Батыр қыз

0

 – Қызыңа ақылыңды  неге айтпайсың? Каратэ дей ме, тэйквандо дей ме, қыз балаға лайықты емес спорттың түрімен айналысып жүр. Бөлмесіне кіріп алып жаттығады да жатады. Менің айтқаныма көнбейді.

– Баланың бетінен қақпа. Ол да спорттың бір түрі. Үйрене берсін, – деді көкесі.

Дүкенге барып қайтқан апасы мен Баян үйдің алдына келді. Баян құрбыларымен сөйлесіп қала берді. Подъезге кіріп кеткен апасының жан даусы шықты. Баян жүгіріп кірсе, қарақшы апасының қолындағы сөмкеге жармасып ұрып жатыр. Баян келген бетте оқша атылып, тілерсектен теуіп жіберді. Жойқын соққыны күтпеген қарақшы жерге құлап түсті. Жанталасып басын көтере бергенде есін жиғызбай, көз ілеспес жылдамдықпен құлақ-шекеден соғып-соғып жіберді. Қарақшы жер бауырлап сұлап жатты. Осы кезде жұмыстан көкесі келді. Дереу телефон шалды. Тұрмақ болып әрекеттенсе, соққының астына алмақ болып Баян тапжылмай күзетіп тұрды. Полиция келді. Болған жайды Баян айтып берді. Полиция Баянның ерлігіне риза болды. Қарақшыны орнынан тұрғызып алып кетті.

Апасы көптеген жарақат алғандықтан дереу жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

Арада екі-үш күн өтпей, ішкі істер департаменті он бір жасар Баянды «Ер жүрек батыр қыз» деп бағалап, арнаулы сыйлықпен марапаттады.

Апасы емханадан айығып шықты. Отбасы түгелденіп, көңілді күндер өтіп жатты. Бірде Баян асығып киініп жатқан. Апасы:

– Қайда барасың? – деді.

– Дайындыққа барамын. Ертең қалалық каратэдан сайыс болады. Соған қатысып, бағымды сынап көремін, – деді.

– Бара ғой, ботам! Алла тіл-көзден сақтай гөр! – деп мейірімін төге қарады.

Дәнекер

 Жібек әкесін жақсы көреді. Жұмыстан келуін асыға күтіп отырады. Көкесі есік ашып кіріп келгенде қарсы жүгіріп, бас салып құшақтайды. Көкесі екі қолтығынан ұстап, жоғары көтеріп, құшақтап, ерсілі-қарсылы тербетіп, бетінен сүйіп жерге түсіреді. Жібек мәз болып қуанып қалады.

Бүгін Жібек сабағынан «бес» алып, үйге көңілді оралған еді. Мұңайып отырған апасын көріп:

– Неге ренжіп отырсың? – деп жаутаңдай қарады.

– Әкең бұл үйге енді келмейді. Басқа әйелмен тұратын болыпты.

– Неге өйтті? Көкеме не болған? – деп шошына қарады.

– Мен қайдан білейін?! Кете берсін. Алланың жазғанын көреміз, – деді көзіне жас алып.

– Кетсе кете берсін. Бізді тастап кеткен әкенің маған да керегі жоқ, – деді қабағын түйіп.

Жібек мектептен шығып, үйге қарай келе жатқан. Бір бұрыштан көкесі шыға келді. Жібек бұрылып кетті. Көкесі:

– Әй, Жібек, Жібек! – деп дауыстады. Қызы артына бұрылып қарамай, көзін сүртіп жылап бара жатқанын көрді. Көзден таса болғанша артынан қарап тұрды да, өз жөніне жүре берді.

Жібек мектептен ренжіп келді. Апасы баласының түрін көріп:

– Сырқаттанып қалғаннан саумысың? Өнің бұзылып кетіпті ғой, – деді.

– Еш жерім ауырған жоқ. Апа, балалардан естідім. Көкем өз көлігімен келе жатып, жол апатына ұшырап, ауруханаға түсіпті. Қасындағы әйел емханаға жетпей қайтыс болыпты. Апасы да естіп-білген, бірақ қызына айтпаған еді.

Жібек ауруханада жатқан көкесіне барып келеді. Бірақ апасына батылы жетіп айта алмай жүрді. Жібек қабағы ашылмай, томсырайып көңілсіз жүрді. Тамақты да жөндеп ішпеді. Апасы қызының әкесін ойлап жүргенін сезіп жүрді. Бүгін де тамағын үнсіз ішіп, бөлмесіне қарай беттей бергенде апасы:

– Көкеңе барғың келіп жүр ме? Тамақ дайындап қойдым, апарып бер, – деді.

Көкесіне, ауруханаға кеткен Жібек кешікті. Апасы алаңдай бастады. Үйге кештетіп келді.

– Жаным-ау, сонша неге кешіктің?

Екі бетін басып солқылдап жылап жіберді.

– Көкем екі аяғын баса алмай қалыпты. Өз бетімен жүре алмайды. Мүгедектер таңылып мінетін арбада отыр екен. Панасыздар тұратын мүгедектер үйіне баратынын айтты. Апа, мүгедектер үйіне жібермейікші! Өзім бағып күтемін, – деді көзінің жасын мөлтілдетіп.

– Ол екеумізді тастап кеткен жоқ па? – деп апасы мұңая қарап күрсінді.

– Ол менің әкем ғой. Мен көкемді жақсы көремін. Апа, кешірейікші! – деп құшақтап, бетінен сүйіп жалынып жылады.

– Сенің айтқаның болсын. Алып келейік, ботам, жаным менің! Сен үшін бәрін де кешіремін, – деп бауырына басып, бетінен сүйіп құшақтады. Көзінен үзіліп түскен бір тамшы жасты қызына сездірмеді.

Айса ХАМЗЕҰЛЫ, Ақмола облысы. elanasy.kz

Пікір қалдыру