Түрмеден босап, көп балалы ана атанғысы келеді…

0

Мен бұл мекемеге 12 жылдық жұмыс тəжірибемде сан мəрте келдім. Ақ қар көк мұз, күннің аптап ыстығы…
Ай, осы жаңылмасам 7 рет қой деймін. Алғашқы кездері жүрегім қарс айрылып, сүзектен тұрғандай құр сүлдерім қалушы еді. Қазір… Ал қазір бəрібір. Жүрегім селт ете қоймайды. Мүмкін, етім өліп кеткен болар, кім білсін? Əлде жүрегім мейірімнен алыстады ма? Ол жағы өзіме де беймəлім.
Бұл жолы да түрмеге жолым түсті. Əдеттегідей, съемка. Əйелдер мекемесіне. Алыстан алып қоршауымен көзге түсетін сұп-сұр мекеме, сұп — сұр тірлік, сұп-сұр киім, сұп-сұр əйел. Неге екенін мен оларға бұрыңғыдай үрке қарамаймын. Ашық-жарқын əңгімелесіп, тіптен есіктен кіргеннен қалжыңға басамын. Қасымдағы операторды көрсетіп, жақсы жігіт ерте келгенімді айтып əзілдеймін.
Олар да үлкен ілтипатпен қарсы алады. Бірі жасқана сəлемімді алса, бірі алыстан туысы келгендей жалбақтайды. Басқаны қайдам дəл осы күңіренген мекемедегі əйелдердің əрқайсысы мен үшін сəл де болса құрметке лайық. Өйткені, олар мен көрмеген сорақылықты бастан кешіп, мен көрмеген тағдырдың тауқыметін кешкендер. Кім білсін, олар көрген ауыртпашылықты мына мен көтере алмаймын ау осы… Алла сақтасын деймін тəубеме кеп.
Кезекті сұхбат беруші ақырын жылжып қасыма келді. Қара торы келген. Қасы қарлығаштың қанатындай. Талдырмаш емес, толықша қыз. Бойы да ұзындау. Ал көзі… мөлдіреп тұр моншақтай. Жымиып күлгеніне бетінің шұқыры ерекше сəн беріп тұр. Бар сұлулықты бұзып тұрған мына бір үстіндегі сұрықсыз сұр киім жəне оның сұрғылт тартқан тағдыры. Есімі-Əмина екен. Аты да əдемі өзінің. Мен микрофонды дайындап, сұхбат алуға көштім.
-Есімім-Əмина. ҚР қылмыстық заңының… -деп бастап, баптарын тізе жөнелді. Бапты жаттап көрмеген мен «сонда не қылмыс жасадың?» деймін түсінбей.
— Былтыр қаңтар айында баламды əжетханаға тастадым. Республикаға атышулы оқиға болған….
Мен қалшидым да қалдым. Қалшиған емес, миым шыңылдап кетті ме, əлде тынысым тарылды ма түсініксіз… басым айналып, аузыма сөз түспей, қаттым да қалдым. Тəжірибелі журналист деген атым болса да, мыңдаған интервью алған менің осы жолы аузыма сөз түспеді. Не сұрақ қоярымды білмегеннен емес, тілім байланғаннан не айтарымды білмедім. Ол сол бəзбаяғы қалпы басынан өткенді бір сарынмен баяндап тұр. Көзінің жанарында оты да сөнбеген. Мүмкін, жасаған қылмысын сездіртпей тұрған жастығы болар…
Ия, оның жасы небəрі 22 де.
-Балаларыма барам. Қызым Жансаям (əжетханаға тастаған баласы) күтіп жүр. Көпбалалы ана болам-дейді елпілдеп.
Ияяя, Адам дегеннің тағдыры күрделі-ау! Тағдырың тасқа тиіп, тірлігің аяқасты талқан боларын да сезбейсің. Итжандымыз біз… үш күннен соң көрге де үйренер пенде тірліктегі тауқыметті итшілеп жүріп кешеміз. Абақтыдағы ақжаулықтының бəрінің айтары «Бостандықты бағалаңыздар!»
Бостандық…. Бос уақытымыздың қадіріне қаншалықты жетіп жатырмыз осы біз!?
Мен микрофонды жинауға кірістім. Жинаған болуым керек… Шынымды айтсам, сұхбаттан кейінгі əрекетім есімде жоқ. Екі иінім түсіп, диванға кеп сылқ етіп отыра кеттім. Жан- жағым жазасын өтеген сұр киімді əйелдер. Сұп-сұр өмір, сұп-сұр мекеме, əртүрлі тағдыр, əртүрлі болашақ. Бірі қабағынан қар жауып жүрсе, бірі шат-шадыман. Бостандықтағылар да осындай ғой…. бірі қабағынан қар жауса, бірі шат-шадыман. Айырмашылығы сол-сұр киім. Жымиып əңгіме айтқан болам, бірақ ішім жылап тұр.
Құдіретім жетсе, бар əйелді бауырыма қысып, тар маңдайларына «тауқымет» емес, «бақыт» деп жазып, тар қапастың есігін ашып, таратып-ақ жіберер ем…
Менің қасыма жасы алпысқа таяған ана кеп отырды… тағы да бір сұр киім… тағы да бір сұр тағдыр… мен ілбіп микрофонды қостым… тағы да бір сұхбат… тағы да бір тауқымет…

Айдана Дайырова
elanasy.kz

Пікір қалдыру