Оразкүл Асанғазықызы: Немерелеріме қарап отырып, әжем есіме түседі…

0

— Менің əжем Ырысбала өз заманының ең мейірімді жан десем артық болар. Себебі сол замандағы əженің бəрі де иманды, парасатты болған ғой. Өз ұрпағына берері мол сондай аналардың арқасында қазақ халқының көп мұрасы жадымызда қалды.

Мысалы менің əжем сауатты кісі еді. Арапша қаріп танып, молдадан сабақ алған. Сол білімі арқылы бүкіл ауылға, елге сыйлы болды. Сонымен қатар, өмірден тоқығаны көп, аузы дуалы ана болды. Әрі жеңіл-желпі ауру-сырқауды емдей білетін қасиеті де бар еді.

Бір кездерде байдың ұрпағы болудың өзі қылмыс еді. Ал туасынан дәнді-дәулетті болған біздің әулетті бұл «атақ» айналып өтпегені анық. Себебі заман сондай болатын. Бар мүліктері кəмпескеленіп, өздері отбасымен Ауғанстан мен Түркіменстанға барып, бас сауғалаған екен. Күллі бір әулет көрген тауқыметтен әжем де қашып құтыла алмағаны белгілі. Алайда, шет жерде жүрсе де қазақы болмысын ұмытпаған. Қазақтың ата-бабадан бері жалғасқан салт-дәстүрін, ұлттық өнерінің сабағын үзбеген. Сол ісмерлігі арқылы түркімен əйелдерінің көйлегін тігіп, байырғы дəулетін, ырысын қайтарып, елге ақ түйеге жүк артып, қайта оралған екен.

Ес кіріп, етек ұзарғаннан əжемнің əңгімесімен өскен қыздың бірі өзіммін. Ертегі, дастан дейсіз бе, батырлар жыры дейсіз бе, ғашықтар мұңы дейсіз бе, бəрін де жатқа айтып отыратын. Одан бөлек адамдық қасиеттерді, қыз балаға тəн бүкіл мəнді сөз бен тəрбиені үйретіп кеткен адам – сол әжем еді. Əсіресе пенде ретінде бір хақ Құдайға деген сүйіспеншілікті, имандылықты айтып, құран сүрелерін жаттатты. Бұл да бір «жақсы адам болсын» деген амалы екен ғой. Əлі есімде, апам ылғи «Сабыры бар адам – сары алтын. Бойындағы саф алтыны – сабырын жоғалтқан адамнан жарыған сөз шықпайды. Біз бəрін көрген адамбыз. Барыңды адам алса, түк емес. Уақыты келгенде бергеніңді аларсың. Ең бастысы, Алла барыңды алмасын. Сондықтан не қиындыққа да сабырмен қарау керек» дейтін. Осы бір сөзін оның ұрпағы ретінде өмірлік ұстаным еттік. Апамның арқасында қазақы сөздің қаймағын қалқып, майын іштік. Үй шаруасына бейімді болдық. Бастысы адам болып қала білуді үйрендік. Әжемнің бала  тəрбиесіне келгенде айтары көп еді. «Балаға ылғи жақсы сөз айту керек. Болашағының жарқын боларын айтып, басын сипасаң періште тілегіңді қабыл қылады. Сондықтан балаға айтқан сөзіңнің дұрыс, жақсы болуын қадағала» деп отыратын. Абысын мен ажынға, келін мен қызға деген ақылы, парасаты, ықыласы зор еді. Айрандай ұйытып, əулеттің шашауын шығармай берекеде ұстаған әжемді жанымдай жақсы көрдім. Көзінен мейірім, жүзінен иманы төгілген жан еді.

Біз де бүгін əжеміз ғой. Бірақ ондай əже бола алмаймыз. Қазір заман басқа ғой… Қазіргі немерелер ақылды. Әженің білмейтінін біледі. Кейде немерелерімнің әрекетіне қарап отырып, өзімнің әжем есіме түседі. Бәлкім сол әжелер бүгінгі немерені тәрбиелегенде мүлде басқаша болар ма еді… Кім біледі. Ал қазіргі кезде немере тәрбиелеп, шөбере бағып отырған әжелердің көбі, әсіресе қалалық жерде тұратындары ұлттық болмыстан қол үзіп қалған секілді. Әрине, құрдастарымның біліміне, қоғамға, заманға бейімдігіне шек келтірмеймін. Тек осы білімдерін әже болып, ата болып қазақтың салт-дәстүр, сана-сезімімен ұштастырса. Ертеңгі еліміздің иесі, ұлтымыздың болашағы болар немере-шөберелерінің санасына 21 ғасырдың компьютерлік жетістігін, бабаларымыздан жалғасқан байырғы болмыспен қатар сіңірсе деймін. Барлығымыз да сол үшін қызмет етсек деген ниетім бар.

elanasy.kz

Пікір қалдыру