Үкіжан Ғылманиқызы: Жақынды алыстататын да, алысты жақындататын да – әйел

0

Үкіжан апа туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Саналы ғұмырын иманмен өріп, айналасына мейірімнің шуағын шашқан осы бір аққұба апаның әңгімесіне бейжай қарау да мүмкін емес. Түйсігі бардың жүрек түбіне жеткізер жақсы тәлімі де таусылмаған. Таңның атысы мен кештің батысына дейін ұрпағы мен Ұлы ұлтына Алладан амандық тілеп, ақ пейілін төгіп отырады. Ол ана. Ел анасы. Дара басымен дана ойын айтып, қазақы құндылықтың асыл мұрасын насихаттап келеді. Адам болып туған соң, адам болып қалудың ізгі амалын жасаушы да өзі.

 «Өмірде бәрі өткінші. Қандай қиындық болса да, Алла бір жеңілдігін қосып отырады…»

 «Мен сегіз жасымнан бері намаз оқып келемін», – деп бастады әңгімесін. Маған қарттықтан суалыңқырағаны болмаса, нұры таймаған қой көздерін мейірлене қадап отырып. Әжім қаптаған ажары да сондай жылы, сондай мейірімді. Апаның қасында отырып, еріксіз еркелегің келеді екен. Себебі, әрбір сөзінің соңынан «ботам», «қарғам», «құлыным», «айналайыным» деп өзіңді дәріптеп отырады. Мұны естіген соң, әрине, тап өзіңнің ақ әжеңнің алдында отырғандай жайбарақат күй кешесің.

«Балиғат жасымнан бері иманның ақ жолында жүрмін, қарғам. Бұдан не ұттым дейсің бе? Ұтқаным көп, қарағым. Хақ Құдайдың алдында басымды иген сайын мына өмірдегі мәртебем биіктей берді. Жүрегім жылылыққа толды. Ал жүрегіне жылылық қонған адамның бұл жалғаннан көрері – тек жақсылық. Әрине, басымыздан небір заман өтті. Көрдік. Бәрін де көрдік. Толарсақтан су кешіп, бір уыс бидайға зар болған зар заман да есімде. Иманнан айырып, Алланы ұмытуға жасалған жауыздықты да білем. Бірақ біз азған жоқпыз. Ақ-адал жолымыздан да айныған жоқпыз. Өмірде бәрі өткінші. Қандай қиындық болса да, Алла бір жеңілдігін қосып отырады. Шүкір, осы өмір салтымен уақыт оза берді, біз қартая бердік. Міне, енді алдыңда отырмын ақ шашты, сары тісті кемпір болып».

Жанары жымиғанда одан сайын нұрланып кетеді екен. Жылт еткен сәулелі көзіне қарап мен де жылы жымидым. Күйкі тірлікке толы мына өмірде жайдары адамды көрудің, кездестірудің өзі қаншалықты сиреп қалғанын түсініп отырғандаймын. Себебі, Үкіжан апаның ыстық ықыласының алдында аздап ыңғайсызданады екенсің. Тас қаланың суық диалогтарына құрылған бұл өмірді қайтерсіз?! Апамның алдына келгенде ауыл адамының ақ пейілді есігі айқара ашылғандай болды.

«Менің әкем діндар кісі еді, – деп сөзін жалғады. – Мен 1923 жылы Ерейменнің Қызылшілік деген жеріндегі Төре ауылында туыппын. Әкемнің шын есімі – Садуақас. Атамның ныспысы – Ғылман, яки Ығылман. Әкем он жеті жасынан бастап бала оқытыпты. Содан мешіт, медресе ұстаған. Ол кісінің ұстазы – халық «Ақтамақ қалпе» деп атаған, сүйегі төлеңгіт Ахмет Ғұсманұлы. Әкем сол әйгілі молданың қолында алты жыл оқып, үздік бітіргені үшін шапаны мен сәлдесін сыйға алыпты. Елдегі өлшеусіз рухани қызметі бір бөлек, өмірінің соңғы күндеріне дейін жиырма жыл Алматы қаласында қази қызметін атқарып, 1972 жылы 24 сәуірде дүние салды. 26-сына арулап Кеңсайға жерледік. Өз анам Дәмелі Ержанқызы 1902 жылы туып, 1927 жылы қайтыс болған. Мен сонда 5 жаста екенмін. Марқұм үш баланың анасы еді. Әкеміз заманына сай екі әйел алғандықтан Мәкен анамыздың тәрбиесінде болдық. Екінші анамыз жеті бала туған көрінеді. Кейін ұлдан тірі қалған Хамат бауырымды осы кісі туыпты. Балалық шағым біршама жақсы өтті. Содан тұрмыс соқпағымен елден ауып Омбыға барған 1933 жылы 33 жасында екінші шешеміз бақиға аттанды. Бұдан соң әкеміз үшінші рет үйленді. Жалғыз бауырым Хаматты Төлебай ағам Орынборға оқуға алып кетті. Мен Ақмолада нағашы апамның қолында 7-сыныпты бітірдім».

Өз өмірінің алғашқы тарауын аса зор сағынышпен еске алған апамның көңіліне де кірбің ұялағандай болды. Қиындық көрген көп қарттың әдеті ғой, ауыр күрсінді. Адам өткенін ұмытсын ба? Теперіштің көп түрін көрген адамның шүкірлігі де таудай болады екен. Шүкір мен салауат айтып, бізге аңыздай боп естілетін әңгімесін әрі қарай жалғай түсті.

 «Қазақ қыз баланың басына орамал салмаған. Тақия не бөрік кигізген. Осыны түсіну керек…»

 «1928 жылдан әкеміздің басына қара бұлт үйірілді. Қиын шақта атам, аналарым ол кісіге сүйеніш болды. Екінші анам Мәкен маған ақ сүтін берсе, өз анам Дәмелі Хаматты емізіпті. Екеуінің сыйластығы апалы-сіңлідей екен. Дәм жазып, 1974 жылы жазда 38 жасымда елге барып, туып-өскен жерді көзбен көрдім. Төре ауылындағы Төрежалында ата-бабамыздың қорымы тұр. Сонда Дәмелі анамның зиратын барып көрдім. Әкеміз «Дін-апиынды елге таратушы», «халық жауы» деген жалған айыппен қудаланды. Біз ата-анамыздың қызығын да, азапты жолын да көрдік.

Әлі есімде, үстімде – ұзын көйлек, аяғымда – күмістен шегелеген кебіс, оюлаған мәсі, басымда – оқалы тақия киген қазақтың қызы болып жүретінмін. Қазақ қызы осылай киінген. Тұрмыс құрмайынша орамал салмаған. Осы күні үш-бес жастан бастап орамал салып қоятындарға қанша рет «қой» дедім. Менің заманымның қыздары орамал салса айтар едім ғой…»

Шарасыздықтың шырмауына батқандай бір сәт ойланып қалған ақ әже, «үуһ» деп көкірегін қарс айыра бір күрсініп алды да әңгімесін ары қарай жалғады. Осы сұқбатқа келісуін келіссем де, әжеміздің сонау алыста қалған жан жарасын тырнағандай болдым ба деген ой мазасыздандыра бастады. Менің көңілімдегі алаңды басқысы келді ме, әжем сабырлы қалпы сөзін сабақтады.

«1928-1929 жылдары кәмпеске деген пәле шығып, бізді титықтатып жіберді. Шолақ белсенділерге біз көзге шыққан сүйелдейміз. Салықтан салық болып, көтерем болуға айналдық. Тіпті ақыр соңында «салыққа 57 ірі қара бер» дегенде әкем шын қиналды. Оны қайдан, кімнен алмақпыз? Бір күні мешіт-медресенің есігін жіппен байлап, үй-затымыздан ештеңе алмай, 9 жан Ақмола қаласына қарай шықтық. Әрі қарай тағы да азап. Әкеміз сотталып кетті. Біз арып-ашып Ақмолаға жеттік. Онда да ойран боп жатқан өмір екен. Аз күн аялдап, Қызылжарға келдік. Біраз уақыт өткен соң әкем босап шығып, артымыздан келді. Одан кейін соғыстың тауқыметін тарттық. Балалық шағымыз бойжеткен тұсымызға дейін өңкей осындай арпалыспен өтіп жатты. Бірақ біз мойыған жоқпыз. Салымыз суға кетпеді. Алла көрсетті. Шыдап бақтық. Құлшылығымызды да ұмытқан жоқпыз».

Мәдина Махамбетқызы, elanasy.kz

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру