Бесік пен бесік жыры

0

Алас, алас, пәледен қалас,

Көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас,

 Қырық қабырғасынан алас,

 Отыз омыртқасынан алас!

/Бесік ырымы/

Халықтың көп жылғы тәжірибесінде әбден жетілдіріліп, көшпелі өмірде баланың ауырмай-сырқамай өсуіне қолайлы деңгейге жеткізілген қазақ бесігінің қарапайым нұсқасы мен оған байланысты дәстүрлерге саяхатшы кей ғалымдар ертеден-ақ назар аударған. Дәрігер-этнограф И.С. Колбасенко өткен ғасырдың аяғында Киевтегі акушерлік-гинекологиялық қоғамның мәжілісінде «Қазақ бесігі. Қазақтардың бала күтуі жөнінде бірер сөз» (69, 1890) деген тақырыпта баяндама жасап, қазақ бесігінің үш есе кішірейтілген моделін тапсырып, бесіктегі баланың гигиеналық жағынан таза, көшпелі өмірдегі кейбір қатерлі жағдайлардан қауіпсіз өсетіндігіне баса назар аударады. Баланың көп жағдайда таңылған күйінде ұзақ жатып қалуы зиянды екенін де ескертеді. Қазақ бесігінің жетістігімен қоса жетілдіретін тұсының бар екенін кезінде М. Жұмабаев та өзінің «Педагогика» атты кітабында жазған. Жалпы, қазақ бесігін жетілдіріп, күнделікті өмірге ендіру мәселесі кешенді түрде күн тәртібіне қойылуы тиіс. Мәселен, бесікті бүгінгі өмірге сай жетілдіріп, айталық, бесік арқалығына бесік жыры жазылған тетік қойып, түбегі мен шүмегін, басқа да жабдықтарын ыңғайлы қалыпқа келтіріп әсемдесе, фабрикадан көптеп шығаруға әбден болар еді.

А.Л. Троицкая да өзінің «Ташкент және Шымкент уездерінің отырықшы елдеріндегі баланы қырқынан шығару (шілдехана) салты» атты мақаласында бесікке салу ырымдары жөнінде көп мағлұматтар келтіреді. Қазақ баланы бөлерде бесікті отпен аластаса, бесіктің арқалығына қару, оған үкі, қасқырдың азуы сияқты заттарды іліп қою, баланың басына пышақ, қанжар, т.б. заттар жастап қою Азия халықтарының көпшілігіне ортақ. Ал бос бесікті тербетпеу салты  баланы бесікке бөлейтін  барлық ұлттарда бар.

Қазақ бесігі ананың баланы бағып-қағудағы ауыр еңбегін көп жеңілдетіп, қолын босатады. Оның гигиеналық жағынан таза, ауру-сырқау, табиғи қауіп-қатерден аман-есен өсуіне жағдай туғызады. Сол сияқты, халық бесікті өз ұғымдарындағы, сенім-нанымдарындағы жын-шайтан, албасты, үббі, т.б. тәрізді мифологиялық қауіп иелерінен де қорғайтын киелі орын деп ұққан. Сондықтан да баланы бесікке салу рәсімі ауылдастар арасында арнайы тойланып, түрлі әдет-ғұрып салттар, ырым, жоралғылар жасалады. Бесік баланы тамақтандырып, бағып-қағуға ғана ыңғайлы емес, оны әнмен тербетіп ойнатып, көңілін алдап, аялап, алдарқатуға да қолайлы.

Нәресте шыр етіп дүниеге келген күннен бастап өмір әні мен халық жырын құлағына сіңіріп өсетіні анық. Ата-ананың сәбиді жүрегі елжірей сүюі, әлпештеп, аялап, бағып-қағуы – барлығы да жыр тілімен сыртқа шығып, музыка әуенімен сүйемелденіп отырады. Халықтың тұрмыстық тәжірибесінде сәбидің әрбір өмірлік қадамы назардан тыс қалмай, дәстүрлі түрде әрқилы ырымдармен аталып өтіп отырады және олардың барлығы өнер тілімен өрнектеліп келеді. Яғни, ата-ана баланың ауру-сырқаудан аман, денсаулығының мықты болып өсуін ғана ойластырмайды, бөбектің рухани жан дүниесінің де үйлесімді дамуын, өз қоғамына лайық тәрбиелі азамат болып ержетуін де алғашқы сәттен басты назарда ұстайды. Міне, халықтың дәстүрлі мәдениетінде осы мақсатта туып, күнделікті отбасы тұрмысында кең қанат жайған халық поэзиясының бір түрі – бесік жыры.

Әлем халықтарының бесік жырлары атқаратын функциясы, мазмұн байлығы, ішкі құрылымы жағынан тұтастай қарағанда желілес, үндес шығып отырады. Қазақ бесік жырының түп төркінінің тым көнелігі, оның алғашқы негізінің сөз емес, саз (музыка) болғандығы, басты атқаратын қызметі – баланы тыныштандыру, оның жан-жүйесі мен санасына алғашқы эстетикалық нәр сіңіріп, тәрбие беру екендігі жөнінде ғалымдар пікірі бір мәреден шығады. Ал, бесік жырларының шығу тегі (генезис), ішкі жанрлық сарасы, әр халық жырларының өзіндік табиғаты туралы сөз қозғағанда ғалымдар пікірі әртүрлі арна түзейді. Мәселен, бесік жырының пайда болу, шығу төркіні жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар.

Бесік жырларын алғаш арнайы зерттеген М. Элиаштың «бесік жырларының көне түпкі негізі  арбау  өлеңдерімен байланысты» деген пікірін В.П. Аникин, Ю.Г. Рочев, А.Н. Мартынова, Э.Н.  Таракиналар да қолдайды. Ал М.Н. Мельников, Р.Ф. Ягафаров, А. Сафаров сияқты зерттеушілер «Ана өзінің тума табиғатымен бала үшін ең алдымен оны тыныштандыратын жарқын да, бір сарынды ән қажет екендігін түсінді. Бесік жырының формасы осылайша пайда болды», – деген А. Ветуховтың пікірін жандандыра отырып, бесік жырының арғы тегінде арбау өлеңдері мен көне ырымдардың элементі жоқ деген пайымдауларға тоқтайды.

Бұл мәселе, шындығында, әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Аты айтып тұрғандай-ақ, бұл жырдың негізі баланың бесікте жатқан кезінде орындалатыны белгілі.

Ал қазірде баласын бесік орнына бесік арбаларға (коляска) жатқызып, түбек орнына «несепқап» (памперс) кигізіп, әлди орнына әлемдік роктарды тыңдатып жүрген аналарымызға не айта аламыз?!

Ишанова Маржан, ұстаз. elanasy.kz

Пікір қалдыру