Бір суреттің сыры немесе Алаш әйелі

0

«15 жасымда күйеуге берді. Әкем Жаңбыршының атақты байы, биі қалыңмалға сатты. Қараңғылық пен надандық қой. Әйел теңдігі жоқ 1920 жыл. Оқыған қазақтар татардан қатын алатын. Қазақтың қызы бала тауып, қазан-ошаққа жаралғандай заман еді. Сендер қыздарды 24-25-ке келмей байға ти деп қумаңдар. Еркелетіңдер, оқытыңдар, ешкімге жәутеңдемей, азамат боп қалыптассын», — дейтін әжем Зағи Тастанбекқызы (1905-2001жж).

«1933 жылы атаң — Садық, Алаш соғысында оқ тиген жарасы асқынып, қайтыс болды. Өлгеннің соңынан өлмек жоқ. Қызым Бәген, Әмір мен Кәбірді жеткізу керек. Бай кезімдегі жалшыларды жинап, коллектив құрдым. 3-4 жылда 30-40 мал бітіп, ауданның ең ауқатысы атандым. Елдің алдына ешқашан түспеу керек. 1937 жылы үштік тұтқындап, 4 жылға кесті. Түрмеден келсем үш балам үш ағайынның жалшысы бопты. Малдан бір сиыр, екі ешкі қалыпты. Бәрін бір күнде жинап, үйімнен түтін шығардым. Түтіні түзу үйдің ырысы үзілмейді. 8-ші Наурызда ғана емес, әрқашанда әйел ғұмырын гүл жасаңдар, сонда еркекке береке қонады».

Қазақ әйеліОсылай деп көргенінен нақыл айтатын әжем Зағи Тастанбекқызы туралы ертеректе газет-журналда көп жазылды. Ал, совет тұсында айтқызбайтын Алаш әскерінің соғысы туралы естелігін тұңғыш жиен немересі, бүгінде 70- ке келген Мұқан Омарғалиев хатқа түсіріпті. Ықылас болса оқыңыздар.

Арғы атам Ер түрік

Тұлпарының тұяғы Ұлы Дала төсін дүбірлеткен қазақ халқы тарихқа талай ерлік – өнегені хаттады. Ұлан-ғайыр даланың бозторғай шырылымен оянып, ереуіл атқа ер салған сол ерлердің қаһармандық ерлігі сан ғасырлар бойы ұрпақты отаншылдық рухқа жетелеп келеді. Ел мен жер тұтастығын сақтап, болашақ үшін басын бәйгеге тіккен баһадүрлердің тағылымды тағдырын тарихтан танып алу қазіргі ұрпақтың еншісінде. Өткенін ескерген елдің ертеңі қашанда еңселі емес пе.

Адам көп оқыған сайын тарих тереңіне сүңги бергісі келеді екен. Менде де соңғы уақытта осындай бір қасиет қалыптасты. Тарихи бір сурет көрсем қалың ойға шомылып, соның сырын ашу үшін шырақ ала жүгіретін болдым. Мұражай, мұрағаттарды жиі аралайтын әдет таптым.

1997 жылы Мақаншыға жолым түсті. Мұнда ақын, сазгер, әнші Әсет Найманбаевтың мұражайы барын білем. Аралап көру ойымда бар. Сәтін салғанда уақыттың орайы келіп мұражайға бас сұқтым. Байқағаным, мұражай тарихи жәдігерлерден кенде емес екен. Аралап жүріп көне бір фотосуретке көзім түсті. Алаштың атпал азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты ортаға алып фотоға түскен бір топ адамның арасында әнші Әсет те бар. Басына бөрік киіп, шапан жамылған дала қазақтарының суреттегі жүздерінен өршіл рухтың лебін байқайсың. Тарихи сурет болғасын ба мені еріксіз баурады. Осы кезде жаныма мұражай директоры Әбен Разуевтың келе қалмасы бар ма, суреттің сырын білмек болып оны әңгімеге тарттым.

— 1918 жылы мамыр айында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов бастаған бір топ Алаш арыстары Шәуешек қаласына келіпті. Бұл сонда түскен сурет қой. Естуімше фотосурет сол кездегі Алаш үкіметінің барлық орталық газеттері мен журналдарына басылған,- деді мұражай директоры.

Әбен одан әрі жарытып ештеңе айтпағасын мен де қазбалап сұрай қоймадым.

Алайда, Ақаң мен Жақаң Арқадағы Торғай даласынан ат арытып Қытайдағы Шәуешекке неге барды? Сонау алыс жерге сапарлаудың бір мақсаты болды ма? Осы бір сауалдар көкейде қонақтап, жатсам-тұрсам ойыма оралғы бола берді. Осындай қалың ойдың қамауында жүргенде бала күнгі сәттерімнің бірі есіме оралды.

10-11 шамасында болуым керек. Әжем Зағи Тастанбекқызы күйеу баласы Дастархан Ажыханұлымен жиі жүздесіп отыратын. Өткен-кеткенді әңгімелейді. Арасында Алаш арыстары жайлы да айтылып қалатын. Бұл тақырыпқа келгенде екеуі емін-еркін күйден арылып, «үй сыртында кісі бар»,-дегендей қалып танытып, сыбырласа қоятын. Мұндайда біз жай тұрамыз ба, айналшықтап жандарында жүріп аламыз. Алайда, әңгіме таңсық болғанымен, тақырып таныс емес. Ол кезде мән бердік пе, кейін ғой, ес білгесін «Алаш» ұғымын ұққанымыз.

Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғанда «Алаштың» аты атала бастады. Сол кеңестік дәуірде, күйеу баласымен сыбырласып әңгімелесетін Зағи әжемнен мұражайда көрген суреттің сырын сұрамақшы болдым.

92 жасты алқымдаған нағашы әжем көргені көп, қызыл белсенділердің талай таяғын жеген жан. «Жапон жансызы» деген жаламен төрт жыл Алматының абақтысында отырған. Ол өз алдына бір әңгіме.

Садық атамыз 1933 жылы 51 жасында Алаш соғысында алған жарақаты асқынып дүние салып, әжеміз үш баламен жесір қалады ғой. Қолдағы бар малды «кәмпеске» деген желеумен «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, түк қоймай сыпырып алған.

Аштықтан аман қалудың жолын іздеген әжем саудагерлерге ілесіп Қытай асады да, үйдегі бар жасау-жабдығын, азын-аулақ малға айырбастайды ғой. Осыны көре алмаған Жұмабай деген ауыл адамы НКВД-ға жеткізіпті. Көп ұзамай әжем абақтыдан бір-ақ шығады. Бұл 1937-ші жыл болатын. Атам Садықтың Шәуешекте болғанын әжемнен естігенім бар. Сонда ол Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатовпен жүздесуі мүмкін ғой деген үмітті ой да санамда саялап тұрып алды.

Елге бір барғанымда оны әңгімеге тарттым. Әжем, біраз жасқа келді демесең, әлі тың, адам таниды. Айтар әңгімесі де анық.

-Әже, сіз баяғыда, күйеу балаңыз Дастарханмен Алаш жайында жиі әңгіме қозғап, оңаша қалғанда ыңылдап «Арғы атам Ер Түрік» деп басталатын Алаш Орданың әнұранын да айтушы едіңіздер. Сол есіңізде ме?, — дедім.

Әжем, біраз үнсіз қалды да, сосын:

— Әй, жүгірмек, бала болсаң да біздің әңгімені құлағыңа құйып алған екенсің ғой,-деп сәл жымиғандай болды.

Мен қуана кеттім, ұмытпаған екен,-деп қоям ішімнен. Бірақ, әжем әңгімесін тез бастай қоймады. Жанарын төмен жіберіп, біраз ойланды. Әлде бір нәрсені алыстан іздегендей, бір сәт жымиғандай болады, кейін тез қатқыл қалыпқа еніп, күңіренгендей күй кешеді. Ал, мен болсам, тағатсыздана бастадым, қайта сұрағым келіп оқталам да, өзімді тез тежей қоямын. Ойын бұзбайын дегенім. Кенет, әжем ыңылдай жөнелді:

«Арғы атам Ер түрік,
Біз қазақ еліміз!
Самал жел, салқын бел
Сарыарқа жеріміз.
Нәсіп, нәсіп жан-ай,
Жанымызда құрбан-ай
Бас байладық, бел будық,
Бостандықтың жолына-ай»,-деп барып тоқтады. Тағы да үнзідік.

-Қателеспесем, «Алаш» әнұранының сөзі осылай болуы керек,-деді сәл басын көтеріп.

— Ұмытып қалыппын, жас кезімізде аузымыздан тастамаушы едік. Кейін оған тыйым салынғанда ешкімге естіртпей ішіміздін ыңылдайтынбыз. Осы әнұранды айтамыз деп итжеккенге айдалған адамдар болды,-деді де, әңгімесін әрі қарай жалғады.

— Мен 1920 жылы 15 жасымда нағашы атаң Садыққа тұрмысқа шығып, Қожақұл еліне келін болдым. Бірінші әйелі қайтқан 36 жастағы Садықтың менімен қатарлас Дәнехан деген қызы бар екен. Кейін білдім ол өз баласы емес, жақын ағасы Бураханның қызы, бұлар бауырына басыпты. Біз отау құрған жылы көп ұзамай жаңағы Дәнехан сол елдегі Дастархан деген жігітке тұрмысқа шықты. Дастархан ақкөңіл, жомарт, байсалды азамат болып шықты. Артық сөзге жоқ оны біз жақын тарттық, ол да бізге бауыр басып алды. Құны – жүз, ал, ар-намысы – мың жылқыға татитын Дастарханға атаң Садық қатты сенетін. Атаңның саятшылық өнері бар еді. Күйеу бала келгесін атаңның аңға мінетін аты мен түлкі-қоянға салатын тазы итін де иемденіп алды. Жан баласына ұстатпайтын бесатар мылтығын да Дастарханның иығынан көретін болдық. Бірақ Садық оның бетін қаққан жоқ. Бірде атаңнан: -Мына бесатарды қайдан алдың, мұндай қаруға кез келген қазақтың қолы жете бермейді ғой,-деп сұрағаным әлі есімде. Сонда Садық: — Мен 1918 жылы осы Қожақұл елінен жасақталған Алаш жүздігінің қатарында сарбаз болдым. Әскеріміз Пихот қырғын оқиғасынан кейін тарады да, біз елге қайттық. Көзі қарақты, ұлтжанды, сол кезде болыс болған Қанағат ағамыз: — Қаруларыңды алысқа жасырмаңдар, мына заманның ауанын байқадыңдар ғой, тағы да атқа қонатын шақ туады. Сонда жалаң қол болмаңдар,-деген. Содан бері бұл бесатар өзіммен бірге,-деп айтқаны бар. -Біле білсең, атаң Алаш әскерінің сапында қызылдарға қарсы соғысқан азаматтардың бірі,-деді әжем әңгіме арасында.

Мен тіксініп қалдым. Сонда ол ақ патшаның сойылын соққаны ма? Менің таңданысымды таныды білем, әжем атамнан естіген әңгімесін одан әрі жалғады.

— 1918 жылдың мамыр айы болатын. Мал төлдеп болып, енді жайлауға көш түзейін деп отырған кез,-деп бастапты атам. — Ол кезде мен Қарағаш болысы билер кеңесінің төрағасы едім. Болысымыз Қанағат- Қаракерей Қабанбай батырдың бесінші ұрпағы. Бір күні болыстан шабарман келіп, Алаш Орда үкіметі басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов бастаған бір топ Алаш арыстарының Шәуешекке ат басын тірегенін хабарлады. «Сол жерде өтетін үлкен жиналысқа болысымыз Қанағат қатысады. Жанына сен де ересің. Ертеңнен қалмай болыстың мекеніне кел»,-деді шабарман жігіт. Ертеңгісін болыстың ауылына барсам, елдің игі жақсылары осында жүр. Бәрі жолға жиналған. Түс ауа Шәуешекке жол тарттық. Шәуешек біздің жерден қашық, жарамды атпен екі күншілік жол. Жолда Емілге қонып, тағы бір күн тоқтамай жол жүріп, кешкілік Бақтыға ат суыттық. Үшінші күн дегенде Шәуешекке жеттік қой. Барсақ, жиналатын жер патшалық Ресейдің консулдығы орналасқан үй екен. Бізді сол жердегі Найман және Қара Керей руының басшылары Таңғыт, Қожақ, Темірбек, Тілеші, Нұртаза, Үкіртайлар қошеметпен қарсы алып, Найтахмет қожаның мейманханасына орналастырды. «Бүгін тынығыңдар, ертең таңертең консулдықтың үйінде жиналыс, сонда жүздесейік»,-деді олар.

Ертеңіне айтқан жеріне бардық. Қарақұрым халық, Шәуешектің қаратаяқ зиялыларымен бірге татар-өзбек саудагерлері, дүнген, ұйғыр жұртының өкілдері де жиналыпты. Наймандар мен керейлер арасында Қыдыр және Мамырбек төрелер де жүр. Жиынды қысқаша сөзбен ашқан Ахмет Байтұрсынов, сөз кезегін Міржақып Дулатовқа берді. Міржақып 1917-ші жылы желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ съезінде көтерілген мәселелерді алға тартты. Онда Алаш орда үкіметі құрылғанын, Күнбатыста және Жымпитыда Жаханша мен Қалел Досмұхамедовтар Алаштың «Ойыл» атты әскер полкын жасақтағанын айтып, енді өздерінің Жетісу мен Тарбағатайда сондай бір атты полк құру мақсатында келгендерін жеткізді.

Әр болыстан ерікті жүз адам атқа қонуы тиіс. Қару-жарақ пен киімді Омбыдағы Колчак бөлетін болыпты. Қазақ автономиясын құру арқылы большивиктер еншілеп кеткен жерлерді қайтарып алу керектігі көзделіп отыр екен.

Міржақов Дулатовтан кейін жерлестеріміз Ғалымжан Мәрсеков, Әріп Тәңірбергенов, Отыншы Әлжановтар шығып сөйлеп, қалың ел атынан Байтұрсынов пен Дулатовты қолдады. Батыр баба рухын сөндірмеген Қара Керей Қабанбай ұрпақтары арасында 1916 жылы қара жұмысқа алынып, орыстың тілі мен сырын ұғып қайтқан жігіттер жеткілікті еді, олар бір атты полк құруға келісті. Өзге болыстан да жігіттердің атқа қонатыны белгілі болды. Жиналыстан соң он екі болыс Қара Керейден 12 жүздік және Шәуешектегі діні бір дүнгеннен 1300-дей адам жиналып атты әскер жасақталатын болып уағдаласты. Оған Отыншы Әлжанов басшылық жасайтын болды. Ал, Семей қаласында жүргізілетін әскери жаттығу шаралары патша армиясында болған Қази Нұрмұхамбетовке жүктелді. Біздің Қожақұл елінен де бір топ жігіт атқа қондық.

1916-шы жылы ақ патшаның үкімімен қара жұмысқа алынған Төлеубайұлы Қайратбек, Емілбайұлы Омарғали және мен жүзбасы болып тағайындалып, мамыр айының аяғында Семей қаласына жүріп кеттік. Онда үш ай әскер өнерін үйреніп, қыркүйектің басында елге қайттық. Қанағат болыстың мекені болған Қарағашта жоғарыдағы үшеуіміз өзіміздің елден жасақталған жүздікті тағы да жаттықтыруға кірісіп кеттік. Желтоқсанның басында Семейден Алаш үкіметі тарапынан тағайындалған эскадрон командирлері Кенесары мен Керімбай келіп, біздің дайындығымызды қанағаттанарлық деп тауып, қару-жарақ, оқ-дәрі, әскердің қыстық және жаздық киімдерін үлестірді. Қара Керейдің басқа руындағы Тума, Байғана, Сыбан, Дәулен жүздіктері де толық әскери дайындықта тұрды.

1919 жылдың басында Отыншы Әлжановтан Аягөз жаққа келу туралы бұйрық жетті. Суыт жүріп сонда бардық. Большевиктерге қарсы соғысу үшін Жетісуға баратынымыз белгілі болды. Қызылдармен болған киян-кескі сол соғыста аман қалғандар аз екен. Солардың бірі атаң Садық, жараланып елге оралды. «Бесатар» мылтық содан қалған екен,-деді әжем.

-Демек, 1918-ші жылы Ахмет пен Міржақыптың Шәуешекке бару мақсаты осы екен ғой. Мұражайда көрген суреттің сыры енді ашылғандай болды. Алайда, атты әскер полкінің тағдыры не болды?- дей бергенімде, әжем әңгімені жалғап әкетті.

— 1920 жылдың басында Анненков әскері қызылдардан жеңіліп, Қытайға қашқан кезде жасақталған атты полк тараған. Полк командирі Отыншы Әлжанов үш жүздей әскермен Тарбағатайдағы Мақаншыда қоршауға түседі. Үш мың адамы бар кызыл әскер командирі Мамотов тықсыра жүріп оларды шіркеуге қамап, тірідей өртеп жібереді. Алаш орда үкіметінің басшылары Сталинмен кездесіп, қазаққа автономия алуға және Алаш қозғалысына кешірім алуға келіскен соң, өз еркімен берілген сарбаздарға тиіспеу жайында нұсқау жасалыпты,-деп айтып еді атаң. Міне, балам, менің Ахмет пен Міржақыптың Шәуешекке барған сапарынан атаң Садықтан естігенім осы ғана,-деп Зағи әжем әңгімесін аяқтады.

Иә, қарап отырсаң бір ғана суреттің бүгіп жатқан сыры қаншама. Әжемнен мен көп әңгіме естідім. Соларды кезінде жазып алмағаныма өкінем. Жалпы ол елге сыйлы болған кісі. Оның адами қасиеті жайлы елдегілер жиі айтып отыратын.

1962 жылы Қожақұл әулетінен Қытайға ауып кеткен тумалары ауылға қайта оралып, өзеннің арғы жағындағы жазыққа Сәнік ауылы боп қоныстанды ғой. Жаңа келгендіктен оларға еңбекақыға бөлінетін астық берілмепті. Әжем ұлы Кәбір мен келіні Әминаның еңбекақысына тиесілі бидайды үйге түсіртпей, ашқұрсақ соларға үлестірген көрінеді. Ауылдағы ерлі-зайыптылар ренжісіп қалса да, әкімдікке бармай әжеме келіп ақыл сұрағанын көзімізбен көрдік. Талай отбасының шырқы бұзылмауына Зағи әжемнің шарапаты мол болған.

Иә, ауылда жүріп-ақ ел айтып жүретін небір дастандар хаттаған осындай әжелер аз болды ма?! Кейде, қиын заманның қаһарынан қаймықпаған қазақтың қайсар аналары ертеңгі ұрпақ қамын әріден ойлады ма деп қаласың.

Мұқан Омарғалиев, ауыл ардагері, оқымысты экономист. elanasy.kz

Мақала танымал журналист Махат Садықтың фейсбук парақшасынан алынды

Пікір қалдыру