Қонақ күту туралы не білеміз?

0

«Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үйдің иесі ұялады» дегенді қонақ шақырған сайын әжем жиі айтатын.Ол кезде бала түсінігі үшін жат болып көрінген, алайда тауып айтылған орынды ойдың үлкен астары бар екенін енді ұғынып келе жатқан жайым бар. Ағайын-туған бас қосып мәре сәре болып жатқанда ақ дастарханына барын салып, той жиын десе қу басымызды домалатып кете береміз. Осындай болмысымызбен мақтанып жүрген шақтарымызда кері сөйлеп, «ысырапшыл халықпыз» дейтін замандастар да табылып жатады. Ондай пікірлерге ақын Кәкімбек Салықовтың

«Бар мәзірге біздің қазақ саспайды,

Мейманының аз-көбінен қашпайды.

Нар тәуекел, жығылмасқа жолынан,

Жалғыз атын сойып қана тастайды» деген өлең жолдарымен жауап беру абзал болар.

  Демек, мейманның көңілін тауып, оны сыйлау, бар ізетін жасау, мұның бәрі қонақ күту кәдесіне тиіесілі жақсы амалдар екені сөзсіз. Ендеше, «қонақ күту» кәдесі туралы бірнеше деректерге тоқталайық.

Қонақ – үйге келген мейман.

Халқымыз қонақтың өзін түрге бөлген:

Арнайы қонақ — әдейі шақырылған ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлем, құда-құдағи, сыйлы, құрметті кісілер.

Құдайы қонақ – шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп сапарында көлігі болдырып немесе жолдан адасып, шаршап, тынығу үшін қонған тосын, бөгде қонақ.

Қыдырма қонақ- Үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, ерігіп желіккен, үлкенге сәлемшіл, кішіге баташыл, әжені аялап, жеңгені паналап, ағаға жол, ініге жел бергіш «кіріп-шық» кезбе қонақтарды осылай атайды.

Қылқыма қонақ:Ол – ауыл ішіндегі, үй аралығындағы түтіні түзу шыққан үйді торып, құлқынын тойдыру үшін қолына тигенін, аузына түскенін қылқытып жалмай беретін ашқарақ, ар мен ұятты белге буған тойымсыз, елеусіз қонақ.

Құтты қонақ:Қазақ халқында: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», — деген нақыл бар. Бұл мейман – келген кезінде түскен отбасында бір жақсылық, қуаныш болатын қонақ.

Ерулікті қонақ:Қоныста отырған ауыл үстіне көшіп келген отбасын құрметтеп, ерулік асқа шақырылған қонақты осылай атайды.

  Қонақтың орны – үйдің төрі. Баяғыда қонақтар шаңыраққа сәлем беріп кіргеннен кейін қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отырған екен.

 Жалпы қазақтар үйіне келген кісіден «неге келдің?», «қашан қайтасың?», «қайдан жүрсің?» деп сұрамайды.Тек қонағын күтіп, құрметтеп, ізетін жасап болғасын ғана әбден кетерде «қандай бұйымтайың бар?» деп сұрайды. Негізінен көргенді адам қонақ болып келгесін, кіргеннен бастап, өзін таныстырып, не шаруамен келгенін айта отырады.  Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде мынандай өсиет айтылған: «Аллаһу Тағала бір қауымға жақсылық тілесе, оларға сыйлық ретінде қонақ жібереді. Қонақ рызығымен келеді. Аллаһу Тағала ол үйдің тұрғындарын кешіреді». Ал үлкен кісілер әр уақытта «Қырықтың бірі Қыдыр, қонақ келсе — құт» деп отыратыны да бекер емес. Әр заманның өзіне сай қонақ шақыру этикасы болады. Осы этикаға сәйкес бірнеше кеңес сіздер үшін артық болмас:

  1. Қонақтарды шақырғанда оларды алдынала хабардар етіп,арнайы шақырып отырғандығыңызды міндетті түрде айтыңыз
  2. Қонақтар келгенде дастарханыңыз дайын тұрғаны жақсы әдет, кей жерлерде қонаққа тамақ дайын болғанша шай береді.
  3. Балаларыңыз қонақтың мазасын алмауы үшін, оларды алдын-ала тамақтандырып қойыңыз.
  4. Қонақ төрде отырады, дастарханға бата береді.
  5. Қонақтың алдына тек жақсы тағамдарды қою керек.
  6. Қонақтардың көзінше азық-түліктің қымбаттап кеткенін айту – әдепсіздік.
  7. Қонақтарға дәм алғызып отыру — үй иесінің міндеті.
  8. Ешбір қонақ елеусіз қалмауы керек, әрқайсысымен әңгімелесуге тырысыңыз.
  9. Қонақтың әкелген сыйлығына коментарий беретін ойыңыз болса, тек жақсы жағын айтыңыз.
  10. Қонаққа сыбаға-сарқыт салып беруді ұмытпаңыз
  11. Қонаққа сый-сияпат жасай біліңіз,үйді бірінші рет көріп тұрған құдалар,келіндер, күйеу балалар, балалар құр қол кетпеуі керек.
  12. Қонақты есіктің алдына дейін шығарып салып, енді шақырусыз келуге болатынын айтқан жөн.

Келген қонақ үйге ырысымен келеді деп түсінетін халқымыз, жылы-жұмсағын дастарханына жайып салып отырған. Бірақ бұны келген қонақтың қарнын тойдырып жіберу деген сөз емес. Адамдар өзара жақынырақ араласу үшін, үйінің есік-төрін көрсету үшін, дастархан басында емен-жарқын әңгіме құру үшін бірін бірі қонаққа шақырады. Осылайша бір бірімен аралас-құралас болады. Ең бастысы жолдан жығылмайтын болмысымызды сан ғасыр сақтап келген ұлт екеніміздің көрінісі дәл осы – «қонақ күту» кәдесі. Қонаққа барғанды жақсы көрсеңіз, өзіңіз де қонақ күте біліңіз. Үйіңіздің құты- қонағыңыз көп болсын!

elanasy.kz

Пікір қалдыру