Сыбаға және табақ тарту әдебі

1

(Ет тарту әдебі) (Анамның хаты)

Амансыңдар ма, құлындарым! Өткен жолғы жолдаған хатымды алғандарыңды естіп қуанып қалдым. Қазіргі кезде ұялы телефон бар, хат жазудың өзі сиреп кетті ғой. Тіпті, жазған хат уақытында, діттеген жеріне жетпей, қайтып келетін кезі де бар. Ой, айналайындар, мен сендерге хат жазамын деп, басқа арнаға бұрылып барамын ғой.

Иә, құлындарым, қазақ: «Сыйлағаныңа сақтағаныңды бер!» — деп бекер айтпаған. Бүгінгі хатымда сендерге «Сыбаға және табақ тарту әдебі» туралы айтып бергім келіп отыр. Сыбаға беру немесе сыбаға тарту сыйластықтың, құрмет көрсетудің бір белгісі.

«Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда» дейтін өлең жолдарында айтылатындай сыбағаның да бірнеше түрі болады. Ең әуелі қадірлі қонақ, сыйлы мейманның «Болжаусыз сыбағасы». Бұл қазақтың бөлінбеген еншісі, берілмеген несібесі. Аты айтып тұрғандай бұндай сыбағалар болжаусыз келген қонаққа үй иесінің ерекше ықыласымен берілетін қонағасы. Онда ерте туған марқадан бастап, түйе сойып күтсе де айыбы жоқ. Жалпы сыбағаның өзі сыйластықтан шығатындықтан, көбінде сыбағаны арнаулы асын беріп, немесе ат міңгізіп, шапан жауып, сырға тағып, жүзік салып, жыртыс жыртып, кит кигізіп өтеуге де болады. Біздің әңгіме етіп отырғанымыз арнаулы асқа байланысты болғандықтан сыбаға беру, сыбаға үлестіруді етпен, сойылған қойдың пысып дайын болған мүшелерімен өлшейміз.

Қазақтың үш болжаусызының бірі – қонақ болса, сол болжаусыз қонаққа берілер «болжаусыз сыбаға» жайлы айттық. Ал келесі сыбаға «Сақталған сыбаға». Сақталған сыбағаға «болжаусыз сыбағадан» басқа барлық сыбағалар жатады. Себебі қазақ алыс жақындағы құда-жегжат, құдағи-келін, туыс-туғанды жылына бір келетіні анық деп күтіп отыратын болған. Сол үшін сыбаға жілігін сақтаған. Бұл да болса қазақтың туысшылдығын, бауырмалдығын, сол адамға арналған несібені сақтауды, сол несібе иесіне деген құрметін білдіреді.

Жылда жазда өздерің ауылға келгенде көрші жеңгелерің бірінен кейін бірі неге қонаққа шақырады деп ойлайсыңдар? Себебі сол, сендерге деп сақтаған сыбағаларын жесін дейді. Бұл ағайын арасындағы сыйластық пен қарым-қатынастың үзілмеуіне дәнекер.

Сақталған сыбаға үлкенге де, кішіге де, ағайынға да, алашқа да бірдей. Тек «сақталған сыбағаны» өз ішінен –

  1. Құданың, сыйлы ағайын-туыстың, көрші-қолаңның сыбағасы;
  2. Құдағи мен жеңгенің сыбағасы;
  3. Жорықта жүрген ер азаматтың сыбағасы;
  4. Күйеу бала мен келіннің, алыс сапардағы ұл мен қыздың сыбағасы деп бірнеше бөлікке бөліп, арнаулы сыбаға етін дайындаған.

Осы ретте «Құданың, сыйлы ағайын-туыстың, көрші-қолаңның сыбағасын» тарқатар болсам;

Әуелі құдаға бас, жамбас, кәрі жілік, сүбе қабырға, белдеме, арқа және бірнеше тал қара қабырғамен қоса ұлтабары кесілген, майлы жұмыр тартуға болады. Бір табақта (дастарханда) алты адамнан көп болмауын қадағалаған жөн. Егер адам алтыдан көп болса асық жілікті қосуға болады. Бұл табақ тарту, сыбаға үлестіруде бірінші табақ деп аталады.

Қазір көп жерлерде етті турап тартатындықтан және мал соймай, дайын ет сатып алатындықтан бұл үрдіс ұмытылып бара жатқандығы белгілі. Дегенмен ата салтын білген ұлттың ұрпағы ұтпаса ұтылмайтыны анық.

Енді келесі сыбаға үлестіретін «Құдағи мен жеңгенің сыбағасы» аталатын екінші табақтың үлесіне тиетін сыбағалы мүшелерді тарқатайын. Мұнда ортан жілік, тоқбас жілік, арқа, белдеме, қабырғаны қосуға болады.

Үшінші табақ «Жорықта жүрген ер азаматтың сыбағасы» жалпы ер азаматтарға арналған табаққа асық жілік, белдеме, қабырға, арқа, жауырын, төстің етегі тартылады.

Соңғы сыбаға табағы — төртінші табаққа «Күйеу бала мен келіннің, алыс сапардағы ұл мен қыздың сыбағасы» ретінде асық жілік, төс сүйек, арқа, қабырға, белдеме тартылады.

Жоғарыда келтірілген табақтарға салынған еттің ішінде бір сыбаға жілік болуы міндетті. Ал қасындағыларды қоспасы деп атайды. Мысалы «барында бір жілігіңді жеп кет» деп жатады үлкен апаларымыз. Ол – «өз сыбағаңды жеп кет», «қоспасымен бір жілік ет асып қойдым» деген сөзі.

Бұдан бөлек «бір сан», «бір қол» деген ұғым бар. Мысалы сойған малдың сан етінен (артқы аяғы) дайындалған етті «сан жілік асыпты», «бір санын бүтін асыпты» десе, қол етінен (алдыңғы аяғынан) дайындалған етті «қол жілігін асыпты», «бір қолын асыпты» деп айтады.

Қол жілікке – кәрі жілік, тоқбас жілік, жауырын кіреді. Ал сан жіліктер – асық жілік, ортан жілік, жамбас.

Осы табақ тартып, әркімге өз сыбағасын беру кезінде әрбір сыбаға табаққа барынша қазы-қарта, жал-жая секілді таңсық астарды, қазақтың сүйікті тамақтарын қосуға болады. Сонымен бірге әрбір табақ етке мүмкін болса жәйма (қамыр, шелпек), күріш салуға болады.

Сыбаға туралы қазақтың ежелгі жыр-аңыздарында көптеп айтылады. Оны менен жақсы білесіңдер. Тек мен сендерге өзіміздің бала күнімізде естіген бірнеше шешендік сөздерді айтып берейін. Қобда бетін жайлаған қазақтардың ішінде Тауданбек деген әйгілі ақын өткен. Сол кісі бірде бір танысының үйіне қонаққа барса, танысының үйінде жөнді сыбаға болмай қалған ба, әлде серілігі басым Тауданбекті жаратпады ма, әйтеуір тартылған табақ ақынның көңілінен шықпай қалады. Соны меңзеген ақын:

Мынау өзі бас па,

Өлшеп асқан ас па?

Мынау өзі жөргем ба,

Қонақ қонып көрген ба?

Мынау өзі мойын ба,

Тауданбек саған ойын ба? – деп өлеңдете жөнеледі. Мұны естіген үй иесі қысылғанынан өрістен қой алдырып сойып, қонағын ырза етіп аттандырыпты.

Тағы да бірде екі құрдас жігіт болған екен. Бірі үйінде жоқта келесісі қонаққа келіп қалады. Үйде бойжетіп қалған қыз баласынан басқа ешкім болмай, әке-шешесі келгенше әлгі қыз қонақ сыбағасын асады. Ата-анасы келіп, барлығы ет жеуге отырғанда асылған ет қол жілік екен дейді. Қонақ жігіт құрдасына бір қалжыңдап алғысы келіп: «Қызыңа не үйреткенсің, тым болмас «болжаусыз сыбаға» асуды да білмейді?!» дейді.

Сонда құрдасы:

«Құрдас, бала білмей қол асыпты,

Асса да бала қолды мол асыпты.

Өмірге қолдан бұрын сан келмейді,

Қол асып, бала саған жол ашыпты» — деген екен. Сөзден тосылған құрдас үнсіз алдындағы етке ұмтылған екен. Сол айтқандай қандай ет асылса да, қандай табақ тартылса да еттің мол болғанына не жетсін, құлындарым!

Міне табақ тарту мен сыбаға берудің сыры осындай. Мен бұл жолы жалпылама ғана атап өттім. Әрбір жіліктің неге, не үшін кімге тартылатыны да тұнып тұрған сыр. Алла амандық берсе алдағы уақытта ол туралы да айтатын боламын. Ал әзірге аман сау болыңдар! Алла амандықта қауыштырсын, балапандарым!

Сәлеммен аналарың Жұпархан Мысақызы

Монголия Баян-Өлгей аймағы Цэнгэл ауылы

elanasy.kz

Discussion1 комментарий

  1. Қабдырахманов Құсайын

    Қазақтың «тоқпан жілік» сөзін естідім, ал «тоқбас жілік» деген адам көпшілікке таратпай қатесін түзету міндет.

Пікір қалдыру