«Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!»

0

КӨКТОҒАЙ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ «АНА ДЕГЕН ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҰЛЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫҚ МӘДЕНИ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, ОЛ 90 ЖАСҚА ТОЛЫП ОТЫРҒАН АНАЛАР САБИЛА ҚҰРМАШЕВА МЕН ӨСИЛА МЫСЫРОВА ӘЖЕЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУДЕН БАСТАЛДЫ.

Алдымен көктемнің көрікті мерекесіне орай жиналғандарға Көктоғай округ әкімі М.Құсайынов ақжолтай тілегін арнады. Мекеме басшылары да аналарды мерейлі 90 жастарына орай Құттықтау хаттары мен сыйлықтарын ұсынды.
Мерекенің екінші бөлімі «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» сайысына ұласты. Сайысқа қатынасқан Б.Нысанбаев атындағы орта мектебі атынан Аяжан Шынтемірова, емхана ұжымынан Айнұр Әлимарданова, «Гүлдәурен» балабақшасынан Ақниет Рашитова, жатақхана ұжымынан Бисұлу Тілекова, Мәдениет үйінен Гүлназ Үсенова қазақ келіндерінің ибалығын, шеберлігін, дәстүр мен салтқа сай біліктілігін, қадір-қасиетін ашатын бес турда өз өнерлерін көрсетті.
Ауыл өнерпаздарының, аудандық саз мектебі Көктоғайдағы филиалы оқушыларының қатынасуымен шырқалған әндер мен мың бұралған билерімен көмкерілген мәдени шараның мазмұны тағылымдық тұрғыда көрермендер тарапынан жоғары бағасын алды.
Қорытындысында «Шебер келін», «Сымбатты келін», «Инабатты келін», «Ақылды келін», «Өнерлі келін» номинацияларын өзара бөліскен келіндерге көрермендердің қошеметін ауыл ақсақалы Нәсіпбай Бисекенов батасымен өріп, қорытындылады.
Ал жеңімпаздар арасынан «Гүлдәурен» балабақшасының қызметкері Ақниет Рашитова аудан орталығында өтетін сайысқа жолдама алды.

 Исатай
ДӘУЛЕТИЯРОВ,
«Көктоғай -Мәдениет» КҚМК көркемдік жетекшісі.

BAQ.KZ

Пікір қалдыру