Алмахан Мұхаметқалиқызы. Қазақтың ұлттық киімдерінде береке бар

0

Біздің заманымыздан бұрынғы қиян дәуірлер шежіресі бүгінгі таңда тек қана мұражай мұрағаттарында сақталған мұрағаттар мен тарихи әдеби еңбектерде, мерзімді ұлттық мерекелі жиындарда ғана елес беріп қалады. Мәдени мұралар арқылы ғана тіл қатып, тарих сахнасында мыңдаған жылдар бұрын өзіндік болмыс бітімі бөлек көшпенді бабаларымыз ойсыз көзге шалына бермес асыл мұраларды, тәрбиелік терең мәні бар өнегені күнделікті тұрмысымызда елеулі орын алатын ұлттық киімдер арқылы беріп отырған екен. Қолымызда бардың қадірін білмейтін аңғал басымыз мәні терең құндылықтардың сырын ұқпаған екенбіз.

Қазақ қыздарының  ұлттық киімін – баршын, торғын, шәйі, қырмызы сияқты жұмсақ нәзік маталарды пайдалана отырып бүрмелі етек, бүрмелі жеңін аса кең етіп көлбеңдете тіккенінде қазақтың бүкіл тұрмыс-салты жатыр емес пе.

Қыз балалардың, әйел адамдардың киімін жұмсақ, нәзік матадан тігетіні нәзіктігі мен әдептілігі үстіндегі киімінен-ақ көрініп тұрған ғой. Етек-жеңінің  кең болатыны – қазақтың дархандығы, үрімді-бұтақты екендігі, мейірімі, қонақжайлылығы, даладай кең пейілі, қолының жомарттығын білдіреді. Кең етектің қабат-қабат бүрмесі жеті сатыдан тұрады. Жеті қазына, жеті кие, жеті қат жер, жеті ата тазалығы осы ұғымға сиып тұр.

Әйел ұлтты тәрбиелейді, келген қонаққа ілтипат көрсетіп, дәмін ұсынған әйел атаулының киген киімдері арқылы бұрынғы бабаларымыз елдігімізді таныған. Үсіндегі киімі арқылы қай елден келгенін, кім екенін біліп отырған. Қыз балалар мен әйел адамдардың киім кию ерекшелігі арқылы айыра білген. Қазір қазақтың ұлттық киімін тігіп жүргендер сол қазақ көйлегінің етегінің желбірі жеті сатыдан тұратынын біле бермейді. Тіпті желбір салып тігуді қойып келеміз. Табиғатпен біте қайнасып, жер еміп өсіп, әдепке салғырт қарамаған бабаларымыз тұрмыс-тіршілік салтының болмыс бедері біздің еркіндігімізді алыс заманалармен жалғастырып жатыр емес пе?

Кішкене қыз балалар басына сәнді моншақты тақия киеді. Күйеуге шыққан қалыңдық басына шәйі мата көмкерген сәукеле киеді. Сәукеле – енді ғана босағасын аттаған отауды білдіреді. Артындағы шәйі жібек капрон жас отаудың арман-үміті. Сәукеленің шағын отау сынды болып келетіні де сол. Орта жастағы әйелдер бастарына иығын жауып тұратын үлкен жаулық байлайды. «Ананың жаулығы», «ананың ақ орамалы» деген пікірді қалыптастырған аналарымыздың отбасына, әулетіне адалдығы, көңілінің тазалығын білдіреді. Одан үлкен әжелер бастарына кимешек киеді. Кимешек – үлкен шаңырақты білдіреді. Үлкен шаңырақтың, бір әулеттің құрметті анасы екенін көрсетеді. Бүгінгідей сөйлеп, қолдарын оңды-солды сермеп түсіндірмей-ақ біздің «дала данышпаны» атанған бабаларымыз әр нәрсені орынды, жүйелі жеткізе білген.

Халықтық мәдениет, біздің түп тамырымыз. Бірақ біз осы бір қарапайым киім үлгісін ұлттық мерекелерде ғана жоспар бойынша пайдаланамыз. Киімнің мұндай үлкен тәрбиелік мәні бар сырын ешкім айтып түсіндіріп жатқан жоқ. Өйткені оған мән беріп жатқан да ешкім жоқ.

Бір жоғарғы оқу орнына студенттермен кездесуге барғанымда  студенттерден ұлттық киімде не сыр бар екенін сұрадым. Бір студенттің «Кезінде қазақтарда балалар көп болған, балалардың бас-басына киім алып беруге шамалары келмеген. Сондай мақсатта көйлектің етегін қыз бала өскен сайын жалғап отырған» деп жауап бергені мені қатты күйзеліске салды. Сонда біздің ата – бабаларымыз балаларына киім тауып бере алмайтын деңгейде болған ба? «Мұндай пікірге неге келдің?» деген сұрағыма: «Ол кім? Бұл не?» деп аталатын энциклопедияда осылай жазылған» дейді.

Қазақ халқының ұлтық мәдениетінде қара, қоңыр түсті сұрықсыз киім кимеген. Ашық түсті әдемі, жарқын жүзді киім таңдап киюдің өзі қазақ халқының патша көңілін білдіреді. Жүзін жасырып жүрген жандарды көрсе «елге қарайтын беті жоқ болған соң солай жүреді» деп түсінген. Мұндай оқиғаларға келтірілген деректер тарихи әдебиеттерде көптеп кездеседі.

Қазақтың ер азаматтары етегі-жеңі жержей кең шапан киген. Шапан киген адам күні бүгінге дейін мейір-нұры жүзінен төгіліп абызға айналып шыға келеді. Қазақтың кез келген ақсақалын абызға айналдырып көңіліңді елжіретіп жіберетін сол шапандар да бүгінгі таңда өзіндік кейпінен айырылып барады.

Ұят та болса мойындауға тиіспіз! Қырдағымыздың да, ойдағымыздың да, оқығанымыздың да, тоқығанымыздың да қазақтың ұлттық киімдері туралы білетіні тым таяз. Әйтпесе бүгінгідей белінің қай тұста екенін білмейтін қыздар мен түр ұсқынын сопайтып, суық қылып көрсететін азған елдердің киімдерін әуелде-ақ кигізбеген болар едік.

«Керегең кең, екі босағаң тең болсын», «аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деп түсінген бабаларымыз киім үлгісіне, күнделікті тұрмыс құралдарына баса назар аударған. Күнделікті тұрмыс құралдары, дәстүр-салт арқылы ұрпағын үздіксіз тәрбие бесігінде тербетіп отырған. Сіздер ұлттық киімдеріміз жайлы не білесіздер?

Астана қаласы, Қазақстан-Ресей университеті,

«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры. 

Пікір қалдыру