Бас редактор бағаны

Құрметті оқырман!

Ел анасы!

Қазіргі қоғам АНАҒА зәру! АНАНЫҢ аялы алақанына зәру! «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» Аналар бүгін бар ма? Бар болса қайда?! Ұрпағың азарда Анаң ардан безер. Ал бүгін ұрпағымыз азып барады дегенді көп естиміз. Сонда Ана деген ардақты атқа дақ түскені ме? АНА есімі бүкіл адамзатқа ортақ. Демек, Алланың бары қанша ақиқат болса, әр адам баласының да Анасының болары ақиқат! Адамға ауа қанша қажет болса, Ел болуда, ұрпақ өсіруде Ананың алар орныда сонымен тең!

«Ел Анасы» журналының да ұстанған бағыты осы болмақ. Күллі адамзаттың өміріне нұр сыйлаған Аналар ғұмырының жарқын жақтары мен тағдырының тәлімді тұстарын ұрпақ кәдесіне жарата білу.  Журнал аты айтып тұрғандай, Елге Ана бола білген жандарды дәріптеуді көздеп отыр. «Анаға, Анаға, тағыда Анаға, сосын барып әкеге құрмет», – деген ғой Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Олай болса,жұмақтың кілті табандарының астында дейтін, жүздеріне ақыл мен парасат, мейірім мен шапағат ұялаған  осынау абзал жандар жайлы біз не білеміз, әрі олар жайлы келер ұрпаққа не айта аламыз?

Қазақ даласы ерлік пен рухқа толы. Ол қашанда ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп өсірген. Ұлықты ұлдары ұлағатты ұрпақ әкелсе, қылықты қыздары қырық рулы елге билік айтар даналарға тәрбие бере білген. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы мен тал бесіктен басталар тәрбиенің негізі Аналардың аялы алақанынан, мейірімді жүректерінен басталары сөзсіз. Олай болса, «Ел Анасы»  – адамзаттың, азаматтың Анасы, Ұлт Анасының аялы алақаны болу үшін барша қазаққа қызмет етпек!

Құрметпен Мәдина Махамбетқызы