Қуат жиғың келсе, қазақтың құрт-майын же

0

Іші-бауырымыз құрысып-тырысып, көзіміз қарауытқанда «Ойбай, дәруменіміз азайып кетті», – деп шығамыз. Ондайда банан, киви, апельсин жеу керек деп ақыл айтатындар да табылады. Осы біздің атам қазақ апельсин көрмей өсті ғой, олар неге құлап, талып қалмаған деп таңғаламыз. Сөйтсек, олардың ішкен-жегені нағыз дәрумендердің көзі екен. Көгорай шалғында жайылған сиырдың сүті, түйенің шұбаты мен жылқының қымызы – дәруменнің, күш-қуаттың нағыз көзі осылар екен.

Дүкендерде сатылатын сырды қазақшалап сыртына “ірімшік” деп жазып қояды. Бірақ сырдың дәмі қазақтың қозы қарын қосып қайнатқан ірімшігінің садағасына да татымайтынын, әсіресе, ауыл қазағы жақсы біледі. Әңгіме оның дәмінде ғана емес. Ғылыми зеттеулер көрсеткендей, сырдың құрамында 100 грамға шаққандағы ақуыздың мөлшері 22,85-34,52% болса, қазақ ірімшігіндегі ақуыздың мөлшері 40-42% екен. Сыр құрамында көміртегі ары кетсе 4,52%-дан аспайды, ал ірімшікте ол 10,93% болады. Адам ағзасындағы сүйек ұлпаларының мықты болуы үшін ең қажет элемент фосфор болса, дәстүрлі әдіспен жасалған ірімшік құрамында фосфор 0,51%, ал кальций 2,3% мөлшерінде кездеседі екен. Тағамдық қуаттылығына келсек, 100 грамм сыр 268,8-401,38 ккал. қуат берсе, 100 грамм ірімшік 408,4 ккал. қуат береді.

Құртымыз да химиялық құрамы мен каллориясы жағынан қала дүкендеріндегі сүзбені (творог) он орап алады. Сүзбеде ақуыз мөлшері 14,5-18,6% болса, қазақ құрты ақуызға өте бай – 52,6%. Ал 100 грам сүзбе 87-227 ккал. қуат берсе, құрттан 370,1 ккал. қуат алуға болады.

Бабаларымыз кие тұтқан жылқы малының сүті – қымыздың емдік қасиеті ежелден мәлім. Дені сау адамның ағзасы 1 тәулікте орта есеппен 50 мг С дәруменін қажет етсе, ал ол 1 литр қымыздың құрамында 200-260 мг болады екен. Қымызда сонымен қатар сөл бөлу және жүрек жұмысын жақсартатын В тобы дәрумендері: В(1), В(2), В(3), оның ішінде қанның жасалуына қатысатын В12 дәрумені, ағзадағы тотығу-тотықсыздану реакцияларына әсер ететін С тобы дәрумендері, А дәрумендер тобы, липоид бар. Қымыз – нағыз антибиотик. Ол ағзаға тарағасын ішектегі шіру процесін тежейді. Шіріткіш микробтарға, ішек таяқшаларына және сарғыш стафилококктарға қарсы жойғыш күші бар қымыз құрт ауруы, сүзек, дизентерия, күл (дифтерия) бактерияларына тосқауыл қояды. Осының барлығын зерттеп, көз жеткізген Кеңес заманы тұсында, көптеген жерлерде қымызбен емдейтін сауықтыру орталықтары ашылған.

Қос өркешті «шөл кемесі» – түйе жануары беретін шұбаттың жөні бөлек. Құрамының элементтерге байлылығынан ол қымыздан да асып түседі. Мәселен, қымыз құрамындағы ақуыз мөлшері 2,3-2,9% болса, шұбаттағы ақуыз 2,91-4,93% мөлшерінде. Қымыздың майлылығы 1,3-2,5% болса, шұбат одан да майлырақ – 8-9%. Шұбаттың құрамында С дәрумені де молырақ. Түйе сүтінің құрамында кальций (0,13-0,21%) мен фосфор (0,05-0,072%) секілді микроэлементтер де кездеседі. Бірақ құрамындағы көміртегі жағынан шұбаттан (1,07-1,78%) гөрі қымыз (3,6-7,3%) бай. Осылармен қатар шұбатта А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері жетерлік.

Химия, медицина ғылымдары пайда болмай тұрып-ақ алдындағы асын тани білген қазақ нағыз данышпан халық қой. Асылы, аузынан ақ ажырымаған халқымыз қымызын ішіп, құртын жеп отырып-ақ осы күнгі көп кеселдің алдын алған. Атам қазақтың ғұмыры аттың жалында, атанның қомында өтсе де, дүниеге небір алып тұлғалы, батыр да дана перзенттер әкелген тылсым сырының да бірі осы болса керек.

Дайындаған: Мәдина Махамбетқызы, elanasy.kz

Пікір қалдыру