Әжелер тәлімі

0

90-шы жылдардың басында азат даму жолына түскен еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық өмірінің іргесі қаланып жатты. Әрине, ұзақ уақыт қалыптасып кеткен одақтық, жалпы экономикалық жүйеден ажырап, бірден әлеуметтік мемлекет құру оңай болған жоқ. Жаппай жұмыссыздық, инфляция, ішкі және сыртқы миграциялық толқулар, т.б. күрделі үдерістер кеңінен етек алды. Бұл дағдарыс, әсіресе ауыл тұрғындарына ауыр тиді. Тығырықтан шығудың жолын іздеген жастардың басым көпшілігі ірі қалаларға қарай ағылды. Нәтижесінде қала төңірегінен көптеген ықшам аудандар пайда болды. Мысалы, Алматы қаласының төңірегінен «Шаңырақ», «Әйгерім», «Дархан», «Көкқайнар», «Ақбұлақ» және т.б. осындай мүлдем жаңа үлгідегі он екі ауылға ұқсас ықшам аудан құрылды.

«Шаңырақты» көтергендер қазіргі орта буын өкілдері. Сондықтан куәгерлермен сұхбат жүргізіп, өтпелі кезеңнің бейнесін кешенді түрде сомдауға толық мүмкіндік бар.
Тарихи-антропологиялық зерттеу жұмыстары профессор, тарих ғылымдарының докторы М.Қойгелдиев жетекшілігімен Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылған «Айтылған тарих» атты маман даярлау және ғылыми-зерттеу орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бастап ұжым қызметкерлері Алматы облысының Көксу, Ескелді және Панфилов аудандарына ғылыми экспедицияға шықты. Осы ғылыми экспедиция кезінде жинақталған аудио және бейне материялдарды ҚР мемлекеттік Мұрағат қорына тапсырды.
Айтылған тарих – елімізде бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ал қазіргі жаңа сипат және тұрпаттағы айтылған тарих үрдісінің алғышарты, батыс елдерінде технологиялық, дыбыстық жазба құралдарының пайда болған кезеңінен-ақ бастау алған. Өкінішке орай, біздің елімізде тарих айту дәстүрінде техникалық мүмкіндіктер пайдаланылған емес. Сондықтан мұрағаттарымызда тарихи оқиға куәгерлерінің аудио, бейне сұхбаты бүгінге дейін болып көрмеген.
Қазіргі кезде ағымдағы өмір жө­нінде ел арасынан деректік материал­дар жинаудың өз маңызы мен ерекшеліктері бар. Бұл жұмыс кәсіби тарихшылардың басшылығымен жүргені абзал. Тарихымыздың дерек қорын жасау ісінде «әттеген-ай!» дегізетін жағдайларды жібермеу керек.
Әсіресе ХХ ғасыр тарихын қарас­тыруда «Айтылған тарихтың» зерттеу бағытының орны ерекше. Біріншіден, аталған дәуір тарихшылар үшін сыры түпкілікті ашылмаған оқиғаларға толы кезең болса, екіншіден, «Айтылған тарих» дәстүрі күннен-күнге қатары ­сиреп бара жатқан «соғысқа дейінгі» және «соғыстан кейінгі» заман куәгерлерінің жадындағы тарихты аудио, бейне таспаға жазып алып, оны мұрғатта сақтау ісіне жол ашады. Сөйтіп, өткен ғасыр тарихы оның куәгерлері көзімен «жаңа тарихи» әдістер арқылы зерттеуге алынбақ.
Орталық зерттеушілері ағым­дағы жылда «Шаңырақ: ауыл тұрғын­дарының қала жағдайына бейімделуі» атты тақырыппен жұмыс жүргізуде. Зерттеу кезінде ауыл тұрғындарының құрылыс жылдарындағы әңгімелері, үй құрылысының ресми құжаттары, жазба дерекқоры, әкімшілік орындарына жолданған өтініш, хат, арыз, үйдің сәулет жобасы, фотосуреттер, т.б. материалдар жинақталды. Ұсынылып отырған материалда ықшам аудан тұрғындарының қоғамдық-мәдени өмірі жөнінде сөз болмақ. Сондай-ақ, «Атамұра» қалалық жастар дамыту қоры аясында құрылған «Он екі әже» тобы мүшелерінен алынған сұхбат бар. Топ жетекшісі Нәсілхан Мұхамеджанова жоғары білімді, «Шаңырақтағы» құрылыс жылдарында өз ортасында елеулі еңбектерімен танылған сыйлы адам. «Шаңырақта» 1992 жылдан бері тұрады. Жаңа орта мәдениетін дамытуда оның үлесі зор.
Сұхбат берген әжелер: Нәсілхан Мұхамеджанова, Үкілі ­Молдыбаева, Тұрахан Сәрсенбаева, Мақатай Дубекова, Нұртай Алшанбаева, Ұлбүбі Орынбетова, Тілеухан Қажиева, Бақыт Шаденова, Майра Ізбасарова, Күлімхан Саймасаева, Мейіргүл Қазыбаева, Шарипа Жақсыбаева.
«Шаңырақтағы» жаңа тұрмыстық өмірді құру, біріншіден, сол буындағы жастар үлесіне тиді. Жұмыссыз қалған ел тұрғындары бірі қалаға, бірі ауылға, ал енді бірі шетелдерге кетті…
Өтпелі кезеңде бұрын-соңды болып көрмеген жаңа құбылыстар орын алды. Мәселен, қала төңірегінде жаңа үлгідегі ықшам аудандардың бой көтеруі. Жиырма жыл ішінде Алматы қаласының төңірегінен бірінен соң бірі он сегіз ықшам ауданы құрылыпты. Оның даму қарқынын бір ғана «Шаңырақтағы» №26 қазақ орта мектебіне 2011 жылы он үш 1-сынып бүлдіршіндерінің жиналғанын айтсақ жетіп жатыр. Сондай-ақ екінші ерекше құбылыс – баспана мәселесі. Бұл қашан да күрделі мәселелердің бірі болып келген. Сұхбат берушілердің басым көпшілігі сол кездегі Алматы қаласының әкімі З.Нұрқаділовтің жасаған қамқорлығын ерекше ілтипатпен әңгімелейді.
«Шаңырақ» құрылысының алғашқы күндері жөнінде Нәсілхан апай былайша баяндайды: «Біз үй тұрғызған жылдары (1992 жылдарда) бүкіл «Шаңырақта» алты-ақ үй болды. Оның әрқайсысының ара қашықтығы 5-6 шақырым. Тегіс жол жоқ. Сонда қыстыгүні бір үйден түтін шықса қатты қуанатынбыз. «Жолды жортқан біледі, тәтті менен ащыны татқан біледі» демекші, сол кезде «Шіркін-ай, көршіміз қашан келеді екен» деп аңсайтынбыз. Мен күйеуге кеш шықтым, «Шаңыраққа» келгеннен кейін кішкентай баламен үйде отырдым. Біреумен сөйлескім келеді. Жалғыз болу қиын. Барлық жастардың мәселесі ортақ еді. Оларға жер керек. Төрт жыл өткен соң біртіндеп көршілер қатар қона бастады».
Отбасылардың бірі жертөлелерде күн көрсе, бірі сабаннан үй тұрғызып паналаған көрінеді. Суы, электр жарығы, жылуы жоқ жерде өмір сүру жастардың жасаған ерлігі деуге болады.
«Шаңырақты» құруда Нәсілхан апайдың қосқан үлесі зор. Ол жол салу, су, электр жарығын жеткізу, балалардың бос уақытын өткізуді ұйымдастыру т.б. қоғамдық мәдени істерге белсене араласты.
«Шаңырақтың» алғашқы тұрғын­дарының бірі Күлімхан Саймасаева: «1994 жылы келдім. Ол кезде ауылда не электр жарығы, не су жоқ. 1-Шаңыраққа, балшық кешіп Көкқайнарға барамыз. №10 автобус қана келеді. Қаптаған жас студенттер сағат алтыда тұрып, қалаға қарай беттейді. Адамдар аяқтарына етік киіп, туфлиін қолына ұстап, «Новостройкадағы» сайға келіп ауыс­тыратын. Құдықтың суы ащы болды. Мұның денсаулыққа аса зиян екенін кейін естідік» деп еске алады ол.
Нәсілхан апай Талдықорғаннан, Түркістаннан, Нарынқолдан, т.б. өңірлерден келген он екі адамның басын қосып, «Он екі әже» тобын құрған. Ондағы мақсаты ұрпақ тәрбиелеуге көңіл бөлу, енді ғана еңсесін көтеріп келе жатқан ықшам ауданда салт-дәстүрлерді насихаттау, сол арқылы жас ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу. Мәдени мұраларымызды қайта жаңғырту үшін көненің көзін көрген апаларымыз бас қосты. «Қыз балалар қолөнермен айналысса еш уақытта жаман іске бет бұрмайды» дейді. Тұрахан Сәрсенбаева: «Үйде бос отырмайық, балаларға киіз үй жасап көрсетейік, үйретейік, ұлттық сана-сезімін оятып, қызықтырайық дегеніміз ғой» деп жалғастырды.
Аталған «Он екі әже» ауыл балала­рының бос уақытын жақсы өткізген. Алатау ауданы әкімдігі салынған орында бұрын футбол алаңы болған көрінеді. «Сол жер балалар үшін қауіпсіз әрі спорт жарыстарына таптырмайтын орын» дейді Нәсілхан Жетенқызы. 2006 жылы «Шаңырақ» ауылының балалары құрған команда Африкадағы жарыста 48 елдің ішінен екінші орын алып келіпті. Тәуелсіздік туын «Шаңырақ» жастары Африкада да желбіреткен екен.
2010 жылы №26 қазақ орта мектебінде он 1-сынып, 2011 жылы он үш 1-сынып болыпты. Тарихымызда болып көрмеген құбылыс! Сондықтан да болар Нәсілхан бастаған он екі әженің әрбір сөзінен жасөспірім балалардың тәрбиесі мен болашағы әрдайым толғандыратыны байқалып тұрады. Бұл тұрғыда Тұрахан Сәрсенбаева: «Балалар сыртта бос жүргенше, жақсы нәрсеге үйір боп өссін дейміз. Көбінесе қалтасы қалыңдар балаларына жағдайын жасайды ғой. Ал біздің ақшасы жоқ балаларымыз не істейді? Қайда барады? Біздің жасаған қамқорлығымыз осы болды. Жұмысымызбен танысқан соң, қызыққандары келіп, тоқымамызды да, кестемізді де үйреніп жатыр. Ал біз шамамыз келгенше қыз балаға барлық жақсы игіліктерді үйретіп жатырмыз. Ортамызға бір мұғалім қосылған еді. Ол тамақ жасауды үйретеді. Шағын клубымызда балаларды жақсы әдетке баулысақ деген ниеттеміз» деді.
«Әйгерім» ықшам ауданында «Он сегіз әже» тобы бар екен. Соған байланысты топтар арасында өзара бәсекелестік те байқалады. Біз мұны жаңа аудан өмірінен орын алған жаңа дәстүр деп есептеуіміз керек. Демек, қазақ әжелері жаңа ортада ұлт руханиятын дамытудың басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Сондықтан қоғамдағы мұндай игі бастамаларға мемлекет тарапынан немесе жекелеген азаматтар тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әзірге оларға өздерінің балалары қолдау көрсетіп отыр. Апалардың айтуынша, бірінің баласы көлікпен жеткізсе, бірі алып қайтады. Әрдайым көмектесіп, қолдау көрсетеді. «Өйткені мен оларды кішкентай кезінен бастап баратын жеріне жетектеп апарып жүріп өсіргенмін, – дейді Мақатай Дубекова. – Біздің ауылда мұндай қоғамдық жұмыстар 1987 жылдардан тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ешқандай қаржыландырусыз еңбек етіп жүргеніне ешкім ренжімейді. Қолы бос кезде, тіпті болмаса үзіліс кезінде келсе де біз балаларға ешқандай ренжімес­тен үйретеміз». Нәсілхан: «Біз әжелер ешқандай қиыншылыққа қарамай, жұмыс істей береміз. Егер әкімшілік жақсы бөлмелермен қамтамасыз етсе, біздің әжелер концерт залында қойылым қояр еді. Біз әжелердің жеке мектебінің іргетасын құрғымыз келеді. Осы аймақтағы мектептерден біздерге ұсыныс түскен болатын. Мектептерге барып, қыздар жиналысын ашып, «әжелер сабағы» деген тәлім-тәрбиелік мәні жоғары істер жасасақ деп ойлаймыз. Әжелер кеңесін ашып, тұрақты тәрбие сабақтарын өткізсек, ұлт тәрбиесіне кішкентай болса да үлес қосар едік» деді.
Расында да, Батысқа еліктеушілік ар­тып бара жатқан заманда ата-әжеле­рі­міздің осындай парасатты істері аса қажет. «Он екі әже» қоғам тәрбиесінде жаңа бастамаларды да көтергенін атаған жөн. Қыздар тәрбиесі қашан да өзекті мәселе. Апаларымыз әзірге ауданға жа­қын мектептерде жұмыс жүргізумен шектеліп жүр. Алматы сияқты үлкен қа­лада ұл-қыздарымызға ата-баба жолы, өсие­ті насихатталып жатса, нағыз ұлт тәр­биесінің қайнар бұлағы осы болмас па еді?
Қазіргі кезде он екі кісі адамның он екі мүшесіндей ынтымақты түрде жұмыс істеп келеді. Соның арқасында түрлі қоғамдық конкурстарда тек бірінші орынға ие болып жүр. Бұл туралы жоға­ры­дағы сөзін жалғастырған Тұрахан Сәр­сенбаева былай дейді: «Алғашында тап­сырмаларды орындағымыз келмеген. Ренжісіп қалған күндеріміз де болды. Бірақ кейін араға түсіністік орнады. Қазір бір-бірімізді сағынып, көрмесек тұра алмаймыз».
Мақатай Дубекова: «Ал енді қазір бір үйдің адамындаймыз. Бірі келмей қалса «Анау ауырып қалмады ма екен?», «Неге көрінбей кетті?» деп іздейміз. Мұндай ынтымақтастық қазақ ортасында жаңа өмір салтының сал­танат құрып келе жатқанын көрсетеді!
Ақ жаулықты аналардың еңбектері жанып, ұлт дәстүрін жаңғырту ісі жандана берсін деп тілейміз.
***
ТАРИХ АЙТУ ДӘСТҮРІ – тарихи таным деңгейін жаңа сатыға көтеретін бірден-бір зерттеу құралы. Батыс елдерінде осындай әлеуметтік тарихи зерттеулерді дамытуда мемлекеттік мүдделіліктің аса жоғары екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені өзіміз куә болғандай, аталған зерттеу методологиясы мемлекеттілік, ұлттық құндылықтарды сақтау, дамыту сияқты терең философияға негізделген.
Олай болса, тарихи-мәдени құнды­лықтарымызды ел ішін аралап жүріп, түгендеуге, тарихи жад естеліктерін мұрағаттауға жол ашатын, ғылымның дамуына жаңа серпін беретін бағыт – «Айтылған тарих» дәстүрін қоғам болып жаңғыртайық!

З.Мырзатаева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Айтылған тарих» маман даярлау және ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Дереккөз:anatili.kz

Пікір қалдыру