СӘКЕН СҮЙГЕН СҰЛУДЫҢ АРМАНЫ НЕ?..

0

Серіліктің, сұлулықтың символындай Сәкен әлемі уақыт озған сайын тылсым тереңіне тарта түсетін сияқтанады. Ел мүддесі жолында құрбан болған есіл ердің басқа шығармаларын айтпай-ақ, отыз жастың о жақ, бұ жағында жазған атақты «Тар жол, тайғақ кешу» туындысының құны да күндер өткен сайын арта түскендей сезіледі. 

Осы деректі дүниеде аяулы қазақ қыздарының келбеті кестеленген беттер біраз бар. Ал келешекте күрделі Сәкен тағдырының небір нәзік қалтарыс-қырларын қамтитын талай шығарма туар.
Мұны ойлағанда есіме Сейфолланың Сәкені өмірінің кейбір кезеңдері бейнеленетін Тәкен Әлімқұловтың «Көкейкесті» әңгімесі мен Өмір Кәріпұлының «Саятшы» повестері оралды. Одан соң бүкіл ғұмырын сәкентануға сарп еткен Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың «Сәкен сүйген сұлулар» (кейінгі басылымында «Сәкен аялаған арулар») аталатын кітабы еске түседі. Аталған еңбекті жазуға не түрткі болғанын Тұрсекеңнің өзінен сұрауды жөн көргенбіз. Одан соң осындағы жағдайларды қысқаша шолып шығуын өтінгенбіз.

***

– Сәкенге жолдас болғаны үшін сотталған Қаскей Өтекин деген ақсақал өткен. Естуің бар ма? 1993 жылы тоқсан үшке келіп өмірден озды. Сол кісіні 1985 жылы әдейілеп іздеп бардым. Сәкен үш мәрте шаңырақ көтерген адам ғой. Оларды біршама зерттеп алған соң, жағдайды тереңірек қаузау ниеті туындады. Әлгі жерде Қасекеңнен кезінде досыңызға басқа қандай адамдардың көзі түсіп еді, Сәкеннің ұнатқан қыздары кім, нендей жанмен аралас-құралас жүрді деген нәрселерді білгім келіп, үйінде үш күн жаттым. Қасыма ерген облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы Жанайдар Мусин бар; сол екеуміз шалдың сексен бес жылдығын өткізіп отырып, айтшы аға, сондай жағдайды деп, ақсақалды ортаға алып күні-түні әңгімелестік. Көп жәйт қамтылды. Оның бәрі де қажет сөздер еді. Әйткенмен, ағайды үйіріп әкеліп әлгі көздеген тақырыбыма саламын. Жүрмейді. Бұлтарып, басқа бағытқа ауысып діңкелетті.
– Неге өйтті екен…
– Иә, мен де: «Мұныңыз не. Неге жүрмейсіз?!» деймін ғой. – «Сендердің ауыздарыңа сөз тұрмайды. Ал қазір ол әйелдердің бала-шағасы өсіп-жетіліп, ел басында отыр. Шешелерінің, не апаларының Сәкенмен қатар өткізген кездерін естісе, олардың бірі қызғануы мүмкін, екіншісі қуанар, үшіншісінің шатақ іздемесін қайдан білесің. Сондықтан, сендерге ашпаймын о жағын, әуре болмаңдар» – деді. Расында, осының бәрі адамгершіліктің парасаты ғой. Кім-кімге көзі түсті, кім-кіммен жүрді дейтін мәселені даурықтыра бергеннен ештеңе өнбейді. Ыңғайсыздық туындауы ықтимал. Сол себепті, мен де Сәкен төңірегіндегі қыз-қырқынның кейбірін айтпаймын саған…

***

Тұрсекең өстіді. Қанша қолқалағанмен, айтқанынан қайтпай, Сәкеннің тек үш әйелі туралы қысқа ғана баяндауға келісті. Шынында да, тарихи тұлғалардың артынан ерген алыпқашпа сөзге елігу онша абырой бола қоймас дегенбіз. Сөйтіп, ғалым ағаның осы әңгімесінің өзін олжа көрдік.
– Бірінші әйелі Рахима деген апаларың болған. Ол бір Уәли Халфин деген Ақмола алпауытының қызы екен. Керемет сұлу көрінеді. Бойында әлденеше халықтың қаны араласқан қараторының реңдісі, оттай жарқыраған жанар, кең маңдай, аққу мойын, тоқ балтыр, кербез аяқ алыс… Сирек кездесетін айдай ажары бар Арқа аруы.
– Әдемі суреттедіңіз.
– Хе-е… Енді, расы солай боп тұр ғой. Әкесі байғұс қызы мен Сәкеннің ара-қатынасы туралы естігенде іштей қатты насаттанса керек. Өмір бойы жарлы-жақыбайдың қанын теспей сорған озбыр кісі іс басында жүрген күйеубаланың шапағатынан дәмеленбей ме. Бай-құлақты жаппай тәркілеуге кіріскен Совет өкіметінің қаһарынан құтқара ма деп үміттенбей ме. Бірақ сыр алдырмай, құдалыққа барған Сәкеннің жолдастарын: «Кейін, кейін! Жастар өздері шешсін» деген екіұдай жауаппен қайтарыпты.
– Сәкеннің ол әйелімен көп отаса алмауының себебі не?
– Тікбақайлау болып шықса керек. Мінез шығара бастайды. Қазан-ошаққа да оралымсыз секілді. Сәкеннің келім-кетім кісісіне де дұрыс қарамай, тыжырынып, аяқ-табақ сылдыры жиілеп кетеді. Және шектен тыс қызғанышы өршіп, күйеуіне «ана әйел неге отыр бөлмеңде» дегендей жағаласып, беттен алу көбейеді. Әмбе әкемді салықтан босат, қалайда аман алып қал, көмектес деген мағынада зарлай беріпті…
– Одан соң, өзі, ақын-жазушыға жар болу деген де оңай нәрсе емес шығар.
– Иә, ажырасуға сондай жағдайлар да себеп болғандай. Әлкей ағай да: «Жазушылар қызық қой. Кішкентайға ырза болып қалады да, болмашыға бұртия салады. Ұстараның жүзі сияқты қылпылдап тұрады. Талайымен араласып көрдік. Міне, Сәкенде де сол мінез бар еді» деген екен. Бірде дана, бірде бала, ақын Сәкенде сондай аумалы-төкпелі мінез жоқ емес, Рахима туралы: «Күнде қас қарая далаға менсіз шықпайды. Қашанғы жетелеп жүрмекпін!» деп аузын бұртитатыны болыпты өзінің де.
– Рахима апамыздың Сәкеннен кейінгі тағдыры не болды екен?
– Сәкен ұсталар қарсаңда өз жөнін табады. Көп ұзамай Болғанбаев деген белгілі бір кісіге тұрмысқа шығады.
– Сәкен ағамыздың екінші жолдасы кім?
– Гүлнәр Мусина. Ел-жұртқа «Көкеш» деген атпен белгілі. Сағал қыпшақтың қызы. Ол да өте көрікті екен. Оның да Сәкенге қосылуы қызық. Әлгі Қаскей Өтекиннің туған ағасы Әлкей де Сәкеннің үзеңгі жолдасы, еркөңілдігіне парасаты сай көшелі азамат көрінеді. Ол да Сәкен Совнарком төрағасы болып тұрған тұста сол мекемеде жауапты қызмет атқарған адам. Міне, ағайынды осы екеуі Сәкенді біздің елде Көкеш деген бір сұлу бар деп қызықтырмай ма. Бұған Сәкен де елеңдеп қалады. Аяғында Қаскей жоспар құрады. Ағасына: «біз Сәкен екеуміз Бурабайға демалыс үйіне кетейік, ал сен әкейге айт, Сәкенді арнайы келіп ауылға қонаққа шақырсын» деп тапсырма беріпті. Өзара келісіп, Сәкен мен Көкеш екеуін таныстырудың ең оңтайлы жолы осы деп ұйғарысады. Бұл ой жүзеге асады. Әкелері сонау Көкшетаудан үш жүз шақырым шалғайда жатқан Қойтас дейтін жерден әдейі келіп, ақынды қонаққа шақырады. Барғаннан кейін тай сойып, қол қусырып күтіпті. Осылай ретін тауып Көкешпен кездестірген ғой. Қызық болғанда, дәл сол сәт әлгі ауылға Көкештің атастырылған күйеуі Пейруша деген жігіт те қалыңдығын алып кетуге келіп жатады.
– Қиын жағдай екен. Сәкен мен Көкеш қалай қарайды бұған? Жүздескен бойда ұнатқан ба бір-бірін…
– Сөйткен боп тұр ғой. Жолдастары оңаша қалған бір мезетте қалай екен дегендей Сәкеннен тұспалдап сұраса, «иә, жарайды енді. Болады екен. Бірақ қыздың өз ықтиярын білейік те» депті. Көкеш те Сәкендей жігітті көргенде оң мен солын ұмытып, құлап түскендей. Дегенмен, керемет өрмінез, намысқой қыз іш алдыра қоймай, Сәкеннің ер соңымнан деген тілегіне: «Біраз күн тосыңыз. Дәл қазір реті келе қоймас» дейді. Бұдан да, әрине, кетәрі еместігі сезіліп тұр. Осыны аңдаған Сәкен әй-шәйге қарасын ба, әлгі жерде: «Жоқ, айналайын, анау-мынауға соза беретін уақыт жоқ. Жүрсең осы жолы жүресің. Жүрмесең қош-сау бол деген жайға тоқтаймыз» деп шорт кесіпті. Сөйтіп, Көкеш Сәкеннің етегінен ұстайды.
– Пейруша қайтіпті?
– Қайтсін. Көнеді де тағдырдың салғанына. Ол Сәкенді жақсы біледі. Екеуі приходская школада бірге оқыған жігіттер. Мән-жайға қаныққан соң Сәкенге жолығып: «Әй, Сәкен, сен екеуміз бір Ақмоланың адамы едік. Енді бір шүйкебасқа таласып, итше ырылдасып жатсақ жараспас. Сенің атақ-даңқың бар. Маған қарағанда бақ-талайың да, сән-салтанатың да жеткілікті жігітсің.Тағы біреу кездесер саған. Қайт райдан. Жолдың үстімен келіп едім, енді жердің астымен қайтарма мені!» деп өтініш жасайды. Сонда Сәкен: «Енді, заман басқа ғой қазір. Әйелдер кімге қосыламын десе өз еркі. Көкеш саған барамын десе ешбір қарсылық жоқ. Өзі жасасын таңдауды» деп Гүлнәр – Көкешке әбден көңілі кеткендігін байқатады. Қысқасы, ертеңіне жаңа қосылған екеу Ертіс бойымен Черлак жұмысшы поселкесін бетке алады. Одан – Омбыға, Омбыдан Мәскеуге өтеді. Сөйтіп, Орынборға келіп табан тірейді.
– Бірақ бұл отаудың да шаңырағы тез шайқалады…
– Еуропа тәртібіне түсетін сәт тумай ма. Еуропа киімін кию керек қой. Әлгі қазақ киімімен, бүрмелі көйлек, үкілі кәмшатпен малынып, керемет көріктеніп отырған Көкеш жүнін жұлған тауықтай болып сымпиып шыға келіпті. Сосын, қалай дегенмен, білімсіз, оқымаған адам. Соның бәрі бірден көзге ұрады. Және Көкеш те Сәкеннің қызметінің мәнін, өмірлік мүддесін түсінуі былай тұрсын, жұмыстан сәл кешіксе де, жиналыста бөгеліп қалса да, қайда жүрсің, қай әйелмен кездесіп қойдың дегендей түртпектеп, түрлі күдікті көбейте бастайды. Әңгіме жараспаған соң іс оңа ма. Осындай жағдаймен, біртіндеп, екеуінің отаса алмайтыны түсінікті болады. Содан Сәкен күндердің бір күнінде: «Сен, осы, ауылды сағынған жоқсың ба? Өзіңді ел-жұртың да сарғайып күтіп отырған шығар. Ақмолаға баратын бір ноғай жігітіне жолығып қалып ем. Сол ауылына дейін жеткізіп салайын деді. Еліңе барып қайтсайшы» дегенде Көкештің де жүзі бал-бұл жайнап сала беріпті. Дағдыланбаған қала тірлігінен запы болып, құсаланып жүрген-ау. Бірақ күйеуінің өзін біржола қайтарғалы отырғанын сезбейді. Сәкен Гүлнәрдің Мұхамедрақым деген жездесіне әлгі ноғай арқылы: «Мына Көкеш қайтып бара жатыр. Біз шаңырақ құратын деңгейде емес екенбіз. Ғафу өтінем» деген мазмұнда хат жазады.
– Е-е, бұл да бір жатқан драма екен де.
– Иә, қым-қуыт, күрделі нәрсе. Қойшы, ақыры, келгеннен кейін жездесі жайлап отырып балдызына ахуалдың ақиқатын ашып береді ғой. Кісі өлгеннен жаман болды дейді. Көкеш естен танып, жылап-сықтап, әлгі үйде бір айға жуық тыпыр етпей жатып қалады. Әйткенмен, ақырындап өз-өзіне келген соң Омбыға тартады. Одан Ташкентке келіп оқуға түседі. Кейін түрлі қызмет атқарған. Өмірінің соңындағы жұмысы – Шымкенттегі кинотеатр директорлығы. Бір ғажабы, жаңа айттық, анау Рахима қазақтың бір атақты азаматына тұрмысқа шықты. Ол жігіт үйленерінде Сәкеннің алдынан өтіп рұқсат сұрапты. Рахима жолын тапты. Ал Көкеш Сәкеннен кейін күйеуге тимеген. Осындай тағдыр Сәкеннің заңды үшінші зайыбы Гүлбарам апайдың да басына түседі. Сәкеннен жиырма тоғыз жасында жесір қалған Гүлекең өле-өлгенше Сәкенді жоқтаумен өтті. Өзім талай кездесіп, жақсы араласып, көп жайға сол кісі арқылы қанықтым ғой.
– Сәкеннің Гүлбарам шешемізге қосылуы қалай болған?
– Қайып Айнабеков деген атақты ақын бар ғой, сол Гүлбарамның әкесі Батырбек екеуі ағайынды адамдар. Қайып кіші. Сонда мына Гүлбарам (Гүлбаһрам) Қайыпқа немере қарындас емес пе. Сәкен Совнаркомдықтан босайды… Сосын елге келеді. Елге келіп біраз жатқан соң Орынборға қайтып бара жатқан кезде Қайып оған: «Менің сонда қарындасым оқушы еді. Соған үйден сәлемдеме ала кетші» деп қолқа салады. Оның алдында Гүлбарамның атастырылған жігіті аттан құлап, мерт болып кетіпті. Сол шақта ағайындары әлгі, әмеңгерлік заңы бар, анау-мынау деген әңгімелер шығарғанда Гүлбарам: «Ондайларыңды қойыңдар! Мен оқуға кеттім» деп Петропавлға аттанады. Совпартшколаға қабылданады. Қайыптың не ойлағанын кім білсін, оқуда жүрген қарындасын, бір жағынан қызы да ғой, Сәкенмен таныссын деген ниеттен бе екен: «Аздаған ет бар еді, тағы да бірдеңелер жіберейік, ала кетші» деп өтінеді. Сәкен тіксініңкіреп: «Өй, оларыңды қалай сүйретіп жүремін! Одан да ақша бере салмайсыңдар ма, төс қалтаға сыйып кететін» дейді. Петропавлға жеткеннен кейін Совпартшколдың директорының үйіне түсіпті. Ол да ертеден танитын адамы. Соған: «Сендерде осындай бір қыз оқиды екен. Ағалары менен бір хат беріп жіберіп еді» дегенде оқу орнының басшысы елп етіп: «иә, ондай адам бар» деп, Гүлбарамды дереу таптырып, шақыртып алады. О кезде қазақ қыздары қазіргідей жалғыз жүре ме, қасына ерткен екі-үш құрбысымен іздеген бойжеткен де келеді. Сәкен оған сәлемдемені тапсырып болып: «Шырағым, менің бір қолжазбаларым бар еді. Ертең келіп соны көшіруге көмектессең қайтеді» дейді. – «Жарайды, аға. Жолдастарымды ерте келейін бе?». – «Жо-о, шырағым, өзің де жетесің ғой. Аса көп жұмыс емес, үлгересің»… Сөйтсе, айтқан шаруасы қыздың өз ағасы Қайып Айнабековтің Қызылордадан шығартқалы жүрген өлеңдер жинағы екен. Соны ұқыптап көшіртіп алыпты.
– Ақын-жазушылар да өзіндік психологтік қасиеті бар сезімтал адамдар ғой…
– Әлбетте, бұ кезге дейін жар таңдау жағынан біраз аузы күйіп, «тәжірибе» жинақтап қалған сұңқар Сәкен осы жолы жалт етіп бір қарағаннан әлгі қызбен ерекше жан туыстығын сезінсе керек. Сүйріктей саусақтары майысып, тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындап бергенінен-ақ Гүлбарамның сауаттылығын, тазалығын байқайды. Ашық мінезін, батылдығын, бірбеткейлігін ұнатады. Серік болуға жарайтын адам екенін аңғарады. Сөйтіп, сөз арасында: «Шырағым, сен біздің Қызылордаға келіп оқысайшы. Онда да дәл осындай Совпартшкол бар» деп ұсыныс жасап қалады. «Оны көреміз уақытында» деп Гүлбарам кетеді. Көп ұзамай Сәкеннен хат келе бастайды. Ақын ағасы күнделікті жағдайын айтқан болып, аяулы қарындасына жан сырын ашқысы келетіндей. Тіпті, бірде Ташкенттен кровать секілді біраз бұйымдар алдырғанын айтыпты; бағасы қымбаттау ма, қалай деп, өзара тұрмыстық әңгімеге тартыпты. Қыз да қысқаша ғана жауап қатып жүріпті. Бірақ онысы «кроватыңызбен қызықтыра алмайсыз мені» дегендей жауаптар екен. Сөйтіп жүрген уақытында «Еңбекші қазақ» газетінде «Гүлбарамға. Совпарттағы қарындасыма» деген өлең жарқ ете түседі. Гүлбарам тәтей:
– Елден келдің қалаға
Оқу іздеп, шырағым.
Жүрмегейсің ұмытып,
Ауылдың алыс-жырағын, – деп басталатын жиырма сегіз шумақтан тұратын осы жыр жарияланғаннан кейін барар жер, басар тауым қалмағандай күйге түстім; енді қалайда Қызылордаға жетуім керек деген намыс билеп алды, – дейді. Сөйтіпті де, ойлана келе: «Жылдың аяғында, декабрьдің соңына қарай жолға шығамын» деп хабар жөнелтеді. Бұл – 1926 жылы желтоқсан айында болған жағдай. Екеуі осылай қосылады…

***

– Күндердің күнінде Сәкен мен Гүлбарамның арасына Ғалия деген біреу килігеді. Ол – Қазақтың атты әскер полкінің командирі Тоқтасын Әлиевтің асырап алған қызы екен.
– Сол қыз Сәкеннің қыр соңынан қалмауға айналады. Жұмысқа барса – жұмысына дейін, қайтарында күтіп тұрып үйіне жеткенше ілесіпті те жүріпті. Жолда шап беріп мойнына оратыла кетіп, тас кенеше жабысып алып, аузынан сүйіп, зықысын шығарады. Аңғал ақын бұл пәледен қалай қашып құтыларын білмей, дәрменсіз күйге түседі де қалады. Енді осының бәрін көрмей ме жұрт… Ішіндегі біреулері жеткізбей ме әйеліне… Осындайдың әлегінен жаңа босанып отырған Гүлбарам апай шамырқанып, жас сәбиі Лаураны жөргегіне орап алады да, Москваға, Қызыл профессура институтында оқып жатқан Сәбит Мұқановтың пәтеріне бір-ақ тартады. Тіпті, барған бойда Орталық Партия Комитетінің жанындағы стенография курсына оқуға да түсіп үлгеріпті. Сәкен, әрине, бастапқыда бірталай күйінгенімен, зайыбының бұл шешіміне қатты риза болған секілді. Кейінірек: «Гүлбарам, сенің оқу іздеп Мәскеуге кеткенің абырой болды ғой. Әйтпесе Сәкенді әйелі тастап кетті деген сөзге қалар ем. Қадамыңды құптаймын. Жақсылап білім ал. Арасында мүмкіндік туындап жатса, келіп те қайтасың ба, қайтесің?» деген мәнзелде хат жазады. Дегенмен, үй ішінің шырқы бұзылған соң жағдай түсінікті емес пе, Гүлбарам апай қайтпай, бір қыс, бір жаз Мәскеуді мекендеп қалады. Тек құлағына, ол сөзді де кімнің шығарғаны белгісіз, «ойбай, Сәкен үйленгелі жатыр екен» деген қауесет жеткенде оқуды да, бәрін тастап, жедел түрде Алматыға келіпті.
– О тұста Алматы шағын ғана қала ғой…
– Ол рас, ауылдай ғана шаһар онда. Гүлекең астанаға келгенімен, өз отауларына соқпай, Абдолла Асылбеков дейтін азаматтың үйіне түседі. Ашу-ызасы басыла қоймаған-ау. Қаланың шағындығынан да шығар, ертеңіне Абдолланың зайыбы – Бәнудің қолқалауымен Опера театрының концертіне барған екен, Гүлбарамның оралуынан көп ел құлақтанып қалыпты. Әйелінің келгенін Сәкен де естиді. Сол бойда інісі Мәжитке бір жігітті қосып, «барып алып келіңдер жеңгелеріңді» деп жұмсамай ма. Бұлар барып, амандасып, мән-жайларын айтқанда Гүлекең: «Е, сондай-ақ немене, мен өз аяғыммен жетіп бара қоятындай! Жоқ, мен мұнда ойын көруге келгем. Қайтамын ертеңдері Мәскеуге!» деп қайындарын тепсініңкірей қабылдапты. Содан араға бір күн салып Сәкеннің өзі келеді. Келгенде, Абдолланың келіншегі шай құйып беріп отырғанын көреді. Оған: «Әй, Бәну, осы шайды өзіміз де құйып іше аламыз. Бізді бір оңаша қалдыршы!» – дейді. Ондайда әйелдер сылтау табады ғой, Бәну елпілдеп: «Е, жақсы болды ғой, өзім де дүкенге бармақшы болып асығыңқырап отыр ем!» – деп шығып кетеді. Бертініректе сол сәттегі сөзді Гүлбарам апай өзі айтып беріп еді маған. «Сәкен ағаң: қандай айып тақсаң да бәрін көтеремін. Кінә менде. Кешіре алсаң кешір. Бір ашуыңды қи маған деп қиылғанда, не болғанымды білмей кеттім. Мойнына барып асылып, көз жасына ерік бердім. Шынында, Сәкеннің бәлендей кінәсі де жоқ еді менің алдымда. Қайдағы бір өсек-аяңға малданған өзім де оңбаймын ғой. Сөйтіп табыстық» деп сыр қылып ағытқаны бар. 1936 жылы Аян деген ұлдары туады. (О баланың есімін Мұхтар Әуезов қойған екен). Бірақ ол ұл жер ауып бара жатқан уақытында пойыз үстінде шетінеп кетіпті. Көкшетауда жерленген. Тұңғыштары Лаурадан да айырылып қалғаны ертеден мәлім… Гүлбарам Сәкен тұтқындалғаннан кейін ерінің көзіне шөп салмақ былай тұрсын, еркек атаулыны маңына жуытпаған адам. Отызға жетпей жесір қалған сәттен бар арманы Сәкен болып өткен. Тіпті, мынандай да жағдайлар бар… Сәкеннің ақталуына біздің Жазушылар одағының немесе басқа ұйымдардың ешқайсының, тіпті, туған інісі Мәжиттің де жәрдемі тимеген. Сонда аяғы жеткен жерге дейін барып, сөзі жеткен жерге дейін жазып, ақыры, жан жарын жаладан арашалап алған Гүлбарам тәтей еді. Сәкен ұсталғандардың – соңғысы, ақталғандардың біріншісі болды. Гүлбарамның табандылығының, Гүлбарамның азаматтығының арқасында.

***

Тұрсекең ақын тағдырына араласқан өзге арулар жөнінде жақ ашпаймын дегенімен, «Сәкен сүйген сұлулар» кітабын парақтасаңыз, Гүлшаһра (Гүлия) Досымбекова, Қабиба сұлу, Үміт (Үмила), Нина Мокина, Меруерт дегендей есімдерді ұшыратасыз.
Соған қарағанда, шыншыл қаламгер ауызекі әңгімеде көңіл түкпіріндегі сырды ақтара салғысы келмегенімен, ақ парақ алдында арымен беттескендей, ештеңені іркіп қала алмайтындай.
Ал әйгілі Галина Серебрякованың Сәкенге қатысы туралы сөз өз алдына бөлек нәрсе. Осы бір ғажайып әйел Сәкенді алғаш байқаған сәтте сүт пісірімдей уақыт аңырып тұрып қалыпты деуші еді. Бұл көрініске кездейсоқ куә болған Александр Фадеевтің: «Мынау Шығыстың сан алуан гүлінің жұпар иісі сіңген Сәкен серіні енді көріп, елітіп тұрсыз ба?!» деген әзілінен көзіқарақты жұрт хабардар болар.
Сол секілді, Сәкеннің Сібірде тоғыз айдай атаман Анненковтың «тозақ вагонынан» өтіп, Колчактың Омбыдағы лагерінен қашып шығатынын білеміз. Сол сапар оның Татарка – Славгород – Павлодар – Баянауыл арасын жаяу кезіп, Сарыадырдағы нағашысына жетіп жығылатыны да белгілі. Ақын жолай кездесетін Сәулім деген әнші қыздың кескінін «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында өзі де керемет баяндаған. «Біздің жақта» деген өлең сол сұлуға арналған екен. Тұрсынбек аға Сәкен жүрегін жылытқан осынау жанды кейін қартайған шағында көріпті. Ал:
– Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңіретіп, өлеңдетіп.
Астымда ақбоз атым – сылаң сағым,
Жалтақтап, құлақтарын елеңдетіп…

Торғындай перде болар түнгі мұнар,
Ерніңнен ішкен балға қанбас құмар.
Құшақтап қанша сүйсең келген сайын,
Шалқыған емес көңіл, емес тынар.
Әй, сүмбіл шаш,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзім, – деген ән Сәния аруға арналған көрінеді.
Біз Сәкеннің өз ағайынымыз қаракесек – керней Сәдуақасұлы Мақаштың Гүлбадан деген қызына үйленбек болғанын да бала кезден естуші ек. Бірақ қыздың ағалары қарындастарын бермей, жолдан алып қалыпты. Бұл да дербес хикаят…
Қозғалып отырған тақырыпты әркім әрқалай қабылдайтыны түсінікті. Бірақ Тұрсекеңнің «Сүрбойдақ Сәкеннің жүріс-тұрысындағы артық-кем жайларды жеңілтектікке апарып теңей салу қисынсыз» дегеніндей, осынау күрделі жәйтке біржақты қарасақ жаңсақтық болар еді. Сәкен де Гүлбарам апайға дейін шарқ ұрып жан үйлесімін іздеген, сәйкестікке ұмтылған.
…Тұрсынбек ағаның үнтаспадағы қоңыр дауысы әңгіме дәл қазір ғана айтылғандай күмбірлеп тұр.

(Құлтөлеу МҰҚАШ. «Жас Қазақ». 26.11.2016 ж.)

(Басты беттегі сурет: Гүлбаһрам Сейфуллина. Алматы, 1972 ж.)

Пікір қалдыру