Заңғар Кәрімхан. Ғасыр жасаған қамқор әжем

0

Әулетіміздің басында тұрған Алып Бәйтерек құлады.

Бәйтерек мәуелі еді. Тамыры терең еді. Жапырағы жайқалған, көлеңкесі саялы еді.

Жайлауымыздың басынан аққан үлкен бұлақ суалды.

Бұлақ таза, тұнық еді. Таудың суындай мөлдір еді. Қанша ішсең де, құмарың қанбайтын табиғи еді.

Еһ, жалған-ай! Өмірден ғасыр жасап Әжем де өтті.

Әжем деп отырғаным – бүкіл шығыс елі, Тарбағатай жұрты «Қара апаң» атаған Қамажан Мүлікқызы. 1917 жылдың аласапыран шағында Зайсан өлкесінде дүние есігін ашыпты. Туған жерінің асқан ғажайыптығы мен шексіз сұлулығынан болар, әжеміз жас кезінде сұлу, әрі ақылды болған. Келбетінің көркемдігі әжемнің ішкі жан дүниесімен, бай парасатымен тұтасып жатады.

Қазақтың ұлттық тарихында ХХ ғасырдың ішінде кешкен қандай талайлы тағдыр, нәубетті қасіреттер болса, оның бірі де әжемнің өмірінен тыс қалмаған. 1940 жылы Тарбағатай ауданындағы тарихи оқиға «Шығыс шеңбері» аталған тас жолының салынуы ел өміріне ерекше ықпал еткен. Осы тас жолының тау арасын бұзып салынуында көптеген қарапайым қазақ азаматтарының арасында Қамажан әжеміз де болған. Қайла мен күрек ұстап, зембіл көтеріп, арба сүйреген еңбек адамына айналды. Сірә, ол кісінің ұзақ жасауының бір себебі осында жатса керек. Тегінде адам баласы бақытты еңбектен табады. Кезінде советтік идеология қалай насихаттап жарияласа да, адам өмірінің бақыты саналатын бұл еңбектің қазіргі қоғамда да орны айрықша. Еңбектің бір аты – қайрат, қажыр. Қызы Жанипа Рассолдинаның айтуынша, Қамажан әжеміз жас кезінде асауды бұғалық тастап ұстайтын, күреске түскен адамын жықпай қоймайтын қарулы адам болыпты. Жиын-тойларда балуандыққа түсіп, талай мәрте жүлделі болыпты.

Әжем заманында сұлу болды дедім ғой, ол кісіге қызыққан жандар аз болмапты. Сүлеймен есімді бір кісі де ұнатқан. Оның Қамажанда ойы барын білген Нұрасулла Нашыұлы «Сүлеймен ат жаратып жүр, Қытайға қашпақ ойы бар» деп оны тергеу орындарына ұстатып берген. Сөйтіп, біздің әжемізге қолын жеткізген. Бұл – бізге ертегідей көрінгенмен, өмірде болған оқиға.

Атамыз Нұрасулла да осал адам болмаған. Шекара бойындағы елдің үркін-босқынында ағаларынан көз жазып қалған ол 1916 жылғы патша жарлығына байланысты байдың баласы болып жазылып, шетелге асырылған. Орыс-швед соғысына буыны қатпаса да қатысып, қара жұмыс істеп, елге аман-есен оралған өзі бір өзгеше тағдырдың иесі еді. Кейін ұжымдастыру кезінде ауылдағы басшылардың бірі болып, елдің құрметті адамына айналды. Ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің және ата ұрпақтарының жәрдемімен Ахметбұлақ ауылында бір күмбезді ақ мешіт салынып, есімі Нашыұлы Нұрасулла атамызға берілген.

Әжем Қамажанның өміріне қатысты мынадай бір қызық оқиға болған екен. Қазақ жерінің шығыстағы ең шеткі нүктесі Ахметбұлақ деп аталады. «Күн бірінші Ахметбұлақта атады» деген түсінік бар халық арасында. Әзілдеп айтса да, бұл сөздің астарында шындық жататын. Сол Ахметбұлақтың дәл жанынан шекараның сымы бойлап өтеді. Арғы бет – қытай елі. Шалғыны биік, жұрт жапырыла шөп шабатын кең алқапты өлке – Атсалғанның, онымен аттас өзеннің оң қапталынан жоғарыға қарай, жіңішке судың бойын өрлей қыстаулар салынған. Соның бірі – біз білетін, балалық шағымыздың балғын ізі қалған Құрманғалы. Әжем Қамажанның бір жылдары Құрманғалыда болғаны рас. Қыстың аязды күндері қораға әлдеқалай енген еліктерді әжем мен апам (қызы Тәрбие) екеуінің көзі шалған. Барса әлгі түз тағысы қашпай, сол күйінде, ықтасын паналап келген болса керек, состиып тұр екен дейді. Баспалап барып, ақырын жылжи отырып әжем еліктің қасына барғанда да жануар, шіркін, үрікпепті. Содан елікті оп-оңай құлақтап алып, еркіне көндірген, апам екеулеп мойнына арқан салып, ұстаған. Мұны маған әкем Тілеуғазы бірде әңгімелеп берген болатын. Қалай болғанда да қытықшыл келетін бұл жануардың әжемнің қарасынан қашпай тұруының мәнін де тілмен айтып жеткізу қиын.

Әжем ғұмырының ең қызықты шағы кезінде «Қазақстан» совхозы, бертінде «Жаңаауыл» деп аталған ауылда өтті. ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап ел ішіндегі торқалы той, топырақты өлімде ауылдың үлкендерінің арасында бас болып, сыйлы адамына айналды. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілетін түрлі мәдени іс-шараларда, әсіресе жыл басы – Наурыздың жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын. Ісмер болды, қолынан сырмақ, кілем, текемет басу, т.т. бәрі келетін. Қыз-келіншектерді үйіріп ұстап, пайдалы, ең керекті істермен айналысуына көмектесетін. Ол кісінің сырмақ сырып түскен суреті біздің бала кезімізде ауылдық мәдениет үйінің фоэсінде ілініп тұратын. Қазір сол тарихи сурет бар ма, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір клубқа кірген сайын сол сағынышқа айналған суретті көретінмін.

Ел аузынан тастамай айтып жүретін әжемнің тағы өнегелі ісі – жастарға қамқорлығы, жетім-жесірге төккен мейірімі. Задында көпшіл, бауырмал келетін адам гуманистік көзқарастарымен көпшілікті баурайтыны рас. Олар үшін таптық жік, алалау, мүсіркеу, тәкаппарлық деген қасиеттер жат. Әжем әлеуметтік жағдайы мүшкіл, шыққан ортасы нашар отбасыларға үнемі қайырымдылық жасап тұратын. Тіпті кеш үйленіп немесе бас құрай алмай жүрген жастар болса, олардың ретін табуға, тезірек аяқтануына, жақсылық жасауға жаны құштарланып тұрушы еді. Сол арқылы өзінің де жан рахатын табатын. Бұл дүниеде адамның адам баласына жақсылық жасауынан артық қандай ғанибет бар десеңізші. Әжемнің ғасыр жасауының бір кілті осы кісілердің тілегінің қабыл болуынан шығар деп топшылаймын.

Ауылда тұрған кезінде әжем жатпай-тұрмай еңбек етіп жүретін. Қол қусырып бос отыруды білмейтін. Үйдің, сырттың да бар шаруасын өзі-ақ атқарып жүре беретін. Әжемде еш ауырсыну, қиынсыну, жалтару деген болмайтын. Сондықтан болар, дәрігерге еш қаралмапты, дәрі ішпеген. Империяның үстемдігі кезінде де бес уақыт намазын қаза қылмаған. Алла тағала ол кісіге қандай денсаулық берсе, сол денсаулықты бұзбай, жармай, таза қалпында сақтады деп айта аламын. Ауылдан шыққан азамат, Алматы тұрғыны Сайлау Мұратұлының айтуынша, өздерінің қаршадай кезінен, яғни 1960 жылдардан бергі уақытта «Қара апаң» атанған әжемнің күні бүгінге дейін бір сырқамай, еңсесін тік ұстап жүргені талай жанды таңғалдырған. «Қара апаң мықты», «ондай кісілердің сүйегі асыл», «бұрынғылар осындай ғой» деген мақтаулар мен шын ниеттен туған сөздер оның бекзат болмысын асқақтата түседі.

Әйгілі ақын Мағжанның:

Күлдей күңгірт шашы бар,

Тоқсан бесте жасы бар,

Көз дегенің – сұп-сұр көр,

Тасбиқ санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,

Көрсе ауыр күрсінер,

Менің бір қарт анам бар,

Неге екенін білмеймін,   

Сол анамды сүйемін, деген өлеңі ешқашан тілімнің ұшынан шыққан емес. Себебі, сол өлеңнің кейіпкеріндей асыл да ардақты әжемнің барынан ақын жырын ұмытпаппын.

Өлең-жыр дегеннен шығады, әжемнің берген батасы ешбір батаға ұқсамайтын. Мен білетін баталардан мүлде өзгеше. Әр түрлі батаны жатқа білетін және оны әр қилы жиындарда түрліше жаудырып жататын. Бір батасын екінші рет қайталамайтын, қайталаған күнде де жаңашылдықпен түрлендіріп айтатын. Әжемнің барлық батасының соңы «менің жасыма жетіңдер» деп аяқталатын. Бұл – біле білгенге өте терең сөз, парасатты пайым. Жүз жасқа жету бар, жеткенде де абыроймен, адалдықпен жету де бар. Оңай дүние емес.

Әжемнің өмірінің соңғы бөлігі Алматы облысына қарасты Іле ауданы Жармұхамед ауылында өтті. 2011 жылы әжем бастаған алматылық қонақтар Астана мерекесін қарсы алуға біздің үйге арнайы келді. Сүйегі асыл болғандықтан шығар, әжеміздің көңілі көк, еңсесі тік, жүрісі ширақ болды. Пойыз вагонынан көтеріп түсіріп алған менің шешем Сайлаугүлге күле қарап: «Әй, Сәукен, мені қалай тез көтеріп алдың? Өзіңнің күшің көп екен ғой, ә», – деп таңырқағаны қызық. Бұл кездегі жасы 94-те. Үлкен қызы, апам Тәрбие бар, ортаншы қызы Жанипа Рассолдина (ҚР оқу ісінің үздігі, ардагер-ұстаз) жол бастап, мереке қарсаңында биіктігі 97 метр болатын «Астана-Бәйтерек» монументінің басына шығып, қаланы тамашалады. Бұл күні «Бәйтерек» кешенінде адам қарасы мол болды. Ғасырмен құрдас әженің тайсалмай, осыншама зау биікке көтерілгеніне таңданыс білдірген көпшілік кейуананың қолын ұстауға асығып, ырым етіп жатты. Нөпір халықтың артын күтетіндей мұрша жоқ, қазақтай үлкен сыйлаған жұрт жапырылып әжемізге кезексіз орын берді. Ал әжеміз алқалаған ағайынға алғысын жаудырып жатты. Ертеңінде Бурабай шипажайына жол тартып, күні бойы Сексенкөлдің суына беті-қолын жуып, жас қыздың қылығындай қимылдарымен бәрімізді тәнті еткен еді. Сағынышқа айналған бұл естеліктердің күндер жылжыған сайын ыстық болатыны заңдылық.

Қос ғасырдың және бірнеше ғасырға татитын оқиғалардың куәсі болған Ел анасы Қамажан әжеміз үш қыз, бір ұлынан бүгінде 12 немере, 20 шөбере, 13 шөпшек көрген қадірлі кейуана болды. Өмірден өкініші жоқ бір адам өтсе, ол – менің әжем Қамажан. «Жақсы өліпсің, япыр-ау» деп ұлы Абай бауыры Оспанның қазасына орай айтқандай, әжеміздің ақырғы сапары ұрпағының басын біріктірген, бірлікке шақырған ұлы жиынға айналды. Ұлылар аттанған мәңгілік мекенге сапар шеккен ардақты әжеміздің ойсырап тұрған орнын жоқтатпау – ұрпақ борышы.

Заңғар Кәрімхан, «Қазақстан тарихы» интернет порталының редакторы Астана, 2016. elanasy.kz

Пікір қалдыру