«Арғы беттің Қажымұқаны» атанған Серік балуанның анасы

0

Ол қазақ қайда жүрсе де қазақ екенін айғақтап, есіктей кеудесін жатқа бастырмай, өз кезінде-ақ «арғы беттің Қажымұқаны» атанды. Бұл күнде ел есінен көтеріліп бара жатқаны болмаса, Оның аты да, заты да атажұртына ерте оралған. Біздің мақсат – азаттық аспанындағы осы рухты жаңа ұрпақ санасында жаңғыртып көру.

Атаның белі, ананың сүтімен бойға біткен ғажайып күштің иесі, халқаралық аса ауыр салмақтағы еркін күрестің аға жүлдегері, XX ғасырда адамзаттың алыбы атанған Серік Қожабайұлы Алтайдың арғы бетінде Қаба ауданы Алқабек өзені бойындағы Түкпір деген жерде дүниеге келіпті. Ататегі – Тоғыз таңбалы Найманның бір табы – Қаракерей. Әкесі Қожабайдың Сұлтаннан кейін көрген ұлы. Балуанның шешесі Сақыми анамыз сүйекті, қайратты адам болыпты. Нағашы жұрты Жарекеңнің Байқабыл әулетінен Аққыз атты балуан да шыққан.

Серік балуан– Апа, мен де нағашы атам Аққыз сияқты үлкен балуан боламын ба сонда? – деп күздің қоңырқай кешінде бес жасар саусақтары арбиған бала анасының тізесіне басын қойып, оның нағашы атасы жайлы айтқан әңгімесін құмарта тыңдап, еркелей, еліктей сұрайды екен.

– Е, құдай жеткізсе боласың, құлыным!..

– Бойым анау теректей болып өсе ме, апа?

– О да ғажап емес, тірі жүрсең таудай биік боласың, тау көтерген Толағайдай еліңе пайдалы адам боласың, жарығым…

Баланың құлағы елең ете түсті. Шешесі сан қайтара айтса да, еш жалықпай тыңдайтын ертегісі осы Толағайдың хикаясы еді. Сәби санасындағы өзінің Қамбар, Қобыланды, Алпамыстарымен ойша сырласып, біздің сөз етіп отырған Толағайымыз да қараша ауылдың қарапайым күркесінде, ертегімен бірге ерлік еміп осылай есейе беріпті. Жастайынан ән мен күйге, жыр, қисса, дастанға әуес болыпты. Ел ішіндегі көкірегі шежірелі қарттарды жағалап, баһадүр бабаларының рухын санасына сіңіре беріпті. Жарболды Оспан залың (қытайша мансап аты) 1913 жылы ашқан Алқабектегі алғашқы білім ошағы «Таң мектебіне» түсіп, сауатын ашып та үлгереді. Серіктің басқадан артық қайраты бала күнінде белгі берген деседі. Бес жасында далада тышқаншық болып жығылған бұзауын көтеріп үйіне әкелуі, сегіз жасында бие бау басында марқа құлынды құйрығынан тартып тоқтатып, желіге байлауы, азамат тартқан шағында, құмыраны бір қолының уысына алып, қысып сындыруы, құдықтан өгіз, құйдан түйе тартып шығаруы ел арасына аңыздай таралып, бала балуан атанып кете береді.

Алтайдың қызыл шұнақ аязы мен бөрі құйрық боранын, дойыр мінезді дүлей дауылымен бірге түн жамылып жылқы күзетіп, кісі есігінде мал бағып, жалшылықтың қамытын да ерте киеді. Темір қанат балапан тағдырдың шеңгеліне де ерте ілініпті. Әкесінен сегіз жасында, шешесінен он бір жасында айырылып қалған азаматтың алдында ары мен намысына, қажыры мен қайратына сын боларлық талай асулар күтіп тұрды.

Серік Қожабайұлы – «Мемлекеттік бірінші дәрежелі спортшы», «Мемлекеттік еркін күрестің аға жүлдегері», «Спорт шебері», «Аға жүлдегер» сияқты құрмет ордендерін иеленген. Сонымен қатар ота жасатқаны мен жазылғанына қарамай күресіп, қарсыласының барлығын жеңіп шыққан оның аса төзімді әрі тәжірибелі балуан екендігін мойындап, мемлекеттік спорт комитеті «Қытай Халық Республикасының мүлдемдік (мәңгілік) аға жүлдегері» атағын береді. Заманында қарсыласын қоғадай жапырып, өзінің жауырынын тигізбей өткен атақты балуан Серік Қожабайұлы 1994 жылы қыркүйектің екінші жұлдызында дүниеден өтті.

Ұмтыл Зарыққанұлы, elanasy.kz

Пікір қалдыру