Ажар Ерболған. Жалқы мұңның жанарындай күз келді

0

ҮНСІЗДІК

Хат жазбаған,
қоңырау да шалмаған —
Үнсіздікпін. Үнсіз ғана ұнатам.
…Сенің аппақ жүрегіңнен аумаған,
Ақ қар болып атты бүгін мына таң.

Сағыныш қой,
Сағыныш қой егілген —
Бейуақытта көзін сүртсе арманым.
Қар жауса да сендей болып көрінген,
Елесіңе сіңіп кетті жолдарым.

Биіктігің
Бәрінен де бағалы,
Сиып тұрған жалғыз ғана әніңе…
Өзің жүрген сонау алыс қаланы,
Сол жүрекпен сүйіп жүрмін әлі де.

Сол жүрек ғой
үнсіздікті ұнатқан,
(Мөлдір мұңға керегі не өзге әуен?!),
…Көз алдымда жауап күткен сұрақтар,
Күтпеңдерші! Күтпе мені өзге әлем!

ҮМІТ

Қауырсынын үзіп кетіп жанымның,
Жел көшкенде мен де әнімнен жаңылдым.
Сенсіз күннің алақаны сыз тартып,
Сені ғана сағындым.

Біз емес қой айтар тағдыр байламын.
Мендік арман қайда кетті?
Қайдамын?!
Бір өмір мен бір үміттің арасы.
…Сені ғана ойладым.

Өткен күндер таққандай боп бізге мін,
Мезгіл бүгін сездіріп тұр күз демін.
Күзден тағы күткен болып бір бақыт,
Мен бәрібір Сені ғана іздедім!

АЛМАТЫҒА (І)

Ей, Алматы!
Сен жайлы айтса сенбеп едім мен бұрын.
Ол да ертең кетеді деп сенді кім.
Енді өзіңді тербете ме әнімен,
Сезім толы сол бір дауыс, сол бір үн.

Ей, Алматы!
Хат жазумен арнап жүрек ғазалын,
Саған ылғи ауа ма енді назарым.
Бүгін Оны сенен ғана қызғандым,
Өзіңе айтар, осы болды, наз-әнім.

Ей, Алматы!
Сезім барда бізде осылай үміт көп.
Алдамшы ғой жүргеніміз күліп тек.
Дүниенің бәрі сұлу ән болған,
айта көрме, шақтарды сол ұмыт деп.

Ей, Алматы!
Ендігіні білсе, білер бағымыз.
Сезім кешсек, сынбасыншы сағымыз.
Өзің жақта басталды ғой ұлы өмір.
…Біздің жақта тағы күз.

АЛМАТЫҒА (ІІ)

Ей, Алматы!
Жалқы мұңның жанарындай күз келді
Астанаға… Сосын «Пушкин» бағына.
Қайта айналып келе ме екен бізге енді,
Есіл күндер еске алатын сағына.

Ей, Алматы!
«Пушкин» бағы бүгін сондай көңілсіз.
Шыныменен биылғы күз бөтен бе?
…Хат келді Одан, қала бердім тағы үнсіз,
Кім біледі, бұл да бәлкім бекер ме?..

Ей, Алматы!
Өзің жақтан жеткен хаттың жүрегі –
Сондай ыстық, күйдірді ғой жанымды.
Жалғыз жауап жазғым келді үнемі:
«Сағындым,- деп, сағындым,-деп әніңді!»…

Ей, Алматы!
Аяулысың! Бар демеймін сенде мін.
Жолдар ғой бұл – жүз қуантып, жүз сынар.
Ән-жүрегі тербететін енді Оның,
Сенің күзің ең бақытты күз шығар!

ӘН

Бұл көктем сен жазған ән сынды,
Жалғыздық ішінен күліп тұр.
…Қайғымды бітпейтін жол сынды,
Жай ғана ұмыттыр.

Қала да ән сынды кей шақта,
Мөлт ете қалатын көңілден.
Жан мұңын елемей қойсақ та,
Жанарын қайтеміз егілген?!

Сен жазған ән неге тым ыстық?
Адасқан көңілім секілді.
Жолдарда жоғалған тыныштық
Үнсіз кеп, мұңайып отырды…

P.S.
Ашпаса да
күйбең күннен қабағын,
Мынау қала
әдемі ғой әніңмен.
Тірлік тонап
өзгерсе де жанарың,
Өзгермеші жаныңмен…

Ажар ЕРБОЛҒАН, elanasy.kz

Фото: On-desktop.com

Пікір қалдыру