығым болсын деп домбыраны қолыма алдым. Домбыра дізгінін ерге қаңтарған жүйрік аттай бауырынан жарап тұр екен. Қол тигеннен гүмбірлеп ала жөнелді.
«Сөйлеші тілім, сөйлеші,
Жан шіркіннің сауынд- ай.
Дауысым бірден жүрмейді,
Төгіліп терім ағылмай…» — деп, басталған терме, насихат сөздер бір сағатқа жуық жалғасып кете берді. Арасында кейуана жатқан бөлмеге Бәтима жеңгей екі рет барып қайтты. Мүмкі ол кісінің мазасын алған шығармыз деп ойлап:
«… Сен үшін жанын қиятын,
Білетін анық ұятын,
Туысы бөлек нар басқа.
Бәрінен де әлеумет,
Жалғыздық жаман, бір басқа.» — деп, терең толғап қайырып тоқтадым. Ақ жеңешем алыстағы аңсап күткен сағыныш аралына жеткендей күрсініп, жанарындағы жастың моншағын орамалымен теріп алып, Төкеңе:
— Біздің, үлкен кісіміз де жылап жатыр – деді. Төлеген ағам басын изеп, қуаттағандай ишара жасады.Маған ол кісі, тағдыр таразысының өлшемін күні бұрын көріп отырған жандай болып сезіндім…
Таласбек екеуміз аға, жеңгемізге рахметімізді айтып жыйнала бастадық. Жеңгей:
— Алмас жан! Мынау ертеректе шыққан жыр жинағым еді. Өзіңе ұсынғалы отырмын. Ішінде Көшенейге арнаған өлеңім бар, өзің оқып аларсын деп, былайша қолтаңбасын қалдырды: « Өнерің өзгеше екен Алмасжан, өрге өрлей беруіңе тілектеспін. Әпкең Бәтима. 17.01. 1986 ж – деп, қолын қойды. («Іңкәрім менің» Бәтима Батырбекова. «Жазушы баспасы, Алматы 1979ж) . Кітапты алып тұрып жеңгейдің жүзінен адами болмысындағы әсемдіктің таусылмас қайнар көзін көргендей әсер алдым. Марқұм әкеміздің; «Оһ, дарих! Қадірін білген жанға, адам қымбат-ау!» — деп, отыратын әпсанасы есіме түсті. Қалалық тұрмыс аясында, абзал анасы мен асыл жарына адал қызмет жасап жүрген Төлеген ағаның тыңғылықты іс- әрекеті өзім білетін ақын, жазушылардың адамгершілік өлшемінен биікте екенін білдім. Төлеген ағаның « Жазушы таланты адам тағдырын танып білуден басталады»- деп, қаламын қадап жазған ой орамы, өмірлік қағидасына айналған жан екенін түсіндім. (« Тоғыз тарау» Т. Тоқбергенов. «Жазушы» баспасы, Алматы 1974) Тас қаладағы тамшылап аққан бұлақтан ұрттам су ішіп, мейірі қанбай қалған жандардай қыймай қоштастық… Жолаушы өмір. Бұралқы тірлік… Таласбек екеуміз сыртқа шығып етік басынан жауған аппақ қарды азулата басып, көшенің қиылысынан қаланың көп адамдарына араласып кете бардық…

Жырау Алмас Алматов. Астана, 8.02. 2015 ж.
elanasy.kz

Пікір қалдыру