Ұлпан бейнесі ұрпаққа ұлағат

0

Біз аңыз-әңгімелерден, қисса-дастандардан білетін, арғысы бүкіл қазақ халқы пір тұтқан Домалақ ене, бергісі кезінде жиырма болысқа жақындаған Арғынның Қаракесек руының ұранына айналған Қарқабат ана, он екі ата Абақ керейдің басы саналатын Абақ ана, бір-бір рудың атына немесе ұранына айналған Айбике, Нұрбике, Сүйінбике, Қызбике, Бике, Күңгене, Мұрын сияқты ондаған қазақ қыздарының аты кемінде осы рудан өсіп-өрбіген бүгінгі ұрпақтарының жадынан өшкен емес. Солардың қатарында аты аталатын тарихи тұлға, сонау Кенесары заманында бес болыс Керей, Уақты аузына қаратып, береке-бірліктің ұйтқысы болған Ұлпан ананың ақыл-парасатын біз ұлтымыздың ұлы суреткері Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” романынан білеміз. Білеміз деймін-ау, жас ұрпақ түгелдей дерлік ғаламторға телміріп, ақылдың айнасы, білімнің бұлағы болған кітап деген асыл қазынаны ұмыта бастағалы қашан! Білетіндерімізден білмейтіндеріміздің саны көп болуы өтірік емес. Ал білетініміз көп болса Ұлпан ұлағатын қылықты қыз тәрбиелеудің үлгісіне айналдыру қажет-ақ.

Жыл сайын елімізде некеге тұрған жастардың үштен бірінің айырылысып жататындары жайлы статистикалық мәліметтер – бүгін қыздарымыздың көбі бір рулы елдің ұйтқысы болмақ түгіл, өз отбасын түзей алмай, өмір атты үлкен сыннан сүрініп жатқанының айқын айғағы. Осы бір ұлттың рухын аздырған келеңсіздікті ауыздықтау үшін қазақ қыздарының, қазақ аналарының батырлығы, батылдығы емес, ең әуелі ақыл-парасатын, өз отбасынан бастап дүйім елдің ұйтқысына айналған асыл қасиеттерін бүгінгі қыздарымыздың санасына сіңіру жағы ақсап тұрғаны – өмір шындығы. Сондықтан орта мектепте қыздарымызды осындай аты аңызға айналған қазақ аналардың рухымен, үлгісімен тәрбиелеуге баса назар аударудың орны бөлек. Сондай қасиетті, ақылды аналардың бірі – Ұлпан.

Ғабит Мүсірепов бейнесін, бүкіл болмысын жан-жақты сомдаған Ұлпан апамыз кім? Нендей ерекше қасиеттерімен екі ғасыр бойы ұмытылмай аңыз болып, бүгінгі ұрпаққа жетті? Ұлпан – аңыз кейіпкері емес, өмірде болған асыл ана. Оған бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен ғибратты ғұмырнамасы мен жатқан орны, басындағы құлпытасы, сол бір қасиетті ананың атымен аталған Ұлпан көлі куә. Ұлы суреткер 1928 жылы Ұлпан ананың басына қойылған құлпытастағы жазуды өз көзімен көріп оқыған, сол заманнан бастап ұзақ жылдар ел арасынан дерек жинау арқылы Ұлпан ананың ұлағатты ғұмырнамасына қапысыз көз жеткізген.

Үстірт қараған адамға Ұлпан әйел теңдігі болмаған заманда өзінен екі мүшел жас үлкен, бес болыс Керей, Уақ елінің биі Есенейге малға сатылған өрімдей жас, ару қыз ретінде елестеуі әбден мүмкін. Алайда, тарихта Ұлпан атақты батыр Артықбайдың қызы екенін ескерсек, малға сатылған қыз емес, Бәйдібек бидің қолынан ұстаған Домалақ ене сияқты ол да ақыл-парасатымен, Алланың жазуымен, Есеней бидің жары болғанын аңғарасыз.

Ұлпан бүгінгі қазақ қыздарына несімен үлгі? Ол, ең әуелі жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі қазақ қыздарындағы жетіспейтін қасиет – әуелі Құдай қосқан жарын сыйлау, одан кейін ағайын-туған, ауыл-аймақтың іргесін ажыратпай, ынтымақтың берекесі, ұйтқысы бола білген, сондай-ақ мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерімен дараланған тұлға. Ол – өмірлік жары Есеней биді он жыл бойы төсек тартып жатқанда да қабағын шытпай, тағдырдың жазғанына мойынсұнып, бағып-күткен махаббатқа адал жар. Есеней де заманының басқа билері, бай-шонжарлары сияқты өзгемен санаспайтын өктем, әрі үстем тап өкілінің бірі болған. Қазіргі Солтүстік Қазақстан, басқаша айтқанда, патшалық Ресейдің қолтығына сұғына жатқан Қызылжар өңіріндегі Керейлер мен Уақтардың бес болыс елін билеген Есеней қазақтың соңғы ханы Кенесарыға бағынбай, орысқа арқа сүйеген ел екені тарихтан белгілі. Осындай адуын биді ақылмен жеңіп, оның сеніміне кіру арқылы айтқанын орындата білген ақыл-парасатты ана еді.

Шығарма кейіпкері, Батыс Сібір далалық генерал-губернаторының өкілі Леознердің айтқанындай, барынша кішіпейіл, ақкөңіл, одан бұрын “даланың нағыз тағы арыстанын” айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізген жан. Тек Есеней биді ғана емес, жары төсек тартып, биліктен алшақтай бастаған кезде орнын баспақ болған үміткер бес болыс елдің азулы болыс-билерін ақыл-парасатымен ықтыра білген, осы өлкеге беделді, ақылды ана болды.

Ұлпан әуелгі кезекте Есеней бидің айналасындағы қызметшілерді, жарлы-жақыбайларды жарылқай білген. Оның айналасындағы кедей-кепшіктерге Есенейдің мал-дәулетінен үй басына бір құлынды бие, екі қозылы қой, әр қойшыға жаздыгүні жүз қойдан бір қой, қыстыгүні жүз қойдан екі қой, жылқышыларға екі жүз жылқыдан бір жылқы жалақы беруінің өзі нағыз жомарттықтың сыртында, жалшылардың адал еңбегін әділ бағалағандық еді. Мұнда көркем шығарма тұрғысында жағымды кейіпкердің образын ашу үшін қолданылған әсірелеу болуы заңдылық. Әйткенмен, Керейлер ортасында “Ұлпанның тұсында Сибанның әр үйінде бір жүйрік, кемінде жүз ұсақ, той-думанды, жырғаулы тұрмыстағы әр ауылда кемінде бір балуан болған екен”, – деген тәмсіл сөз бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен.

Ұлпан тек қайырымды, мейірімді ана ғана емес, қазақ даласын отарлаған Ресей империясының қазақтардың ортасына жүргізген саясатын халыққа қажетті тұстарын ұтымды пайдалана білген саясаткер ана болғанын да тарихи деректер растай түседі. Кезінде Есенейдің иелігіндегі қыстау, жайлау, шабындық жерлерді айналасындағы кедейлерге бөліп берген Ұлпан Ресей патшалығының осы өлкеге келіп орналасып жатқан орыстың қара шаруаларына жер бөліп беру кезінде де халықты жерден айырмау керек екенін түсінген. Сондықтан Ресей үкіметі жергілікті халықтың наразылығын туғызбау үшін қазақтың отырықшы боламын деген отбасыларына да жан басына он бес десятина жер беруге қабылдаған шешімнің қазақтарға пайдалы екенін Ұлпан басқалардан бұрын түсініп, қолдаған, халыққа түсіндірген, қарсы болған болыстарға тойтарыс берген.

Жалпы Ұлпан бейнесі – ақыл-парасатты қазақ әйелдерінің жан-жақты жиынтық образы. Жазушының көркем туындысы арқылы тарихтағы ақыл-парасатты, қайырымды, ақ жүректі халқымыздың дәстүр-салтын қадірлей білетін, әрі жаңашыл Ұлпан бейнесі оқырман алдында жарқырап көрінеді.

Осындай ұлттық рухтың айнасы болған қазақтың ақылгөй аналарының үлгі-өнегесін отбасындағы, мектептегі тәрбиенің, соның ішінде қыз бала тәрбиесінің қайнар көзіне айналдыра білсек ақыл-парасатты, инабатты, көрсеқызарлықтан, өзгенің бейәдеп қылығына көзсіз еліктеуден аулақ, саналы ұрпақ өсіруімізге септігін тигізері анық.

Сондықтан орта мектепте оқыту бағдарламасынан тысқары осы тақырыпта сан алуан жұмыстар жүргізу керек сияқты. Мәселен, мектеп кітапханалары тарапынан осы романнан кітап конференциясын өткізу, жекелеген сыныптарда, мектеп аясында “Қыз сыны” сияқты “Біздің Ұлпан”, “Ұлпан ару”, тағы басқа ұтымды тақырыптарда жүлделі жарыстар ұйымдастырса, ақылман ананың ұлағаты оқушылар санасына тереңірек сіңер еді. Тіпті жалпылама Ұлпан бейнесі емес, “Ұлпанның ақыл-парасаты”, “Ұлпанның мейірімі”, “Ұлпанның мәдениеті”, «Ұлпан және қазақтың салт-дәстүрі» сияқты Ұлпанның ұлағатын аша түсетін жекелеген тақырыптар бойынша пікірталас сайыстарын ұйымдастыруға әбден болар еді. Осындай сан салалы жұмыс ұйымдастырылса, жекелеген оқушылар шығарманы тереңірек түсіне оқудың сыртында сол конференцияны, пікірталас сайысын тамашалауға қатысқан барлық оқушы ғибрат алары анық.

Сол сияқты оқушыларды Ұлпан анамыз өмір сүрген тарихи мекен Солтүстік Қазақстан облысы мен жиені Есеней биге атақты Сырым батырдан қалған күміс кісені Ұлпан Кіші жүз ұрпақтарына табыс еткен тарихи жер – Ұлпан көлі маңына саяхатқа апару, тіпті мектеп тарапынан бастама көтеріп, осы тарихи орындарға ескерткіш белгі қою сияқты жұмыстар ұйымдастыруға да болар еді.

Қысқасы, жас ұрпақты ұлтымыздың ұлағатты аналарының бірі – тарихи тұлға Ұлпанды өнеге тұтуға баулысақ, қыздарымыздың инабатты, ақыл-парасатты болып бойжетуіне иненің жасуындай үлес болары анық.

Бодаухан Тоқанұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Астана, elanasy.kz

Пікір қалдыру