Жұлдызай ЫСҚАҚ: Бірде от, бірде гүлге сыңар жанмын…

1

***

Сен жерімді сатам дейсің?! Сатқызбан!
Жеріме енді татпайды кеп жат тұз-дəм.
Онсыз да елім сақтау үшін бұл жерді,
Өткен талай өткелдерден,от-мұздан!

Біз бұл жерде қыстап,талай күздеп ек,
Топырақта қалған мынау із де көп.
Бар мұрасын бөтен қолға бұйыртып,
Баба алдында ақталмақпыз біз не деп?!

Болғанымен татқаны -ащы, бағы-бал,
Бұл даламда қазынамның бəрі бар!
Əр түйір тас-қарашығы көзімнің,
Жерді алғанша,кел,кеудемнің жанын ал!!!

Аманат боп қалған бабам арманы,
Жер-біздікі,бұған кімнің бар дауы!
Қанмен,термен келген құнды мұрама,
Қол сұққанның кесілсейші бармағы!

Бұл ісіңнің түсінгенге күйі-ағат,
Қаңырай ма жат қолында ұя қап?!
Қара бастың қамы үшін қалайша
Қара жерге қыласың Сен қиянат?!

Сатылмайды!
Жат ұрмайды төбемнен!
Жер менікі, көз боп қалған көнемнен!
Өмір сүрем алшаң басып бұл жерде,
Өлсем дағы, өз жерімде өлем мен!

Ана болғым келеді…

Құс та болғым келмейді қанатым бар
Қанатым бар күмістен жаратылған...
М. Мақатаев.

Арманым бар!
Айтайын, тыңда, ғалам!
Жүрегімді жазайын жыр жамаған.
Ана болғым келеді, ана болғым,
Анасы жоқ сәбиге іңгәлаған.

Оған айтар орасан себеп менде,
Сәбилерді кім қорғар жел өпкенде?!
Ана болғым келеді, туа сала,
Бесігінен айырылған бөбектерге.

Десем де сан жемісім жетілді өрге,
Қасірет бар әлі де не түрлі елде!
Ана болғым келеді, әркімдердің,
Жетегінде жылаған жетімдерге.

Жүгініп сан жылайды санам арға,
Жатырынан жерінген ана адам ба?!
Ана болғым келеді,
бөтен елде,
Босағада боздаған балаларға.

Мұңға оранған көңілде күй-сарын көп,
Бар адамға пана ғой, сыйса, жүрек.
Жетім көрсем жылаған, тұрамын мен,
Алақан боп, маңдайын сипағым кеп.

Анасынан таппаған жан тұрағын,
Жетім көрсем, сезбеген жан шуағын.
«Сенің анаң менмін» — деп, жасын сүртіп,
Құшағыма басқым кеп, талпынамын.

Өлеңімді жүрсе де бәрі ескере,
Ұрпақ үшін қылмаппын әлі ештеңе.
Ана болғым келеді, жылу іздеп,
Мейірімге шөлдеген нәрестеге.

Ой ертпестен ешқандай санаға ала,
Ана болғым келеді…
Ана ғана!
Шарғаламға шықпастан,
Шерге оранып,
Шетінеген шарасыз шаранаға!

Дана болғым келмейді
шамасы бар,
Дара болғым келмейді бағасы – нар.
Ана болғым келеді, Ана болғым,
Құшағында қуанған баласы бар…

Каспийге сәлем

Әпке, менен Каспийге сәлем деші,
Теңізге ауған қыз едім әуелде есі.
Сағыныш жайында оған салшы бір ән,
Сезімімді қос-тағы әуенге осы.

Шыға алмастан Есілден, ескі ұядан,
Жете алмадым, болмады еш күй оған.
Бір хабарын жеткізші қалай да, Әпке,
Теңіз түгел, тұр ма екен Каспий аман?!

Мен теңізді сағындым…
Жүрмін аңсап,
Бір рет көріп, күн кештім бір жыл алшақ.
Жүрмін оған жырақтан жолдап сәлем,
Ал ол болса тұр екен кімді қарсы ап?!

Мен теңізді айып па жақсы көрсем?!
Теңесетін онымен жоқ бір өлшем.
Ақын сәлем айтты де, толқын тұрса,
Ару сәлем айтты де, Аққу көрсең!

Сәлем айт та Каспийге, жыр-ән арна,
Сағынышқа біздегі құмар ол да!
Біздің жақта теңіз жоқ, білесің ғой,
Жұбануға баратын жылағанда.

Таңізге бар, мен жүрген жағаға бар,
Дертіміздің дауасын табады олар.
Сәлем айтшы, шарқ ұрса,
Қанатымен
Айдын бетін сипаған шағалалар.

Жүрегіме сағыныш, шер байланып,
Жүре берсем, өмірім өңбейді анық.
Бір тамшысын теңіздің ала келші,
Кетпей тұрған шағымда шөлге айналып…

Қош келдің, Көктем!

Көктем! Көктем!
Қош келдің! Төрлет бері!
Бір беймаза күйде едім сен кеткелі.
Бөле-дағы жап-жарық шуағыңа,
Самалыңмен жып-жылы тербет мені.

Тағдыр мұңның тартқызып көп мөлшерін,
Тарқалмады іштегі көптен шерім.
Күз кейіткен көңілімді
Гүлге орайтын,
Құшағыңды сағындым, Көктем сенің!

Арыламын аяздан
құшса Алауың,
Нұр-жүзіңмен алмастыр қыс жамалын.
Көктем! Көктем! Әлдиле тіршілікті!
Таң сәріде тыңдатып Құстар әнін!

Құстар әнін тамылжыт, таң қалдыр кеп,
Арқа төсі құлпырсын алуан гүл боп.
Кеңістікте туласын тек Қуаныш,
Кеуделерде Үміт пен Арман бүрлеп.

Көктем! Көктем!
Жылытар кез нұрымен!
Жамалыңнан жанды емдер сездім рең.
Сені Анамдай қарсы алам,
Себебі Өзің –
Маған жарық сыйлаған мезгілім ең.

Қармен бірге қоса еріп мұң мен күдік,
Күнмен бірге көгімде күлгенде Үміт.
Құшағыңда күн кешем, Көктем, сенің,
Қауызына Гүлдердің Жыр қондырып…

Мен қазақтың қызымын!

Мен қазақтың қызымын!
Иланып ал!
Көзіне нұр,көңліне күй дарыған.
Тілегі жаңылмаған жақсылықтан,
Жүрегі арылмаған иманынан!

Мен қазақтың қызымын!
Жау да иілген
Жетілген баба рухы, əн-күйімен.
Туғаннан тал-бесікке бөлеп мені,
Тербеткен алып далам əлдиімен.

Мен қазақтың қызымын!
Көктемімін!
Көркіне сəуле құйған көктегі күн.
Жерімнің тағдырымын-тарихымын,
Елімнің болашағы-өткенімін.

Мен қазақтың қызымын!
Жаны-ізгі арман
Соңынан үлгі болып сан із қалған,
Құдай кеп маңдайыма бақ бұйыртып,
Ұмай боп жеткен едім аңыздардан.

Бірде от, бірде гүлге сыңар жанмын,
Жел тұрар жау алдында шығарғанда үн
Сақтандым сақтардың өр рухыменен,
Ерлігін еске түйіп Тұмарлардың.

Өрлігім жылдар бойы жүректе өлмей,
Дауылда сескенбедім үп еткен кей.
Бойыма сақтап келдім сұлулықты,
Кешегі Баяндардай,Жібектердей.

Аузымда шүкіршілік; қайғы-əнім жоқ,
Алаштың бұзбадым еш қаймағын кеп.
Талпынтып ұлттың ұлын ұлылыққа,
Танылдым елге Зере, Айғаным боп.

Жалғанда жамандыққа бой көмілмей,
Армандап, ұмтылғанмын Айға ерінбей.
Абайдың жүрегінен тамып түскен,
Айналдым тамшы жырға Айкерімдей.

Мен қазақтың қызымын!
Ғажап көрік!
Мені өзгеден тəуелсіз, азат деп ұқ!
Желтоқсанда жалынға қарсы келіп,
Лапылдаған от кешкем Лəззат болып!

Қасиетті халықтың қызымын мен!
Ет-жүрегі елжіреп, жүзі күлген!
Ертеңіне қарайлап мол үмітпен,
Өткеніне құрметпен жүз үңілген!

Елге арнаған əр ырыс, əр несібін,
Мен қазақтың қызымын!
Мəңгі-есімім!
Қара жердің Гүлімін мəңгі солмас,
Көк Аспанның сөнбейтін сəулесімін!!!

Ән-дала

«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді»
(Г.Потанин)

Сұлулыққа болмысы болған сыңар,
Менің Далам таусылмас мəңгі ән шығар.
Әр күйінде әлдиі бар Анамның,
Тауларында Бабамның өр даусы бар.

Менің Далам тербелген мәңгі бақыт,
Сұлу сазбен баурайтын жанды уатып.
Көк белдерден естіліп жастық жыры,
Көктемдерде тұратын ән бүр атып.

Сылдырап сазға бөлер, жылға қусаң,
Сыбдырлап сыр айтады, бұнда ну сан.
Ән-самал өпсе келіп, гүл билейді,
Ырғалар әдемі әнге қырда жусан.

Ән болып дем береді баршаға ауа,
Жаныңа болар бұл күй қанша дауа.
Толқиды теңіздер де тың әуенмен,
Көгінде қанат қағып ән-шағала.

Жүзінен жүректерге нұр саулаған,
Қуанам, жимаса ән боп күн сәл маған.
Естілер туған жерден тылсым әуен,
Еш жерде, ешбір елде шырқалмаған.

Әндеткен таңы да атқан, түні де ауған,
Бұл Далам — өнер тұнған Ұлы қорған.
Күй болып төгіледі әр төсінен,
Тұлпарлар дүбірінің үні қалған.

Тербеліп көк майсасы, миясы алдан,
Әнге ертер өлкемнің қыр-қиясы алуан.
Табылмас өзге еш жерден Ән-бұлбұлы,
Кеудесіне Даламның ұя салған.

Тұнық әуен – жанымның тірегі, ұқтым,
Көңлімді бұл шырқалған мың елітті үн.
Шырқасын, шырқай берсін Далам әнге,
Ән тоқтаса, тоқтайды жүрегі ұлттың…

Жұлдызай Ысқақ, ақын

elanasy.kz

Discussion1 комментарий

Пікір қалдыру