Асқар Наймантаевтың анасы Рафия жайлы не білесіздер?

0

Біздіңше, «Тамашаның» тарландарының бірі Асқар Наймантаевтың өнер жолынан басқа таңдайтын соқпағы да болмаған тәрізді. Басқа балалар балабақшаға барып жатқанда, Асекең анасы мен әкесіне еріп, гастрольмен ел аралап, сонау Мәскеуге дейін барып қайтыпты. Алайда, бүгінгі әңгімеміз Асқар Наймантаев туралы емес, оның анасы — талайлы тағдыр иесі Рафия Райжанқызы жайында өрбімек.

Тарихи фотосуреттің тағдыры

Anamnyn-askeri-formasy– Менің анам Рафия Райжан­қызы 1942 жылы 14 мамырда Қытай Халық Республикасында, Құлжа қаласынан әрідегі Нылқы ауданының жайлауында, Қас өзенінің бойында дүниеге келген. Анасы Райхан ерте өмір­ден өткенде, үйде әжеміз Бопажан Ұлтараққызы, әкесінің қа­рын­дасы Рәпіш болыпты. Менің анам осы кісілердің тәр­бие­сінде өскен,– дейді Асекең.

Әкесі Райжан серілік құрған, оқымысты, орысша сауатты кісі болған екен. Әйелі өмірден озған соң, қызы 19-20 жасқа келгенше үйленбепті. Қызына есімін қазақшалап «Рәпия» емес, орыс әріптерімен «Рафия» деп жазуды үйреткен сол кісі көрінеді. Анасы сол күйі құжатта да «Ра­фия» деп көрсеткен. Райжан өнерлі адамдарды құрмет тұ­тып, дос болып жүргендіктен, кіш­кентай Рафияны 11 жасынан кәсіби өнерге баулу үшін Үрімжі қаласына, әскери ән-би мектебіне береді. Ол кезде Қытайда қалыптасқан тәртіп бойынша өнер мен әскери тәрбие қатар оқытылған. Тек қана би емес, ән айту, киім тігу, тоқыма, тамақтың түр-түрін әзірлеуді де бірге оқытқан. Өзгелерден өнерімен дараланып, еңбегімен еленген Рафия ән-би ансамблінің құрамына ерте ілігіп, бишілер тобымен Қытайдың аймақтарын аралап қана қоймай, шет елдерге де гастрольдік сапарға шыққан. 60-жылдардың басында әскери ансамбльдің құрамында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласына да барған.

– Анамның әңгімелерін еске түсірсем, ол кісі Бирма, Непал, Вьетнам елдерінде болыпты. «Біз Тибетке барып концерт берген күні Далай-лама қашып кетті» деп айтып отырушы еді. Қазақстаннан Сәбит Мұқанов бастаған делегация барғанда да солардың алдында өнер көрсетіп, қонақтарға шай тасып, қызмет жасапты, жарықтық,– дейді Асқар Наймантаев.

Асекеңнің қолында ұзындығы бір метрдей болатын, ортасында Мао көсем бар, жүздеген адам анық түскен тарихи фотосурет бар. Қандастарымыз 1963 жылы шекарадан бері өткенде біреулер «Маоның суретін өткізбейді, алып қояды!» деп сақтандырған екен. Соны естіген Рафия фотосуретті үшке бөліп, жүннің, көрпенің араларына тығып, қырағы шекарашылардың көзіне түсірмей аман алып өтіпті. Фотосуретте Бейжіңде өткен Қытай халықтарының үлкен құрылтайына келген делегаттардың сол кездегі ел үкіметінің басшыларын ортаға алып түскен сәті бейнеленген. Арасында Рафия Райжанқызы да бар. Құрылтай өтіп жатқан кезде әр ұлт өкілдері Маоның алдында өнер көрсететін мәдени бағдарлама болған. Бұл туралы Асқар Наймантаев былай дейді:

«Қазақ ұлтының атынан шық­қан өнерпаздардың бірі менің анам Рафия Райжанқызы екен! Көрсетілім біткен соң төр­аға Мао әртістерге алғыс айтып, қолдарын алып, риза­шылығын білдіріп келе жатып, менің анама келгенде тоқтап қалады. Анамның қолын алып: «Кішкентай қыз, атың кім?», деп сұрайды. Анам таза қытайша жауап береді. «О, хансусың ба?». «Жоқ, қазақтың қызымын, хансу тілін жақсы білемін», деп жауап береді анам.

Мао оған күліп, риза болып: «Үстіңдегі киімің болмаса, хансудың қызы сияқты екенсің, бақытты бол, кішкентай қазақ!» депті.

КГБ-ның қырына іліну хикаясы

Жастайынан өнер жолына түсіп, ел назарына ілінген Рафия Райжанқызы бұлаңдап ерке өскен. Мінезі тік, ойындағысын бүкпесіз айтып салатын қайсарлығы бар. Осы орайда, тағы бір оқиға еске түседі. 1970 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданының халық театры Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына Мәскеуге барған. Бұл Рафия Рай­жанқызының Мәскеуге үшінші мәрте, енді Кеңес Ода­ғының азаматы ретінде баруы. Мұндай үлкен шараны дүрілдетіп өткізу үшін үкімет пен партия аянып қалмайтыны түсінікті. Нарынқол халық теа­трын Алматыдан атақты өнер майталмандары келіп даярлап, ұлт аспаптар оркестрін, бишілер тобын, Нарынқол ауданының өнерпаздарын қосып, жүздеген адамды Мәскеуге апарады. Беске енді толған кішкентай Асқар да ата-анасына еріп, Мәскеуге кете барады.

– Есімде қалғаны, көшеде қазақтың ұлттық киімімен жүрдік. Өз киіміммен жүрген мен ғана. Қызыл алаңда жүргенімізде көк китель киген Қытай азаматтары да суретке түсіп жүр екен. Әкем Әбдіғалым Наймантаевпен қалжыңдасып жүретін бір досы: «Әбеке, Рекең анау қытайлармен сөйлесе ала ма? Тіл білемін дегені рас па, өзі?», деп қалады. Оны естіп, намыстанған анам әлгі қытайларға барып «Сіз­дермен суретке түсуге бола ма?» деп хансу тілінде айтады. Қызыл алаңда өз тілінде сөйлеп тұрған әдемі көйлекті кө­рікті келіншекке таңдана қара­ған қытайлар суретке тү­сіре бастайды. Ол сәт еміс-еміс менің де есімде, шүлдірлеп бір­деңе айтып, мені де суретке түсіріп, анамды да, әкемді де, сол арада жүрген қазақтарды да сыртылдатып жүрді. «Тілді қайдан білесіз, қайдан, неге келдіңіз?», деген сұрақтар екен сондағысы. Анам оларға жауап берген,– деп еске алды өзі.

Кейін Мәскеуден Алматыға келген бетте вокзалдан әкесі мен анасын кішкентай Асқармен бірге КГБ-ның қызметкерлері күтіп алады… Содан ұзақ сонар тергеу, тексеру басталады. Ол кезде Кеңес Одағы мен Қытайдың ара-қатынасы мәз емес, саяси жағдай шиеленісіп тұрған уақыт. Оның үстіне өздері алып елмен шекараласатын ауданда тұрады. Шекара жиі бұзылады. Ол жақтан біреу қашып өтті десе, өтпек болды десе де Әбдіғалым Наймантаевтың үйін тінтетін болып алады… Аудандағы мәдениет қызметкерлеріне берілетін «Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» деген үлкен атақ та қанша жыл еңбек сіңірген өнерлі отбасына бұйырмай-ақ қояды. Анасы да, әкесі де сол атаққа жылда ұсынылатын. Бірақ, кейін белгілі болғандай, бұл «үш әріптің» «күдікті адамдар тізіміне» кіргізіп қойғанының кесірі екен.

Қытайда туып-өсіп, атамекенін аңсап жеткен Рафия Райжанқызының бұл жақта өнерлі азаматпен шаңырақ кө­теруінің өзі сәтін салған оқиға десек болады. 1963 жылы Қазақ­станның халық әртісі Дәнеш Рақышев Алматы облысының Панфилов ауданында Үшарал халық театрын ашқанда Әбді­ғалым Наймантаев екеуі осы теа­трда жүріп танысқан.

– Дәнеш ағамен анам Қытайда да бірге қызмет атқарған, анаммен рулас, әкесін білетін, аға-қарындас болып сыйласқан жандар еді. Мен Дәнеш ағаны «нағашы» дейтінмін. Сол теа­тр құрамында Мәскеуге барады. Бұл – анамның екінші баруы. Сол кезде өнері көзге түсіп, кейін­нен Нарынқол халық теа­трына шақырту алады. 1964 жылы үйленген әкем мен анам екеуі қол ұстасып Нарынқолға келеді. 1965 жылы мен сол Нарынқолда дүние есігін аштым.

27 жылдан кейін қауышу

Асқардың анасы өте зерек адам еді. Өзін тәрбиелеп өсірген әжесін, әкесінің қарындасы Рәпішті отбасымен бірге ертіп, 1963 жылдың 22 ақпанында шекарадан бері қарай алып өткен. Әкесі Райжан жаңа үйленген, жас баласы бар, «ертең өтемін» деп арғы бетте қалып қояды. Алайда, дәл бір күн өткенде 23 ақпанда Қытай мен Кеңес Ода­ғының арасындағы шекара жабылып, әкесі арғы жақта қала берді.

– 1990 жылдың сәуір айында анамды Қытайға алып бардым. Араға 27 жыл салып туған жерімен, бауырларымен қайта қауышты. Шекарадан әрі өте сала кеденшілер мен шек-а­рашылар тексерген кезде 27 жыл сөйлемеген хансу тілінде бірден тап-таза сөйлеп кетті. Құлжаға бара жатқанда жаны­мызға бір шекарашы отырған. Анам одан әр нәрсені сұрап, әңгімелесіп келді. Бір кезде маған қарап «Балам-ау, мен тілді ұмытпаппын ғой, манадан бері мына мен сөйлесіп отырмын ғой, шынымен», – деп күлді…

Әкесі мен анасының көзін көргендер әлі күнге дейін «Шір­кін-ай, Рафияның салған әні қандай?! Мың бұрала билеген биі қандай?! Соншама киімді қалай жылдам ауыстырады?! Ойбұй, төбесіне қойған кесесі құлап кетпесе екен деп отырушы едік», деп сағына еске алады. Анасы он сегіз тілде ән айтатын. Дүние жүзі халықтарының биін билейтін.

Анасының құрсағында жүріп-ақ ән-жырдың, өнердің қасиеті қанына сіңген Асқар Наймантаев бүгінде Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі. Нарынқол халық театрында бала күнін өткіз­ген өнердегі жолы М.Әуезов атын­дағы «әкем­театрға» бастады. «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Еңлік­тің баласының орнына жөргектегі кезінде шыққан актер. Ш.Айтматов, М.Мақатаев, Ж.Аймауытов сынды қалам­герлердің классикалық туындыларында соқталы рөлдерді сомдады. Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев сынды атақты режиссерлермен бірге жұмыс істеді. «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы да халыққа танымал болды.

Анасы Рафия Райжанқызы сүйген жарына, еліне, бала кезден шыққан сахнасына адалдығын сақтап өмірден озды. Әйтеуір, жалғыз ұлы Асқардың елге танылғанын, келіні Майраны, екі немересі Ділбар мен Бекнарды көріп, есімдерін өзі қойып кетті. Сол жанға жұбаныш…

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Пікір қалдыру