Қажымұқанның анасы

0

Қажымұқан балуанның өмірі оқырмандарға жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» кітабы арқылы жақсы таныс. Сол кітапты іздеп жүріп оқыған біз көбіне балуанның жеңістерін, ерліктерін айтып тамсанып жатамыз ғой. Бұл дұрыс. Бірақ сол алып та анадан туды емес пе?! Ал Қажымұқандай алыпты дүниеге әкелген Ана жайлы біз не білеміз? Жазушы сол жайында да ой толғаған екен. 

Романда оқиға былай баяндалады. Қажымұқанның анасы – Кәбира көп жыл құрсақ көтермей жүріп, кейіннен үш ер бала туады. Оның алғашқысы – егіз туған Асан мен Үсен үш жасқа келгенде қарасан кеселінен дүние салады. Осы егіз сәбилердің жағдайынан кейін Кәбира көпке дейін тағы да бала көтермей жүреді…

Күндердің күні Кәбира екіқабат болады. Мөлшерлі тоғыз ай, тоғыз күн де өтеді. Кәбираның құрсағы шеңберлей түскенін көріп, ауыл адамдары егіз болар деп тон пішеді. Санаулы күндер өтсе де, бірақ бала туа қоймайды. Осыдан кейін Мұңайтпастың жары, Кәбираның енесі – Айсарының қуанышына уайым араласады.

Егіз баласы ішінде жүргенде бөрене иықтап келетін қайратты Кәбира аяғы ауырлап, тіпті үйден ұзап шыға алмайтын хәлге де жетті. Енді жыл көтере ме дегенде Кәбираға ауыр толғақ келеді де, қатты безектететіп, қатарынан екі күн, екі түн бақанға асылып тұрады. Жаны қатты қысылған Айсары ана бозқасқа айтып, мал шалды. Ақырында арыстай ұл туды Кәбира!

Бала жалқы болса да, тұңғыш тапқан егізінен де салмақтырақ, әрі үлкен еді.

Бірақ… Мұнан кейін Кәбира екі күн ғана өмір сүрді. Мұқанға уыз сүтін сорғызып отырып, жан тәсілім еткен болатын. Өліп жазылған құшақтан немересін алған Айсары анаға қараған Кәбираның жанары бейне бір сөніп бара жатқан шам сияқты еді.

Бір сәтте бір жағынан қайғыға батып, бір жағынан қуанышқа бөленіп тұрған Айсары баланың атын мығым болсын, мықты болсын деген тілекпен Мұқан деп қояды.

Денелі баланы асырау жасы келген анаға қайдан оңай болсын?! Үш адамға бөлінетін жалғыз сиырдың сүтін түгел берсе де, бала тоя қоймайды. Дағдарған Айсары Мұңайтпасты өзінің төркініне жіберіп, бір сауын сиыр сұратып алады. Сөйтіп жүріп немересін аяқтандырып, ауыл қыдырып, ірімшік, құрт сұрап асыраған.

Қазақта «уызына жарыған» деген сөз бар. Қажымұқанның батырлығы анадан, ана сүтінен дарыған болса керек! Қос ананың ерлігі, міне, осындай болған екен!

Дайындаған Бауыржан Берікұлы, elanasy.kz

Фото: YouTube

Пікір қалдыру