Абысын тату болса…

0

Abisin-300x199Абысын – қазақ этномәдениетіндегі ағайынды адамдардың әйелдерінің бір-біріне жақындық қарым-қа­ты­на­сын білдіретін туыстық атау. Алайда бұл сөздің алғашқы мағынасы тек қана әйелдер арасындағы ілік,  жақындыққа арналған сөз екендігін еске ала отырып, төркінін тап басуға болады. В.В.Радлов сөздігінде: «Абы» қойбол тілінде біздегі «әйел» сөзінің орнына қолданылады,– деп жазылған еді. Ал Л.3.Будагов сөздігінде: «Абысын» тұлғасына жақын «епчи» сөзін ұшы­ра­тып, «әйел» мағынасын беретіндігінен хабардар болдық.

Мұндағы «е» дыбысының ор­ны­на «а», «п»-ның орнына қолданыл­ған «б»және «ч»-ның «с» дыбысына сәйкестігі – түркі тілдеріне ортақ заң­дылық екендігі ертеден белгілі. Сондықтан да басқа түркі тіліндегі «епчи» сөзінің қазақ тілі дыбыс заң­дылығына сәйкес «абсы» болып айты­луы таңдандырмауы тиіс. «Абсы»-ның «абысын» тұлғасына дейін өзгеруін түсіндіріп жату да артық. Бұл жерде – қазақ тілінде қатар кел­ген екі дауыссыз ортасына қысаң дауыс­ты «ы» не «і» дыбыстарының бірі килігуін және соңғы«н» дыбысын есім тудыратын қосымша деп ес­ке алсақ (мысалы: қос + ын, жи + ын т.б.), бұл сөздің төркіні түркі тіл­де­рінің біріндегі әйел мағынасын бе­ретін «абы» не «епчи» сөзінен екені еш күмән тудырмайды. Олай болса қазақ арасында жиі қолданылатын «абысын» сөзі бәрімізге де түсінікті. Абысындардың өз арасында қалыптас­қан этикалық нормалары бар: абысын­ның кішісі өзінен жасы мен жолы үлкен абысынын оның күйеуін, яғни қайын ағасын сыйлағандай құрметтеп, ізет пен ілтипат көрсететін әдептілік дәс­түрлі қазақ қоғамында жазылмаған ережелердің қатарында.
Абысындардың өзара сыйластығы, олардың етене жақын сырлас, мұңдас, кез келген мәселені ақылдасып, кеңесіп шешіп отыратындықтан ауыл-аймақтың бірлігін ұстап тұратын «фактор» іспетті болған. Сондықтан ертеде жайлау, қыстауда бір-бірімен қанаттас, қоңсы-қолаң болып қоныстанған қазақтар әлбетте туыстық принцип бойынша жүйеленген шаруашылықты жүргізу барысында тек мүдде-мақсат қана емес, туыстық қатынастар да белгілі дәрежеде рөл атқарған деуге болады. Олар бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңын кек тұтпайды, керісінше, өзара тату болса ағайындардың да ауызбірлігі, ауыл, рудың да берекесі, туыстық қарым-қатынасы нығая тү­седі. Дәстүрлі ортада отбасылық, ру­лық, туыстық қарым- қатынастың нормаларының ішінде іргелі мәнге ие, әсіресе ағайынды, туыс, аталас адам­дардың әйелдерінің тату болуына ерекше мән беріп қадағалап отырған. Демек, бір ата деңгейінде, арысы жеті атаға дейінгі ұрпақаралық қатынасты реттеуде абысындар сыйластығының өзіндік рөлі болған. Өмірлік серік еткен жарының тірегі, қамқоршысы ғана емес, абысындар аталас ағайындардың балалары арасындағы татулық-бірлікті нығайтуда және кез келген күрмеуі қиын мәселелерді шешуде мәмілегер, бітістіруші орнында жүре білген. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса aт көп» деген мақал­дың өзінен-ақ ағайынның бірлігі арқылы абысындардың міндеті үлкен екендігі айқындалып тұр. Демек, абысындар этномәдени тағылымда сыйластық, татулық, бірлік, ынтымақтың белгісі саналған. Өзінен үлкен абысынын қазақ келіндері шешей деп те атаған.

АБЫСЫН ШАЙ

Ауылдың ерлері мен үлкендері жоқ кезде, ауыл-үйдегі әйелдердің қолы жұмыстан сәл босаған сәтте бір үйге жиналып, шай ішіп, өзара сырласуға мүмкіндік беретін кездейсоқ болатын басқосуға көбіне көңілжетер, сыйлас абысындар жиналатындықтан, бұл салт «Абысын шай» деп аталған. Белгілі ор­тада қауым болып өмір сүретін қазақ ауылдары абысындарының жиыны әдетте күндізгі уақытта өтетіндіктен алдын ала жоспарланып, арнайы ұйым­дастырылмайды және сауық құрып, өлең айтып, ұзақ көңіл көтеруге уақыт­тың қысқалығы мұрсат бермейді.
Біздің халқымыз ер-азаматты ша­ңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасы­ның алтын қазығы деп бағалаған. Сол отбасы қазығының абысындарымен тату тұруы бұрынғы заманнан, ата дәстүрден жалғасып келе жатқаны анық. Өйткені абысынның татулығы шаңырақтың татулығы. Бұрын бір ауылдың әйелдері, яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі ке­теді де, ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абы­сындардың еркіндеп қа­латын кезі, міне, осы сәт. Олар мұн­дай­да өздері бір үйге бас қосып жылы-жұм­сағын қазанға салып, шай қойып өздері бір кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дас­тарқанды кең жайып дәм татады. Міне, осы бас­қосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі бола­тын.

КЕЛІН ШАЙ

«Келін шай» рәсімі әдетте той өт­кен күннің ертеңінде жасалады. Оның мәнісі жаңа түскен келінге шай құйдырту арқылы оның үй шаруасына икемділігін сынау және келінді жаңа туыстарымен таныстыру. Келген қонақ­тарға келін жылы қабақпен, жылы  жүзбен, инабатты пейілмен шай ұсы­нады. «Келін жан, тамағыңды емес, қабағыңды бер» дейтін нақыл осындай жағдайдан басталып айтылса керек. Әрине, шай демдеудің, оны кеселерге құюдың жөн-жобасын келін білмеген жағдайда абысындары көмектеседі. Бұл бір жағынан әлі ешкімді танымайтын келіннің абысын-ажынмен тезірек танысып, алыс-беріс жасап кетуіне жақсы. Сонымен қатар бұл дәстүр келін мен абысындар арасын бірден жақын­дастырады. Келгендер қолтығына бір-бір көйлектен, шай-қанттарынан, орамалдарынан қыстыра келеді. Тіпті кейбір жақын әрі кербез абысындар жүзік, сырға да салып кетеді. Қатын-қалаш құшақтап келіннің бетінен сүйіп, еркелететін бұл басқосуды абысындар арасындағы бауырластық, жылылықты бірден жалғауға арналған жиын деуге болады. Жиылғандарға жаңа түскен жас келін уағыз айтып көсемсімейді. Қызарақтап, қысылып, ақырын ғана әнтек күліп, көзін төмен түсіріп оты­рады. «Алыңыздар, жеңіздер» деп те айтпайды. Мұны жеңге айтады. Абысындар кетерде келін сарқыт бе­ре­ді. Бұны біздің бабалар жас келін жалғызсырамай абысын-ажынмен тез сыйласып кетсін дегендіктен шығарған. Адамдар арасындағы бауырмалдықты тез қалыптастыратын мұндай отырыс дін шарттарынан шыққанын есте ұста­ғанымыз абзал. Қазақ әйелдерінің ырыс­ты ынтымағынан хабар беретін «ке­лін шайда» жақсы, ұлағатты әңгіме­лер айтылғаны дұрыс.
Қолданылымдағы «абысын-ажын» деген қос сөздің әрқайсының көне түр­кі-моңғол тілдерінде жеке-жеке ма­ғынасы болған. Келін ағаның әйелін «абысын», ал абысын інінің әйелін «ажын» деп атаған. Қазіргі таңда абы­сындар өзара түсінушілікке зәру. Қа­рапайым адами қарым-қатынасты ұстанбайтын келіндер мен абысындар да өмірде кездесіп қа­лады. Бір әулет келіндерінің араз бо­луының себебі қандай? Отбасындағы бірнеше келіндер ауызбіршіліктің сырын неге таба алмайды? Абысындардың араз болуына не себеп?
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айы­­­ның ортасында бір ауылдасым қоярда-қоймай қонаққа шақырды. «Шаңырақ» ықшам ауданындағы үйін таба алмай қиналып қалар десе керек, уәделескен күні ұлын көлік­пен жіберіпті. Қала сыртындағы мекен­жайға жақындағанымызда ретсіз ор­на­ласқан қоржын тамдарды көріп көңілім қоңылтақсып қалғанын несіне жасырайын. Алайда менің жастық ша­ғымдағы ауылдас құрбым Майраның үш келіні алдымыздан күлімдеп шығып, иіліп сәлем беріп, бәйек болғанын байқағанымда ерекше бір сезімді бас­тан өткердім. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөздің жаны бар. Бес сағат сол үйде болғанымызда келін­дердің татулығына көзім әбден жетті. Тіпті араларынан қыл өтпейді деуге боларлықтай. Үн-түнсіз қалыппен өз міндеттерін адал атқарып, шапқылап жүрді. Артық сөз, оғаш мінездері жоқ.
– Үш келіннің бір үйде сыйысып тұруы сирек кездесетін жағдай ғой. Бөлмелері бөлек болғанымен, ыдыс-табақтары ортақ дегендей. Оның үсті­не кішкентай балалар ойнап жүріп бірдеңеге таласса абысындар араға түсіп, соның салдарынан ренжісіп қалмай ма деген ойда болдым.
Менің нені білгім келетінін жүзім­нен оқып қойғандай Майра сайрай жөнелді.
– Үлкен келін өзіміздің жақтан, яғни Қарабұтақтан. Ортаншы келін Алматы облысының қызы, кішісі оралман. Бө­лісе алмай жатқан неміз бар? Қайта бірігіп істейтін шаруамыз көп. Бос әңгімеге, ырду-дырдуға уақыттары да, ниеттері де жоқ. Үшеуі де қу тірлікті түзеймін деп әрекеттеніп жатады.
Терезе алдына орналасқан іс тіге­тін қол машина, аула ішінде қыс­қа дайындалып, кесіліп жиналған отын­дар, қорадағы азын-аулақ мал, тағы басқалар үй ішінің ынтымақтығын айна-қатесіз білдіріп тұрғандай еді. Келіндер Асыл, Нұргүл, Ұмсынай бізді жарқыраған қалыппен шығарып салды. Мұндай абысындар бар жерде жайлы өмір, көтеріңкі көңіл болатынына еш күмәнім қалмаған еді.
Ал осыған қарама-қарсы жайды мен жылдар бойы көріп-біліп жүрген едім. Әулетті, зиялы, текті шаңырақтың екі келіні тұрпайы қылықты жүгендеу, өз кісілігін түгендеу дегенді білмеді. Байлыққа мастанған келіндер алдымен өздері әлденеге ренжісіп, болымсыз өкпені уақыт өте келе үлкен дау-жан­жалға айналдырып жіберген еді. Сондықтан да болар ағайындардың арасына от салып, қит етсе дау-жан­жал шығаруға бейім тұрды. Соның нәтижесінде бес жыл ішінде екі келін де жөндеріне кетті. Олар бір-бір бала туғандарын бұлдап, сот арқылы ата-енелерінің үйін бөліске салып тартып алды. Онымен қоймай жұбайларының банктегі жинап жатқан ақшаларын да иемденуді ұмытпады. Соңында ер-азаматтар ішкілікке салынып, бере­кесіз тіршілікке көшті. Осының бәріне шыдай алмаған үлкен үйдің егесі Ғани аға таяуда жүрек талмасынан көз жұм­ды. Отанасы болса жылай-жылай көз жанарынан айырылып еді, енді соның үстіне жаман ауру жамады ма, қазір ауруханада жатыр. Ал мол қаражатты иемденген, бас-бастарына үй тігіп алған қос келін бір кездері ақ батамен түскен үйдің мүшелеріне қамқорлық танытпақ түгілі, олардың өмірде бар-жоқтарынан да хабарсыз қалған сыңайлы. Өйткені тайраңдап шетелге саяхаттауларын әлі де доғарар түрлері көрінбейді.
«Шаңырақтағы» қоңырқай үй мен «Медеу» жақтағы атшаптырым жерді алып жатқан дәу коттедж соңғы кез­де жиі-жиі түсіме енетін болып жүр. Бірінде – татулық, ауызбіршілік сал­танат құруда. Ал екіншісінде ұрыс-керіс туындады да, ақырында ту-талақай болып дүние бөліске түсті. Қазір ол үйде мүлде басқа адамдар тұрып жатыр. Бұ­рынғы тұрғындары абысындардың ақылсыздығынан мал-мүліктен, абы­рой-беделден, денсаулықтан айырылған болатын.
Иә, түрлі жағдайлар өмірде кездесіп жатады. Әр шаңыраққа түскен келін өзінен үлкен қайнылары мен қайын інілерінің зайыбына абысын болатындықтан, саналы, сезімтал, көреген, ақылды адам болғаны ләзім. Терең таным иелері ғана шаңырақтың құтын қашырмай несібесін көгертеді ғой. Ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтай біл­ген абысындарды көріп жүрміз, олар тонның ішкі бауындай тату. Бірі білмегендігін бірі біліп, үй шаруасындағы көзге көрінбейтін шаруаларды бір-біріне үйретіп атқарып жатады.
Өз міндеттерін абыройлы атқарған абысындардың арқасында туыс-ағайын арасында татулық болатынына күмән жоқ.+


Салтанат ҚАЖЫКЕН,

«Ана тілі»

Пікір қалдыру