Көңіл-күйіңізді тыныштандырғыңыз келсе үй жинаңыз

0

Күнделікті күйбеңнің көбейе түсері анық. Себебі, күн жылына сала үй шаруасы да екі еселенеді. Үй жинау, жиһаздарын тазарту сынды тірліктен бөлек бау-бақшаны күтіп-баптау ісі де бар. Алдымен алғашқысын тарқатып алайық. Күнделікті тірліктің басым бөлігі де осы үй күтіміне арналады емес пе? Үйді бастан-аяқ жинау көп уақытты алатыны рас. Есесіне еткен еңбегіңіздің жемісі көзге көрініп тұрады. Осының өзінен-ақ ләззат алуға болады. Айнала айнадай жарқырап жатса, көңіл күйіңіздің де көтерілері анық. Бүгінгі кеңес арқылы сізге үй жинауды үйретпейміз, тек ескере жүрсеңіз деген бірнеше кеңес ұсынғымыз келіп отыр.

Таза ауа – жақсы энергия

 Сонымен, бастайық. Алдымен үйдің ауасын тазартып алу керек. Есік-терезені ашып, бөлмелерді екі-үш сағат құрғақ, әрі таза ауамен желдетіп аламыз. Қыс бойына қордаланып қалған көмірқышқыл газы мен дымды ауа да осы әдіс арқылы кетіп, бөлменің жағымсыз иісін жояды. Сонымен қатар таза ауа – жағымды энергияның көзі. Көктемгі салқын самал мен күн шуағының адамға жағымды әсер еткеніндей таза ауа да үйіңізді жаңа леппен толтырады. Осы арқылы тыныш ұйқы мен сабырлы күйге түсе аласыз. Бөлме желденіп жатқанда қарап отырмай, өзге де шаруаларды атқара берейік. Көрпе-төсек, құсжастықтар мен төсеніштер. Мұның барлығын да күн көзіне жайып, қағып-сілкіп алу керек. Қыс бойына дымқыл ауаны сіңірген бұл дүниелерді құрғату өте маңызды. Себебі, ылғалды заттарда микробтар мен үй кенесі көп болады. Дер кезінде құрғамаса олардың көбейіп, дамуына жол береміз. Ал микробтар мен өзге де «үй мекендеуші» паразиттер аллергиялық ауру тудырады. Сондай-ақ, барлық төсек жаймаларды да жуып, желдің өтіне кептіріп алуды, сосын міндетті түрде үтіктеп қоюды ұмытпаңыз. Зиянды «құбыжықтардың» 70 пайызы дәл осы төсек жаймаларында кездесетінін тазалық мамандары әлдеқашан дәлелдеген.

Әйнек жуу оп-оңай

 Қыстан кейін терезе жақтаулары мен әйнектер де шаңға баттасып қалады. Оны тазарту да оңай шаруа емес. Дегенмен, білек сыбанған соң істі соңына дейін жеткізейік. Алдымен шаң тұрған перделеріңізді шешіп алып, жууға немесе құрғақ тазартуға қойыңыз. Енді шаңсорғыш арқылы жақтауға тұрып қалған қоқыстарды тазартып шығыңыз. Ол шаң және өрмекшінің өрмек ұясы болуы мүмкін. Шаңсорғыш арқылы олардан тез, әрі оңай құтылуға болады. Енді терезе әйнегін тазартайық. Ол үшін таза суға бір құты нашатырь спиртін (25 мл) құйып, мақта матамен жуып шығып, артынша құрғақ шүберекпен сүртіңіз. Ал істі оңайлатам десеңіз, терезе жуғыш құрал мен арнайы шүберек бар. Айғыздалмай бір дегеннен-ақ, терезеңіз жарқырап шыға келеді. Бастысы – сапалысын таңдай білу. Айтпақшы, егер үй гүлдерін өсірсеңіз, терезе алдына қойып қойыңыз. Олар да күн көзін сүйеді. Сондықтан сүйікті гүліңізді көктемнің нұрына малындыруды ұмытпаңыз.

 Қабырғада қақ көп…

Енді қабырғаны тазартатын кез келді. Жоғарыда айтылғандай жылы, әрі дымқыл ауада паразиттер тұқым шашып, көбеюге тырысады. Қыс бойы бөлмелер дәл осы жағдайда тұрды. Мұндайда олар, көзімізге көрінбегенімен, өз тіршілігін «жандандыра» беруі мүмкін. Микроскоппен ғана көрінетін үй зиянкестері қабырғада қақ болып қатып тұрады. Сондықтан үйді міндетті түрде  дезинфекциялау керек. Үй саңырауқұлақтары (грибок) мен зеңге қарсы құрғақ дәрілер болады. Оны арнайы дүкендерден немесе дәріханадан таба аласыз. Дәрінің нұсқаулығын сақтай отырып, сумен араластырып қабырғаларды жуып шығыңыз. Егер қабырғада жуылатын түсқағаз болса тіптен жақсы. Ал түсқағазсыз дуал болса дымқыл щетка арқылы жоғарыдан төмен қарай сыпыру әдісі арқылы тазартуыңызға болады. Осылай бүрге, маса және құрт-құмырсқа тұқымдарынан да оңай құтыла аласыз.

Хлорлы су шаңды басады

Айналаның барлығын да жуып-шайып болсаңыз, тірлікті аяқтайтын кез келді. Бірақ жиһаз шаңы мен еденді тазартып алайық. Ол үшін бір шелек суға 1 ас қасық хлор салып, таза дәкемен шаң сүртейік. Ауада ұшып жүрген шаң-тозаңды хлор «жұтып» қояды. Әрі үйді толықтай дезинфекциялап шығасыз. Еденді де осы әдіс арқылы жусаңыз, көп зиянкестерден құтылдым деп қуана беріңіз. Бір ескеретін жәйт, хлордан кейін үйден аурухананың иісі шығуы мүмкін. Сондықтан екінші рет таза сумен бір қайтара жуып шығыңыз. Міне, енді үйіңіз толықтай тазарды. Зиянкестерден бір, шаң-тозаңнан екі, дымқыл ауадан үш құтылдыңыз. Жылына екі-үш рет жүргізілетін мұндай тазарту демікпе, қышыма және аллергиялық аурулардың алдын алады.

Ыдыс-аяқтың да тазалығын ұмытпаңыз

Асүй тазалығы бір емес, бірнеше сағатты алары анық. Бүкіл бөлмелерден бөлек, баттасып қалған май мен өзге де кір оңайлықпен кете қоймайды. Асүйім үнемі жарқырап тұрсын десеңіз, күнделікті тазартып отыруды әдетке айналдырыңыз. Бүкіл шкаф пен сөрелерді артық заттардан тазартып, қант-күрішті арнайы ыдыстарға салып, шөміш-қасықтарды да құрғатып болған соң қазан мен шәугімнің тазалығына кірісіңіз. Алдымен ас пісіретін қазанды алайық. Арнайы май қағын кетіретін құралмен оларды жарты сағатқа жібітіп қойыңыз. Ескерте кетейік, құрал тек шойын қазандарға арналған. Ал алюминий ыдыстарды бұл құралмен тазартуға болмайды. Майын алғанмен, дақ қалдыруы мүмкін. Қолыңызға резеңке қолғап киюді де ұмытпағайсыз. Тазартқыш құрал химиялық зат. Теріңізге кері әсер етуі мүмкін. Ал өзге ұсақ-түйек ыдыстарды сабын суға салып қойыңыз. Кәдімгі жетпіс пайыздық кір сабынды жылы суға ерітіп, тазалануы тиіс ыдысыңызды салып қойсаңыз, әп-сәтте-ақ тазартып аласыз. Енді шәугім мен шәйнекті тазартайық. Судан қалған қақты «Коко-кола» сусыны арқылы оңай тазалауға болатынын естіген шығарсыз. Шәугімге су құйып оны қайнатасыз да, бір литр сусынды құйып он минут бәсең отта тағы қайнатсаңыз, қағыңыздан із де қалмайды. Сондай-ақ, күнделікті қолданып жүрген ас содасы мен лимон қышқылын пайдалануға да болады. Ол үшін жоғарыдағыдай шәугімге орталап су құйып қайнатасыз да, 3 шәй қасық лимон қышқылын саласыз. Сақырлап қайнаған су қақты түгел алмайды. 10 минуттан соң әлгі әдісті тағы қайталап, лимон орнына ас содасын салыңыз. Қайнаған соң дереу суды төгіп, шәйнекті жуып алу керек. Міне, шәугіміңіз де таза. Ал шәй демдейтін шәйнектің тазалығын апта сайын жүргізіңіз. Шәйнек жиегіндегі қоңыр дақтар шәй бояуы, олар ағзаға зиян. Ішектеріңізге де солай қақ тұрмасын десеңіз, ас содасы арқылы жақсылап жуып отыруды әдетке айналдырыңыз.

Жақсы иіс жан сергітеді

Үйіңіз мұнтаздай таза! Көңіл күйді көтеріп, тыныштық пен береке сыйлайды. Енді үйден бөгде, жағымсыз иіс шықпауын қадағалап отыру керек. Ол үшін барлық бөлмені, әсіресе асүйді желдетіп, ауасын тазартып отыру маңызды. Ал жағымды иістің үнемі болуын қаласаңыз, асүйге лимон немесе апельсин қабығын үккіштен өткізіп, терезенің не ыдыс салатын шкафтың төбесіне қойып қойсаңыз болады. Жалпақ тәрелкеге не кең құтыға салынған қабықтарға лаванда не лимон, апельсин жұпары бар эфир майын құйып қойсаңыз, жағымды иіс айлар бойына тұра береді. Жатын бөлме мен кіреберіске де өзіңіз ұнатқан иіс орнатуыңызға болады. Ол кептірілген шөп, қалтадағы ароматизаторлар мен спрэй болуы мүмкін. Қазір арнайы ағаш майлар да бар. Бөтелкеге салынған таяқшалар арқылы үйіңіз жағымды иіске тұнып тұрады. Осы арқылы да жан-тәніңіз сергіп қалады.

Біле жүріңіз…

Сүтке батырылған шүберекпен жаңа тиген сия дақтарын кетіруге, айнаны, сурет жақтауын, музыка аспаптарының пернелерін тазартуға болады.

Үйдің ішін жинастырғанда бөлме өсімдіктерінің тазалығын да міндетті түрде ойластыру қажет. Шелекке жылы су құйып, сабын немесе жұмсақ шүберек не щетка (тіс тазалайтын щетка да болады) арқылы гүл жапырақтарын жуып шығыңыз. Гүл де мұндай күтімді жақсы көреді. Жақсы өсе бастайды. Гүлдерді таңертең ерте немесе қараңғы кеште қиып алады. Ал ет жуған су үйде өсетін гүлдерге жақсы тыңайтқыш болады.

Шәй демдейтін шәйнекке қайнаған су құймай тұрып, бір шақпақ қант салсаңыз, шәйіңіз хош иісті, әрі қою болады.

Егер ұн тұрған шкафта ылғал барын байқасаңыз, бірнеше құрғақ лавр жапырағын немесе бір кесе күріш салыңыз. Олар ылғалды жақсы сорып алады.

Ұзақ уақыт пайдаланылған пышақтар, қасықтар мен шанышқылар қарайып кетсе, оларды картоп пісірілген суға салып, бірнеше минутқа қалдырыңыз. Сүрткеннен кейін бұрынғысындай жалтырап шыға келеді.

Пышақтарды жарты сағат тұз ерітіндісінде ұстасаңыз (1 стақан суға 1 қасық тұз), олар жақсы қайралатын болады.

Әйнек көп буланбасын десеңіз, оны глицерин (1 бөлік) мен спирттің (20 бөлік) қоспасымен ысқылаңыз.

Қауырсын және мамық жастықтарды көлеңкеде желдеткен жөн, тік түсетін күннің көзінен қауырсын сынғыш болады.

Ваннаны көпке дейін бастапқы қалпында сақтау үшін таза ұстаумен қатар, бірден аса ыстық не өте салқын су ағызбай, жылы ғана суды пайдаланыңыз. Әйтпесе, ваннада сызат пайда болып, оған кір, дақ жиналып, сарғайып кетеді.

Тоңазытқыштың мұзын ерітіп, суын төккеннен кейін жылы суға ас содасын қосып жуып, іші әбден құрғағанша бір-екі сағат ашып қойған жөн. Сонда оған қойған тағамдар иістенбейді.

Ақмарал Алтынбекқызы, elanasy.kz

Пікір қалдыру